Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Несие шегеріле ме?

Несие шегеріле ме?

Коронавирус атты дүрбелеңнің дүлей дауылы күн өткен сайын күш алуда. Ел ішінде жұқпалы індет тіркелді дегеннен бері қара халық азық-түлік пен бетперденің қамын жасады. Ал Президент Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай жариялап, ірі сауда объектілерінің жұмыс істеуіне шектеу қойып, сауда ойын-сауық орталықтарының, кинотеатрлардың, театрлардың, көрмелердің және адам көп жиналатын басқа да объектілердің қызметін уақытша тоқтатуды тапсырды. Бұл шұғыл шараның негізгі мақсаты – дүниені дүрліктірген дертке дауа табу. Яғни жылдам жұғатын жұқпалы аурудың алдын алу. Алайда, төтенше жағдай жарияланып, мекемелердің жұмысы уақытша тоқтағанда қараша халық біраз әбігерге түсті. Көпшіліктің көңілі күпті болып, көкейінде «Несиені қалай төлейміз?» деген сауал туындады. Мұны ескерген мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев банктерге төтенше жағдай кезінде дағдарыстан зардап шеккен халықтың кредитін тоқтата тұруды тапсырды. Бұл орайда Қ.Тоқаев мемлекеттік комиссия отырысында «Мен банктердің жағдайға түсіністік танытады деп ойлаймын» деді.

Осынау жаңалықтан кейін жұртшылық бөркін аспанға лақтырып, үш ай кредит төлемейтін болдық деп қуанғаны да жасырын емес. Иә, шегерім шынымен жасалады, бірақ бәріне емес. Өйткені, еліміздегі әр банк әртүрлі шарттар мен талаптар қоюда. Бірі сәуір айының 15-не дейін десе, енді бірі үш айға дейін несиені шегеріп беруге ниет білдіруде. Демек шегерім шынымен жасалады, бірақ бәріне емес.
Осы орайда шегерім туралы да айта кетейік. Мұның жағымды тұсы сіздің несие тарихыңызды құртпайды. Сондай-ақ уақытылы төлемегеніңіз үшін өсім өспейді. Операторлар таң атқаннан, қара кешке дейін телефоныңызға хабарласпайды. Жалпақ тілмен айтқанда, сіз «жаман» клиент атанбайсыз. Олай болса отандық банктер карантин кезінде несиені қалай шегереді? Соған назар аударып көрелік.
Халық банкте кредиті барларға 16 н­аурыз бен 15 сәуір аралығында айыппұл мен өсімпұл қосылмайды. Жеке тұлғалар үшін шегерім бір айға, яғни 16 сәуірге дейін ғана беріледі. Бір ескеретіні бұл шегерім төтенше жағдайға дейін қарызы болмағандарға жасалады. Несиені шегеру үшін өтінім беріп, рұқсат аласыз. Сіздің өтінішіңізді қарап болғаннан кейін сізге хабарлама жолдайды. Өтінімді банк сайтына онлайн жібересіз. Кредит төлемі уақытша шегерім жасалатын болса, оны сайттан не мобайл қосымшадан көре аласыздар.
Халықтың несиесін шегеруді қолға алған келесі банк – Форте банк. Бір ерекшелігі, мұнда несиені үш айға дейін шегеру мүмкіндігі бар. Алайда, сіз карантиннің табысы табуыңызға кері әсерін тигізгенін дәлелдеуіңіз шарт. Мұнда да өтінім бересіз және шешім шыққанын күтесіз. Банк шарттарына сай тағы қосымша құжаттар сұратуы мүмкін. Жеке тұлғаларға да, кәсіпкерлерге де шарт бірдей қарастырылған.
Ал Сбербанк осы уақытқа дейін төлемді кешіктірмеген жеке тұлғаларға ғана шегерім жасайды. Айта кететін жайт, кредиттің төленіп бітетін уақыты кем дегенде 2020 жылдың 1 қазаны не одан да ұзақ болуы тиіс. Бұл дегеніміз жуық арада мерзімі бітетін несиелерге шегерім болмайтынын білдіреді.
Елдегі дүрбелеңге Жусан банк та қол сілтеп қарамады. Аталған банк клиенттері үшін карантин уағында бар жағдайды жасауға тырысуда. Алайда, Жусан банк 18 наурызға дейін рәсімделген кредиттерге ғана шегерім жасайды. Сондай-ақ күні кешіктірілген төлем болмауы тиіс. Шегерім жасалған сәттен бас­тап несие алушыларға айыппұл мен өсімпұл қосылмайды. Банк шегеруге келіссе, төлем көлемі қайта есептеледі. Кәсіпкерлер үш ай шегеруге рұқсат. Шегерім жасау үшін банкке баруға да, онлайн түрде тапсыруға да болады. Тек барлығын құжатпен растау қажет.
Төтенше жағдай кезінде клиенттерді қолдау мақсатында Каспи банк 2 сәуірден бастап шегерім жасауды қолға алады. Егер сіз несиені 18 наурызға дейін алсаңыз, оны үш айға дейін шегеруге мүмкіндігіңіз бар. Тағы бір ескеретін жайт, осы уақытқа дейін төлем күнін кешіктірген сәтіңіз болмау керек. Ол үшін ұялы телефондағы каспи қосымша арқылы өтінім бересіз. Сіздің сұранысыңыз 15 минуттың ішінде қаралады. Егер банк келіссе, шегерім уақытында айыппұл мен өсімпұл жүрмейді. Бірақ шегерім уақыты аяқталғанша жаңа несие ала алмайсыз. Айта кетейік, Каспи банкке өтініш қалдыру үшін ешқандай құжат талап етілмейді.
Иә, коронавирус қос бүйірден қысқанда қазақстандықтар ғана емес, жаһан жұрты дел-сал күйде қалды. Бірақ мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан осындай қолдаулардың өзі дәтке қуат. Сол себепті байбаламға салынбаған абзал. Ең бастысы, сақтық шараларын қатаң қадағалап, ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын қарастырайық.

Маржан
ҚҰРМАНҒАЛИЕВА


31 наурыз 2020 ж. 354 0