Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Аймақ әлеуеті артып келеді

Аймақ әлеуеті артып келеді

Сәрсенбі күні Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрында облыс әкімі Қуанышбек Ысқақовтың халық алдындағы алғашқы есепті кездесуі өтті. Кездесуде аймақ басшысы облыстың 2019 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен алдағы міндеттерді баяндады.

ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Ұлан Сарқұлов, жергілікті атқарушы органдар, мәслихат депутаттары, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдар, еңбек ұжымдары мен БАҚ өкілдері, тұрғындар қатысқан кездесуде облыстың жетістіктері жан-жақты сараланды. Өткен жылы жұртшылықтан түскен ұсыныс-пікірлердің орындалуы бейне-көрсетілім арқылы жеткізілді.
Облыс басшысы есепті кездесуде баяндаған Шиелі ауданына қатысты мәселелерді ықшамдап жеткізуді жөн көрдік.
Аймақта шикізаттық емес экспорт көлемі 19 пайызға артқанын сөзіне арқау еткен Қ.Ысқақов:
– 2018 жылдың желтоқсан айында пайдалануға берілген тампонажды цемент өндіру зауыты цементтің 6 түрін шығарады. Және көршілес өңірлерге ғана емес, 2019 жылдың шілдесінен бастап экспортқа шығаруда. Мәселен, өткен жылы Өзбекстанға 40 мың тоннадан астам цемент жіберілді. Ал қара тақтатасты автоклавты қайта өңдеу бойынша жоба іске асырылып жатқан «Баласауысқандық» ванадий кен орнынан жыл сайын Ресей мен Ұлыбританияға 200 тоннадан астам амоний метаванадаты экспортталуда. 2020 жылы жалпы құны 408 млрд теңгеден асатын тағы да 10 ірі жобаны іске асыруды жоспарлап отырмыз. Оның ішінде шыны зауыты да бар, – деді. Сондай-ақ ол өңдеу өнеркәсібін ұлғайта отырып, мұнайға тәуелділікті төмендетуге болатынын, алайда, бұл бір жылда шешілетін мәселе еместігін де жеткізді.
Өткен жылы көршілес Жаңақорған ауданында 1000 басқа арналған мал бордақылауға арналған алаң ашылған болатын. Бұл жоба биыл біздің ауданда жалғасын таппақ. Атап айтар болсақ, жыл соңына дейін Шиелі ауданы мен Қызылорда қаласында 1300 басқа арналған тағы да 2 мал бордақылау алаңы іске қосылады. Сондай-ақ аймақ басшысы Шиеліде 1200 басқа арналған сүт тауарлы фермасын соғу жалғасып жатқанын хабарлады. Одан бөлек Қ.Досмайылұлы:
– Бізде бақша шаруашылығын, атап айтқанда алма бақтар мен жүзімдіктерді дамыту бойынша да жақсы мүмкіндіктер бар. Бұрынғы жылдары өздеріңіз білесіздер, Жаңақорған мен Шиелі аудандары өздерінің бау-бақшаларымен танымал болатын. Сондықтан біз осы бағытты қайта қолға алуымыз қажет. Бұл өз кезегінде табысты бизнесті дамытуға да мүмкіндік береді. Ал оған мемлекеттік қолдаулар қарастырылып отыр. 2019 жылы әкімдерге тапсырма беріліп, 80 гектар жерге жеміс ағаштары егілген болатын. Бұл әрине, жеткіліксіз. Әр аудан және Қызылорда қаласы жыл сайын кемінде 10 гектар жеміс ағашын отырғызуы тиіс деп есептеймін, – деді.
«Шиелі, Қармақшы, Жаңақорған, Қазалы аудандары суармалы судың жетіспеушілігінен зардан шегіп, бұл өз кезегінде ауыл шаруашылығының дамуын тежеп отыр. Бұл жылда қайталанатын мәселе». Осылай деген облыс әкімі үкімет алдында Қараөзек және Күміскеткен су қоймаларын салуды көтеріп отырғанын жеткізді.
Сонымен қатар Қ.Ысқақов биылғы жылы ауданға қарасты Байсын, Ш.Қодаманов, Н.Бекежанов, Алғабас, елді мекендерін газдандыру жұмысы басталғалы жатқанын баяндады.
Жиын соңында Шиелі ауданының тұрғыны, зейнеткер Қалдыбай Сүгірбай облыс әкіміне:
– Біздің аудан тұрғындарын толғандырып жүрген бір мәселе бар. Жеке көліктер көбейген сайын теміржолдан өту қиындап барады. Соған байланысты теміржол үстінен көпір салу жұмысын жеделдетуге көмек берсеңіз екен, – деген өтініш-тілегін айтты.
– Бұл мәселе бірнеше жылдан бері көтеріліп келеді. Шиелі ауданы әкімінің есебіне барған кезде де осы сұрақ қойылған болатын. Шиелі ауданы бойынша теміржолдың үстінен салынатын аспалы көпірдің жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалды. Қазіргі кезде жұмыс атқарылуда, – деп жауап берді аймақ басшысы.
Облыс әкімінің халық алдындағы есеп беру кездесуінде Call-орталыққа келіп түскен сауалдар легі де аз емес. Солардың ішінде тұрғын үй мәселесіне қатысты – 2, жұмыспен қамту және әлеуметтік қамсыздандыру бойынша – 3, білім саласына байланысты – 1, денсаулық саласына қатысты – 5, кәсіпкерлік саласы бойынша – 3, ауыл шаруашылық мәселесі бойынша – 5, жер мәселесі жөнінде – 1, басқа да мәселелер бойынша –19, барлығы 224 сауал келіп түскен.
Есепті кездесуде мұнан өзге де бірқатар сұраққа жауап берілді. Сондай-ақ жолданған әрбір сауал жауапсыз қалмайтыны айтылды.

Гүлхан ЯХИЯ

22 ақпан 2020 ж. 352 0