Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Токиоға баруы мүмкін спортшылар

Токиоға баруы мүмкін спортшылар

article-3435-1540226553-1.jpg2020 жылы Жапония астанасында төрт жылдықтың басты додасы ХХХII жазғы Олимпиада ойындары өтеді. Осы орайда, Қазақстанда қаншама жолдама жеңіп алғанын және алдағы уақытта тағы жолдамадан үмітті екенін талдап көрмекшіміз деп хабарлайды baq.kz 
2019 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан 4 жылдың басты додасына 14 спорт түрінен 27 жолдама жеңіп алды.
Олар: Ришат Хайбуллин (спорттық құзға өрмелеу), Дмитрий Баландин (100,200 метрге брасс әдісімен жүзу), Ольга Рыпакова, Георгий Шейко (жеңіл атлетика), Евгений Гидич (велоспорт), классикалық түрде садақ атудан Қазақстан ерлер командасы (Денис Ганькин, Ильфа Абдуллин, Санжар Мұсаев) және Виталий Худяков (ашық суда жүзу), Юрий Юрков (нысана көздеу), Сәрсенкүл Рысбекова (стенд ату), Екатерина және Александра Немич (синхронды жүзу), Милад Карими (спорттық гимнастика), Валентина Исламова, Элмира Сыздықова (әйелдер күресі), Асхат Ділмұхамедов, Мейрамбек Айнағұлов (грек-рим күресі), Нұрислам Санаев, Дәулет Ниязбеков, Данияр Қайсанов, Әлішер Ерғали (еркін күрес), Елена Потапенко мен Павел Ильяшенко (қазіргі бессайыс).
Биылғы жылы – Олимпиада ойындары алдындағы жыл. Сондықтан өте маңызды. Қазіргі кезде спортшылар олимпиадалық лицензиялар жеңіп алуды жалғастырып жатыр. Сөзсіз, кәсіби спортты дамыту бұқаралық спорт түрінен басталады. Еліміздің президенті соған сай тапсырма берді. Қазіргі кезде Мәдениет және спорт министрлігі бұқаралық спорт түрлері дамытуға байланысты заңға өзгеріс енгізіп жатыр. Токио-2020 Олимпиадасы бойынша басшылық нақты тапсырма қойды: яғни 100 жолдамадан кем болмауы тиіс. Қазіргі кезде бізде 14 спорт түрінен 27 лицензия бар. Дегенмен, лицензиялардың көбісі 2020 жылы сарапқа салынады, – дейді Ұлттық Олимпиада комитетінің төрағасы Тимур Құлыбаев.
Қазақстан Токио Олимпиадасында 100 жолдамадан асыруға үмітті. Жақында бұл туралы Мәдениет және спорт министрлігі спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сәпиевтің өзі айтты.
Рио Олимпиадасындағы жолдамадан кем түспейміз деп ойлаймын. 2016 жылы 104 лицензияға қол жеткіздік. Токиоға да кемі 100 лицензия бұйырады деп ойлаймын. Келесі жылы бірнеше лицензиялық жарыстар өтеді. Басты үміт артатын спортшыларымыз Риода медаль алғандар болмақ. Мәселен, қазірдің өзінде Ольга Рыпакова мен Дмитрий Баландинде лицензия бар. Олардың көрсеткіштері жақсы екенін қазір түсініп отырмыз. Күрестен әлем чемпионатының қорытындысын жасадық. Сол біріншілікте медаль алғандардан да жүлде күтеміз. Бокстан лицензиялық әлем чемпионаты келесі жылы ақпанда өтеді. Нақты есімін ата десеңіздер, күрес түрлерінен Нұрислам Санаев пен Мейрамбек Айнағұлов қазір өз бабында. Спорттық құзға өрмелеуден Ришат Хайбуллин де жақсы нәтиже көрсетті, – деді Серік Сәпиев.

Дзюдодан алғашқы алтын бұйыра ма?
Дзюдо спорты - ең алғаш Олимпиада ойындарының бағдарламасына 1964 жылы енген екен. Араға 56 жылы салып, Токио қаласында тағы да Олимпиада өтеді. Оның үстіне келесі жылы дзюдоға 130 жыл толады. Өздеріңізге белгілі, жылдан-жылға күрестің бұл түрін серік еткен қыз-жігіттердің саны артып, әлемнің түкпір-түкпірінде орталықтар ашылып жатыр. Сондықтан Олимпиада ойындарында жүлде алу оңайға соқпайды.
2020 жылы Жапониядағы төртжылдықтың басты жарысында дзюдо күресі бойынша жалпы саны 386 балуан белдеседі. Лицензиялық жарыстар 2018 жылы басталып кеткен. Дзюдода басты ерекшелік: балуандардың босаңдық танытуына мүмкіндік жоқ. Өйткені, Олимпиадаға рейтингі жоғары спортшының ғана жолы түседі.

Дзюдодан ұлттық құраманың бас бапкері Айдын Смағұлов Олимпиада комитетінің баспасөз қызметіне берген сұхбатында келесі жылға жоспар қалай болып жатқанын баяндаған еді.
2020 жылы күресетін құрам толығымен жасақталып тұр. Біз жастарға да, жасөспірімдерге де мүмкіндік береміз. Жасөспірімдерден 60, 66 келіде жақсы спортшылар өсіп келеді. Егер олар ірі жарыстарда көзге түсіп, жақсы бәсекелестік тудыра алса, оларды да қатарға қосамыз. 2020 жыл біздің команда үшін Австриядағы халықаралық оқу-жаттығу жиынынан басталады. 6-16 қаңтар аралығында әлемдегі 500-ден аса спортшылар бас қосып, жаттығу жиынын өткізеді. Израильде турнир өтеді. Аталған сынға рейтингте төменгі орында келе жатқан спортшыларға мүмкіндік береміз. Францияда өтетін Гранд-слам турниріне бірінші нөмірлі балуандарымыз түгел қатысады. Өйткені, бұл әлемдегі ең мықты жарыстардың бірі. Дюссельдорфтағы гран-при турниріне ұпайы аз спортшыларды жібереміз, ал Мароккодағы турнирде негізгі құрам күреседі. Лицензия иелену үшін ұпайы жетпей жатқан жігіттер Екатеринбургте сынға түседі. Грузия мен Түркиядағы турнирлерге негізінен жастарды апарамыз. Кейін Азия чемпионатының жалауы желбірейді. Оған балуандарымыз түгел қатысады. Содан кейінгі Masters турнирінде жігіттер бар күшін пайдаланып, ұпай алуы тиіс. Себебі, олимпиадаға іріктеу кезеңі осы жарыспен жабылады. Бұл турнирлер арасында оқу-жаттығу жиындары бар. Ал Токио Олимпиадасы қарсаңында екі ай үзіліс алып, дайындық жүргіземіз, - дейді бас бапкер.
Тарихи медаль және жолдама
Келесі жылы спорттық құзға өрмелеуден Токиода алғаш рет Олимпиада жүлдесі таратылады. Биылғы Ришат Хайбуллин әлем чемпионатында тарихи медальді сыйлады. Біріншіден, бұл жүлде көпсайыстан бұйырды, екіншіден, оның көрсеткіші Олимпиада жолдамасын жеңіп алуға жеткілікті болды. Әлем чемпионаты Жапонияның Хатиодзи қаласында өтті.
Чемпионатқа әлем кубогында ең көп ұпай жинаған 20 спортшы қатысты. Финалға жолдама алған жеті спортшы Олимпиада нормативін орындады. Ал бір лицензия автоматты түрде олимпиада қожайыны саналатын Жапония спортшысына беріледі.

Ришаттың көпсайыстан алғашқы жиырмалыққа енетініне сенімді болдым. Хайбуллин 20 спортшының арасына 14-ші нәтижемен өтті. Сондай-ақ, іріктеуге 39 елден 83 спортшы қатысқан болатын. Келесі кезеңге өткен спортшылардың аяқ алысын бақылаған соң, Ришаттың Олимпиада нормативін орындау мүмкіндігі бар екенін түсіндік. Ришат "жылдамдық" бойынша Қазақстанның жаңа рекордын орнатты – 5, 863 секунд. Бұл оның жоғары көтерілуіне мүмкіндік берді, – дейді команданың бас бапкері Сәуле Ысқақова.
2020 жылы бірнеше дода күтіп тұр
Келесі жылы Қазақстан спортшыларын қаншама жарыстар күтіп тұр. Бокстан, күрес, ауыр атлетикадан жолдамалар беріледі. Сондай-ақ, жеңіл атлетика, көркем гимнастика, каратэ, таэквондо, ескек есу, велоспорт тағы басқа спорт түрлерінен жолдама алуға мүмкіндік бар.



29 желтоқсан 2019 ж. 521 0