«Президент шешім қабылдайды»: ел азаматтары зейнетақы жинағына баспана сатып алуы мүмкін
Қазір 9 миллион 600 мың салымшысы бар бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына 10 триллион теңге жиналған.
Тұрғын үй сатып алу үшін зейнетақы жинақтарын пайдалану туралы жоба жақын арада президентке ұсынылатын болады. Бұл туралы Үкіметте өткен брифинг барысында вице-премьер Бердібек Сапарбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Сапарбаевтың айтуынша, Үкімет жанынан құрылған жұмыс тобы зейнетақы жинағын пайдалануға қатысты ұсыныстар әзірлеп, тиісті есептеулер жүргізген. Әрбір қазақстандықтың есепшотында қанша ақша бары, азаматтардың орташа өмір сүру жасы және зейнетке шыққаннан кейін ол адамның шамамен қанша жыл өмір сүретіні ескерілген.
«Біз таяуда ұсыныстарды президент әкімшілігіне береміз. Президент шешім қабылдайды», - деді Бердібек Сапарбаев.
Оның айтуынша, қазір 9 миллион 600 мың салымшысы бар бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына 10 триллион теңге жиналған.
«Бір салымшыға есептегенде, орта есеппен 1 миллион теңгеден келеді. Біздің есебіміз бойынша, ертең ол азамат зейнетке шыққанда жақсы өмір сүруі үшін ең кем дегенде 11-12 миллион теңге жинағы болуы тиіс. Біз оның бәрін есептеп қойдық. Мемлекет басшысы қандай шешім қабылдайды, содан кейін біз оны жүзеге асырамыз», - деді ол.