Қазақстанда қанша қытай жұмыс істейді?
Нұрымбетов шетелдік жұмысшылар арасында қытайлықтардың үлесі көбірек екенін мойындап отыр, бірақ, айтуынша, олардың саны жылдан-жылға азайып келеді деп хабарлайды sputniknews.kz
Қазір Қазақстанда 21 300 шетелдік жұмысшы еңбек етеді, соның 4300-і – қытайлықтар. Бұл туралы бүгін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Бүгінде 21 300 шетелдік маман жұмыс істеп жүрсе, соның 4300-і – қытайлықтар. Иә, үлесі басқаларға қарағанда көбірек. Бірақ, егер соңғы төрт жылмен салыстырсақ, 2016 жылы 12-13 мыңдай қытайлық еңбек етті, одан кейін 9 мың, 6 мың болды. Қазір – 4300. Сондықтан ресми рұқсаттама бойынша істеп жатқан қытайлық жұмысшылар саны азайып келеді", - деді Нұрымбетов үкімет кулуарында.
Айтуынша, шетелдік жұмысшылар ең көп құрылыс және тау-кен өндіру саласына тартылған.
Министрлік бас прокуратураның бастамасымен шетелдік жұмысшылар тартылған ірі кәсіпорындарды тексеріп шыққан.
"Бірінші кезеңде 50-ден аса шетелдік жұмыс күшін тартатын 63 ірі компанияны тексердік. Нәтижесінде, еңбек заңнамасын бұзудың 700-ге жуық фактісі анықталды. Өкінішке қарай, 24 компанияда шетелдік және отандық мамандардың жалақысы мен тұрмыстық жағдайында айырмашылық айқындалды. Осындай 400 факті тіркелді", - деді ведомство басшысы.
Екінші кезеңде отыздан аса шетелдік жұмысшы істейтін 34 мекеме тексеріліп жатыр. Нұрымбетовтің сөзінше, 14 компанияның тексерісі аяқталды. Төрт кәсіпорында қазақстандық мамандар шетелдіктерден аз жалақы алған.
Министр тексеріс жалғасып жатқанын айтты.
"Өскен өңір" ақпарат