ЕАЭО елдерінде ортақ валюта бола ма: Досаевтың жауабы
BAQ.KZ. Бұгін Мәжілістің жалпы отырысынан кейін тілшілерге ҚР ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев ЕАЭО елдері арасында ортақ валюта енгізуге қатысты пікір білдірді.
Ұлттық банк төрағасы ЕАЭО құрудағы басты мақсат валюталық емес, экономикалық одақ құру болатын деп отыр.
Осы ортақ валюта туралы сұрақ әдейі әртүрлі формада ара-тұра қойылып отырады. Келісімде экономикалық одақты құру идеясы негіз болғаны нақты көрсетілген, яғни валюталық одақты құру мүлдем қарастырылмаған. ЕАЭО-ның әр қатысушысы қаржылық суверенитетті сақтайды, - деді Ерболат Досаев.
Оның айтуынша, экономикалық одаққа мүше бес ел ақша-несиелік саясаты мәселелерін дербес шешеді. Бір-біріне тәуелді емес.
Тұтас қаржылық тәуелсіздік Еуразиялық экономикалық одақтың әрбір қатысушысында жекелей сақталады. Ұлттық банк қаржы нарығын реттеуші ретінде ақша-несие саясатын жүргізуге, қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуге, дағдарысқа қарсы қажетті шаралар қабылдау саласында өкілеттікті толығымен өзіне қалдырады, - дейді еліміздің бас банкирі.