Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлттық банк қара тізімге қатысты түсініктеме берді

Ұлттық банк қара тізімге қатысты түсініктеме берді

BAQ.KZ. ҚР Ұлттық банк төрағасының орынбасары Олег Смоляков халық арасында айтылып жүрген қара тізім жайлы айтты.

«Ешқандай «қара тізім» деген жоқ. Жеке тұлғалардың берешегін үшінші тарап өтейді. Яғни, бұл жағымсыз фактор саналмайды. Бұл үшінші тараптың өтеуі, сәйкесінше бұл – бейтарап ақпарат. Ол болашақта осы азаматтардың несие алуына жағымсыз жағынан әсер етпейді», - деді Олег Смоляков ОКҚ брифингі барысында.

ҚР Ұлттық банк төрағасының орынбасарының мәліметінше, қазір 507 363 Қазақстан азаматының кепілсіз тұтынушылық несиелерінің берешегі өтелген. Бұған 105 млрд 174,6 млн теңге жұмсалған. Оның айтуынша, несиелер қарызы кезек-кезекпен өтеледі.

Бұған дейін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова халықтың «Мен неге тізімде жоқпын?» деген сұрағына жауап берген болатын.

Атап өтсек, 26 маусым күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасы азаматтарының борыш жүктемесін азайту шаралары туралы» Жарлыққа қол қойғанболатын. Жарлыққа сәйкес банктер мен микроқаржы ұйымдарында кепілсіз тұтынушылық қарыздары бар 5 санаттағы азаматтар үшін бір реттік акция тәртібінде мемлекет жалпы көлемі 300 мың теңгеге дейін негізгі борышты және ол бойынша есептелген өтемақыны төлейді. 300 мың теңгеден асатын қарызы барлар 300 мың теңге көлемінде қарызының бір бөлігін өтейді. Бұл ретте, олардың жалпы қарызы биылғы жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша 3 миллион теңгеден аспауы тиіс.
09 қыркүйек 2019 ж. 941 0