Медициналық сақтандыру: қызмет сапасын арттырды
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру – халықтың денсаулығын қорғайтын мемлекеттік жүйе. Бұл Қазақстанның барлық сақтандырған азаматтың жынысына, жасына, әлеуметтік жағдайына, тұрғылықты жеріне және табысына қарамастан медициналық, дәрілік көмекке тең қолжетімділікті жасауға кепілдік береді.
Еліміз озық елдердің тәжірибесін ескере келе, Елбасының «100 нақты қадам» институционалдық реформасының 80-қадамын жүзеге асыру мақсатында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізген еді. Бұл жүйе жұмыс беруші мен азаматтар арасындағы ортақ жауапкершілік принципі бойынша жұмыс істейді. Себебі, экономика қанша дамыса да, бүкіл денсаулық сақтау саласының мәселесін бюджеттің мойнына іліп, жауапкершілікті үкіметке қаратып қоюға болмайды. Өйткені, азаматтардың денсаулығы тек медицинаға ғана байланысты емес. Ол азаматтардың өмір сүру салтына, жұмыс істейтін жеріне және әр адамның жеке жауапкершілігіне тәуелді.
Міндетті медициналық сақтандыруды екіге бөліп қарастырар болсақ, оның біріншісі – негізгі сақтандыру түрі. Бұл сақтандыру түріне мемлекеттік бюджеттен тегін көрсетілетін медициналық қызметтер кіреді. Ол еліміздің барлық азаматтарына қолжетімді болады. Мемлекет өз міндетіне медициналық қызметтердің бірнеше түрін алады. Мысалы, жедел жәрдем қызметін, санитарлық авиацияны, әлеуметтік маңызы бар ауруларға ем көрсетуді, төтенше жағдайда көмек көрсетуді және алдын алу шараларына қатысты екпені өз міндетіне алады. Ал екінші түрі – міндетті әлеуметтік сақтандыру аясында қаржыландырылатын сақтандыру. Бұл негізгі сақтандыруға кірмеген басқа да медициналық қызмет түрін қамтитын сақтандыру болады. Оған амбулаторлық-емханалық көмектер, ауруханада жатып емделу, жоғары технологиялық көмектер кіреді. Сақтандырудың осы түрі міндетті сақтандыру жүйесіне тіркелген азаматтар үшін қолжетімді болады. Өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған адамдарға 2020 жылға дейін амбулаторлық-емханалық қызметті бюджет есебінен тегін көрсету де қарастырылған. Сондай-ақ Заңға сәйкес азаматтар жеке басына арналған, өз қаражаты негізінде немесе жұмыс берушінің қаражатына жасалатын сақтандыру түрлерін де жасай алады.
Мемлекет Заңға сәйкес халықтың бірнеше топтары үшін жеңілдіктер жасап отыр. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жарнасын төлеуден азаматтардың 15 санаты босатылған. Оның ішіндегі 12-сі әлеуметтік тұрғыдан осал топтар саналады. Яғни қорға салатын қаражаты жоқ жандарға мемлекет ақша төлейді. Мысалы, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері, «Батыр Ана» атағын алғандар, сонымен қатар I және II дәрежелі «Ана даңқы» орденімен марапатталған көпбалалы аналар мен ҰОС ардагерлері және мүгедектерге мемлекет тарапынан төлемдер жасалады. Сонымен қатар жұмыссыз жүкті әйелдер мен зейнеткерлер және жұмыссыз ретінде тіркелген тағы басқа азаматқа да жеңілдік қарастырылған. Айта кету керек, МӘМС аясында көрсетілетін медициналық көмектің көлемі қорға төленетін жарна көлеміне тәуелді емес. Ең бастысы жарна уақытылы әрі төленіп тұрса болғаны.
Жүйеге қатысты жауапты болып бекітілген Салтанат Қалекееваның айтуынша, аудан бойынша биылғы жылдың бірінші тоқсанында 4 млн 297 мың 576 теңге жарна жиналған. Ал жұмысты қажет ететін 11 105 адамның 7997 қамтамасыз етіліп 72% орындалғандығын алға тартты. Осыған сәйкес, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына төленетін жарналар мен аударымдар 5 түрлі форматпен жүргізіледі. Олар әлеуметтік қорғалмаған азаматтарға мемлекеттің жарнасы, жұмыс берушінің әрбір жұмысшыға аударатын аударымы, жұмыскер мен жеке кәсіпкердің жарнасы, сондай-ақ белсенді емес тұрғындар қарастырылған. Биылғы жылдың 9 айында 1344 адам жоспарланып, бүгінгі күнге 711 адамға төленіп, 52,9 пайызын құрап отыр. Сондай-ақ кент және ауылдық округ бөлінісіндегі жоспар бекітіліп, бүгінгі күнге 63 азаматқа біріңғай жиынтық төлем жасалынды. Аудан бойынша МӘМС жөнінде Бидайкөл елді мекенінде «Медицина жанымызда» облыстық акциясы өтті. Сонымен қатар туберкулезге қарсы айлық аясында Ш.Қодаманов елді мекеніне қарасты №158 мектепте акция өткізілді. №45 Ақ-Орда мектеп гимназиясында «Дүниежүзілік денсаулық күні» қарсаңында шара өтіп, түсіндірме жұмыс өткізуде.
Бір жағынан осы жүйе арқылы жеке меншік аурухана мен мемлекеттік аурухана арасында бәсекелестік орнайтыны рас. Себебі, медициналық сақтандыруы бар азамат медициналық мекемені таңдай алады. Тек сол мекеме МӘМС жүйесінде жұмыс істеуі қажет. Осы арқылы жеке меншік аурухананың қызмет көрсету деңгейі жоғары болса, мемлекеттік аурухана да емделуші келу үшін қызмет сапасын арттыратын болады.
Жұлдызай Ноғайбайқызы