Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Елордада шетелде тұратын қандастарымыздың балаларына арналған жазғы мектеп ашылды

Елордада шетелде тұратын қандастарымыздың балаларына арналған жазғы мектеп ашылды


Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Шетелде тұратын этникалық қазақ оқушылары үшін Нұр-Сұлтан қаласында алғаш рет «Ұлы дала ұрпағы» жазғы мектебі жұмысын бастады. Мектептің ашылу салтанатына Білім және ғылым министрі Асxат Аймағамбетов қатысып, жеткіншектерге жылы лебізін білдірді, деп хабарлайды ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі.

«Шет елдерде жүрген бауырларымыз – біздің баға жетпес бай қазынамыз! «Ұлы дала ұрпағы» жазғы мектебін ұйымдастыруымыздағы негізгі мақсатымыз да жастардың түп қазығын танып, тамырын ата-жұртында жаюына үлес қосу. Сәйкесінше жазғы мектептің жұмысы қандастарымыздың тарихи Отанымен байланыстарын нығайтып, xалқымыздың салт-дәстүрін танып, ана тілін, ел тарихын зерделеуге жағдай жасауға бағытталған. Бауырларымызды атажұрттың бүгінгі келбетімен танысып, туған жерге деген сағыныш сезімдерін бассын деген үмітпен жинап отырмыз. Әлемнің 7 елінен келген қандастарымыз үшін ашылған жазғы мектеп жоба қатысушыларының көңілдерінен шығады деген үміттеміз», - деді Білім және ғылым министрі өз сөзінде.


«Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы және «Отандастар Қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамымен бірлесе ұйымдастырған жазғы мектеп 10-24 шілде аралығында жұмыс істейтін болады. Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігімен қатар Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, «Қазақ елі» шетелде тұратын этникалық қазақ жастары клубы және «Generation Next» ақпараттық порталы жазғы мектепті өткізуге қолдау білдіріп отыр.


Жазғы мектепте Иран Ислам Республикасы, Ресей Федерациясы, Монғолия, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түркіменстанда тұратын қазақ диаспорасынан 12-17 жас аралығындағы 150 оқушы жиналып отыр. Жазғы мектеп бағдарламасы шеңберінде Қазақстан тарихы және қазақ тілі пәндері оқытылып, ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін музыка, домбыра, қолөнер үйірмелері арқылы ұлттық жәдігерлеріміз зерделенетін болады. Сондай-ақ, оқушылар үшін Нұр-Сұлтан қаласының мәдени нысандары мен «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи саябағына танымдық экскурсиялар ұйымдастырылады деп күтілуде.
11 шілде 2019 ж. 750 0