"Жұлдыз FM" радиосы – 4 жаста
Халықтың сүйіктісіне айналған Жұлдыз FM радиосының өз жұмысын бастағанына 4 жыл толды. Осыған орай бүгін таңғы 8-ден түнгі 12-ге дейін радиомарафон өтуде. Ұжымды құттықтап келіп жатқан радионың тұрақты тыңдармандары мен эстрада жұлдыздарының қарасы көп. Таңғы сегізден тікелей эфирде туған күнді тойлауды бастап кеткен әріптестерімізді алғаш болып "Алаш айнасы" порталының бас редакторы Серік Жанболат пен біздің редакцияның бас редакторы Ербол Молдажанов құттықтап, студияда қонақ болып қайтты.Марат Омаров, "Өнер қырандары" театры, "Жігіттер" квартеті және топтың продюсері Ерғали Әбдірайымов, Мөлдір Әуелбекова, Ерлан мен Баян, Руфат Маратұлы, Дәурен Сейітжанов сияқты өнер жұлдыздары түс мезгіліне дейін қонақта болды. Тыңдарманға өзіндік әзілдерімен керемет көңіл күй сыйлайтын "Қазақтың қарапайым жігіті" Жасұлан Қали ұжымға алғаш келген шақтағы естеліктермен. Радиоға шақырту арқылы келдім. Алғашында мені жаңалықтар қызметіне алғысы келді. Басшылар дауысымды ұнатқаннан кейін, бастапқыда "Сәлем саған туған ел" бағдарламасын жүргізіп жүрдім. Уақыт өте "Таңғы шоудың", "Кешкі шоудың" тізгіншісіне айналдым. – Осыдан 4 жыл бұрын Жұлдыз ФМ радиосының ашылуына Батыр Қазыбаев пен Мадина Өмірбекова бастама жасап, тек қазақ тілінде қызмет атқаратын радио құрамыз дегенде бизнес саласындағы азаматтар күмән келтірген екен. Себебі, ол кезеңде қазақтілді радиолар мүлде болмады және сұраныс та аз еді. Жұлдыз ФМ осы жүйені бұзып, бүгінде өз тыңдарманымен қауышты. Құрылғаннан бері радио ұжымы бірнеше байқауда жүлде алды. Биыл "Үркер" ұлттық байқауында жеңімпаз атандық. Шынымды айтсам, жүлде алған жақсы, бірақ оның құны тыңдармандардың жылы лебізінің жанында түкке де татымайды, - деді Жасұлан Қали. Түс ауа студияға Жасұлан мырза тілге тиек еткен радионың тұрақты тыңдармандары және тағы бірнеше жұлдыздар келді. Қонаққа құр алақан бармайтын нағыз қазақ Жігер Ауыпбаев екен, нәзік жанды Наргизге қонжық сыйласа , Жәкеңе шапан жапты. Қонақкәде ретінде романтик жігіттердің алты ішекті аспабымен тамылжыта ән салып берді. Жігермен бірге қонақ болған Райым Уайыс және Айбар Серкебаев да дуэт боп ән шырқады.
Қазақ эстрадасында өзіндік орны бар үш азамат эстафетаны Еркін Нұржан, Мұқасан Шахзадаев, Мақсат Базарбаев және Роза Әлқожа сияқты әншілерге табыстады. Орта буынның сүйікті әншілеріне айналған бұл төртеу қосылып ән салғанда қазақы қоңыр үн студияны тербеп тұрғандай сезілді.
Эфирден шыққан қонақтардың арасынан Еркін Нұржанға 1-2 сұрақ қойып үлгердік. – Жұлдыз ФМ радиосы өз жұмысын алғаш бастаған уақыттан бастап мен оның тұрақты тыңдарманы айналдым. Қазақ өнерін алға бастап жүрген әр қазақтың әні осы 101,4 әуе толқынында шырқалып жатыр. Сол үшін бұл радионы жаныма жақын тартамын. Жоғарыда радиостудияда тыңдармандар қонақ болды дедік. Өз өнімдерінің тұтынушыларымен әрқашан белсенді байланысатын Жұлдыз ФМ ұжымына тыңдарман тарапынан ерекше сыйлық ұсынылды. Бүгінгі эфир үшін арнайы Ақтаудан ат терлетіп келген Махамбет Қалиев өзімен бірге тарихи жәдігер ала келіпті.
Massaget.kz