Балабидегі мектеп қалай салынды?
Мектеп – бүлдіршіндерді білім нұрымен сусындататын киелі шаңырақ ретінде есептелсе, ұстаз – оның жүрегі іспетті. Қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге арнап, ол үшін аянбай еңбек еткен жандар қаншама. Өкінішке орай, тарих толқыны оларды бізден алыстатып, ұмыт қалдыра береді. Сол себепті, білім беру жолында тер төгіп, талай қиыншылықты жеңе біліп, Балаби ауылындағы №50 Абай атындағы мектептің негізін қалаған Пахретдин Аширов жайында сөз өрбітпекпіз.Шиелі кентінің тұрғыны, сексеннің сеңгірінен асқан Мұхтар қажы Шәймерденұлының анасы Бибіхадиша Үмбетқызынан естіген естелігіне сүйенсек, Пахретдин Әбілқасымұлы 1919 жылы Балаби ауылында дүниеге келген. Ерте есейіп, ақыл тоқтатқан бозбала 1937 жылы, яғни 18 жасында туған ауылынан мектеп қабырғасын қалайды. Ол кезде ауыл мектебі 7 жылдық болатын. Сондай-ақ, осы тұста Пахретдин комсомол комитетінің секретары қызметін қоса атқарған екен.
Аталмыш мектептің құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқанда, екінші жабуға ағаштар жетіспей қалады. Ал, қол ұшын беруін өтініп, райкомның есігін қаққанда, басшысы «Ағаш жоқ емес бар, «Оқшы ата» мешітін бұзып, ағашын алыңдар», – деп мектептің құрылысын тез арада бітіруді тапсырыпты. Әрине, «Бисмилла» дегенді қырып, жүрегінде «Құдай жоқ» деп АТЕИЗМ оты жанып тұрған шақта мешіт кімге керек дейсіз?
Бірақ, «Бір Алла» деген қазақ халқы құдайын қалай ұмытсын. Басшыдан мешіт бұзу туралы тапсырма алған Пахретдиннің салы суға кетеді. Аса қамқор, ерекше мейірімділігімен қатар Алланың «Қаһар» деген сипаты да бар ғой. Алланың үйін бұзу кімге оңай тисін? Бір апта тамағынан ас өтпей, ұйқысыздықпен таң атырып, өзін қоярға жер таппайды. Ақыры қой сойып, садақа ретінде етін көршілеріне таратады. Өзін-өзі жұбатып, сабырға шақырады. Басшылықтың бұйрығына бағынып, мешіттің ағаштарын мектеп құрылысына пайдаланбақшы болып шешкен ол, құрал-жабдықтарын жинақтап, өгіз арбаға салып, мешітке барады. Дегенмен, бір кірпішін қозғауға дәті бармаған иманды жігіт барған ізімен кері қайтады. Осы жағдай бір апта қайталанады. Жетінші күн дегенде жеңгесі Бибіхадишаға «Мешітті бұзуға бүгін барамыз. Қазан алыңыз. Ет жіліктейтін тақтай, дастархан, ас беретін ыдыс-аяқты дайындап қойдым. Мал сойып, құран оқимыз», – дейді.
Мал сойып, ас беріп болған соң жас ұстаз бір сағатқа жуық құран оқып, Алладан кешірім сұрап отырады. Көзі көргендердің айтуынша, жанарынан аққан жас, иектен суша төгілген көрінеді. Ал, мешітті бұзар алдында жеңешесіне «Ыдыс-аяғыңызды жуып тазалай беріңіз. Ағаш бұзуға араласпаңдар. Әй, қарақтарым, жеткіншектерім, сендер келешегімсіңдер. Алла алдында сендердің күнәларың жоқ. Не көрсем де, өзім көрейін. Тек сендер аман болыңдар», – деп барғандарды тоқтатады. Тағы бір сағатқа жуық құран оқып, Бесін намазын өтейді.
Мешіттен шыққан ағаштарды арбаға тиеп, ауылға бет алып бара жатқанда жолда кезіккен бала арбаға міңгеспекші болады. Сонда жеткіншекті тоқтатқан Пахретдин: «Балам, бұл киелі ағаштар. Отыруға болмайды», – деп баланы ниетінен қайтарған екен.
Басынан осынша қиын тауқыметті өткерген ұстаз, 1939 жылы Фин соғысына кеңсе хатшысы (писарь) ретінде қабылданады. Пахретдинның бұл сапары Ұлы Отан соғысымен жалғасады. «Соңғы хаты 1942 жылы қаңтар айында келді. Содан бері хабар-ошарсыз кеткендердің қатарында», – дейді жиені Дайырбек Ережепов.
Иә, бүгінгі күні еліміз тыныш, жұртымыз аман. Мемлекеттің қолдауымен зәулім мектеп ғимараттары салынуда. Бүгінгі өскелең ұрпақ, Пахретдиннің қиыншылықпен өткен өмірі ғибрат болады деген ойдамыз. Кім біледі? Мүмкін бүгінгі бейбіт өмір кейіпкеріміз сынды имандылардың дұғасы болар?
Ерұлан ДАТКЕНОВ.