Үт келді, құт кірді
4000 жылдан астам уақытты қамтитын тарихы бар Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесі И.Құтпанұлы атындағы орталық стадионда ерекше аталып өтті. Лайым тойымыз таусылмасын.
Шәкірім Құдайбердінің: «Бұл ән, бұрынғы әннен өзгерек» дейтұғынындай биылғы Наурыз басқаны айтпағанда біздің ауданда жылдағыдан бөлек болды. Оны Иманжүсіп алаңына келген әрбір аудан тұрғыны көріп, іштей сезінгенде болар. Таң сәріден орталық алаңға жиналғандардың қарасы әдеттегіден осы жылы анағұрлым көп көрінді. Тағы бір байқағанымыз, алдыңғылардай ақшаңқан 8 қанатты ақ үйлердің саны азайып, олардың орнына сыйымдылығы неше есе үлкен шатырлар тігілген екен. Әр шатырға жеке-жеке атау беріліп, айналасы абыр-сабыр, қазан асылып, самаурын қайнап жатты. Ал, жалпы шатырлардың орналасуы, сахнаның безендірілуі, спорт ойындары өтетін орындар барлығы келген қонаққа өте қолайлы орналасқан. Жасыратыны жоқ бұрындары Наурыз, «Алтын күз» сынды мерекелерде қатарлай тігілген киіз үйлерге кіріп, жайылған дастарханнан дәм тату сырттан келген қонақтар мен сол мекеме қызметкерлеріне ғана рұқсат секілді сезілетін-ді. Ал, осы жолғы мерекеде мүлде бөлек көрініс орнап, ұйымдастырушылар тарапынан тұрғындарға бейне бір тосын сый жасалып жатқандай әсер қалдырды. Олай дейтініміз, алғашында орталық стадионға жиылған қалың нөпір ақ шатырларды айналып өтіп, жайылған дастарқанға біразға дейін жақындамады. Бірақ, жүздерінен мерекелік көңіл күй көрінген қызметшілер келушілерге көже ұсынып, елді бір барақат сезімге бөледі. Ұйымдастырушылардың сөзіне сүйенсек, құрылған 22 шатырдың әр қайсысына орта есеппен 100 адам емін-еркін тамақтанып, ұлттық астан дәм татқан. Осылайша әр үйден таңғы сағат 10-нан бастап, түскі 13:00-ге дейін үш қайталап қонақ күткенде барлығы 10 000-нан астам адамға наурыз көже тартылған.
Иә, Наурыз тек қазақтың ғана емес, мұқым түркі жұртының ортақ тойы. Наурыз тойы туралы көнеден жеткен түрлі әфсана, қисса-дастан, аңыз-әңгіме де көп ел арасында. Тойлану тарихыда терең. Ғаламдағы ежелгі мейрамның тарихын зерттеп жүрген ғалымдар бұл күннің парсылар мен ирандықтардан да бұрын прото түркілер, дей түркілердің тойлағаны жайында жиі айтып жүр. «Наурыз» парсы сөзi болғанымен, ол өте ерте заманда-ақ, қазақ тұрмысына кіріп, сiңiсіп кеткені белгілі. Елдіктің тірегі ұлттық қазына, салт-дәстүр, діни жоралғыларымыз болатын болса, Наурыз мерекесі сол темір қазықтың бір бөлшегі екені даусыз. Ал, болашаққа рухани жаңғыру арқылы зер салған мемлекетіміз үшін ұлттық мерекенің Ұлы дала елінде ерекше тойлануы болашағымыздың баянды болуына кепіл емес пе?
Наурыз мейрамы, ұлттық болмысымыз бен өнер, салт-дәстүр, ырым-тиым, ұлттық ойындарымызды айшықтап, тіршілікпен қатар адамдардың да рухани-мәдени жаңарып, жаңғыра түсетін мерекесі екені айқын. Мерекенің ашылу салтанатына аудан әкімі Ә.Оразбекұлы қатысып, аудан халқын Ұлыстың Ұлы күні әз Наурыз мерекесімен құттықтап, ақжарма тілек, жылы лебізін білдірді.
– Бүгінгі биік рухымыздың да, өрелі мәдениетіміз бен өнеріміздің де өзегі осында. Олай болса, біз үшін бұл күн – риясыз шаттық пен қуанышқа толы күн. Жер бетіндегі тіршілік атаулының қайнар бастауы, жақсылық пен құт-берекенің көзін ашып, күн мен түн теңелген күн. Елді бірлікке, ынтымаққа, достыққа ұмтылдырған күн. Наурыз мейрамы – бақыттың бастамасы, жақсылықтың жаршысы! Әз-Наурыз – Ұлыстың Ұлы күні, қазақ даласына шуағын шашып, бүкіл тіршілік атаулыға жан бітіп, ерекше күйге енеді. Наурыз – ежелден келе жатқан мейрам. Тамыры тереңге кеткен әз-Наурыз қай кезде де еңсесі биік елдіктің, іргесі сөгілмес бірліктің, ырыс пен ынтымақтың мерекесі. Ұлы даланың биік рухымен, тәңірге сиынған тәккәппар мінезінен басталатын Наурыз – халқымыздың тірлігі мен бірлігінің, ырысы мен берекесінің көрінісі, биік рухымыздың, өрелі мәдениетіміз бен өнеріміздің, салт-дәстүріміздің, тіліміз бен діліміздің өзегі, – деді аудан басшысы.
Жиналған жұртшылық аудан әкімінің қысқаша құттықтау сөзінен кейін, аудандық мәдениет қызметкерлерінің арнайы дайындаған «Мәңгілік елдің мәртебелі Наурызы!» атты мерекелік концертін тамашалады. Концертте адамға рух беретін күй ойнап, бойыңдағы патриоттық сезіміңді оятатын әндер айтылды. Мың бұралған бишілер қазақы қамажай биін билеп, төл өнері сахна төрінде үстем болды. Осылайша, аудан өнерпаздарының өнеріне тәнті болған мерекеге келуші аудан тұрғындары нағыз білекті де жүректі ұлттық ойындарымыздың жілігін шағып, майын ішкен жігіттер арасында өткен ат үстіндегі аударыспақ, боз кілемдегі қазақ күресі, гір тасын көтеру, қол күрес сайыстарын тамашалады. Сонымен қатар, аналарымыз әзірлеген ұлттық қолөнер бұйымдарынан көрме ұйымдастырылды. Аудан әкімі бастаған ел ағалары стадионның іші мен сыртына қаз-қатар тігілген шатырларды аралап, халықпен кездесіп, емен-жарқын пікірлесіп, наурыз мерекесіне құтты болсын айтып, көпшілікпен бірге ұлттық астан дәм татты.
Тіптен аталған шараға шетелдік қонақтар да арнайы келіп, қызықтап жүргенін көзіміз көрді. Мерекеге келген бала-шаға, кәрі-жас түгел наурыздың қасиетін сезініп, арнайы жайылған тегін дастарханға еркін отырып, мәре-сәре күй кешті. Бұл да болса, мерекелік форматқа тың өзгерістің, жаңашылдықтың енгені деп білдік.
Иә, бабалар аманаттаған ел мен жерді, салт-дәстүрді, діл мен тілді қалай ұлықтасақ та артық етпесі анық. Өйткені, ұлттық құндылықтардың артында тәрбие дейтұғын ұлы ұғымның тұрары хақ. Ал, ұлттық болмыс, тәрбие біздің балаларымыздың білімді, рухани бай, озық ойлы болып өсіп жетілуіне әсерін тигізері сөзсіз.
Елдос ЖҮСІП.