Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Әжібай батыр

Әжібай батыр


Қыпшақтың бір аталығы Бошай – жеті ру шаштының іргелі, үлкен бір тармағы. Шашты руының барлық аталары кезінде қазіргі Шиелі ауданы Бәйгеқұм ауылы, Оқшы ата кесенесінің маңында өмір сүрген. Уақыт өте келе Бошай және Шағыр ұрпақтары Сұлутөбе ауылының төңірегіне қоныстаныпты. Қариялардың айтуынша, олар жазда Сарысу өңірін, қыста Сыр бойының қалың тоғайын паналаған екен.
Бошайдан Арыс пен Шыбық, Арыстан, Қалдау мен Келке тарайды. Олардан есімдері елге белгілі, атақты тұлғалар шыққан. Мәселен, 1792-1872 жылдары қазіргі Шиелі ауданына қарасты Сұлутөбе ауылында өмір сүрген Торғай датқаны айтуға болады. Хиуа хандығының датқасы болған жылдары ол елді отырықшылыққа үндеген. Елдің егінін егіп, малының жайылымын суаруы үшін Сұлутөбенің батысынан шығысына қарай Боқтыбай каналын қаздырған. Датқа өз замандастары Тұрсынбай, Балаби, Досбол сынды ел басыларымен сыйласа отырып, елдегі түрлі дауларды ақылдаса шешіп отырған. Торғайдан Шоқай би (Шоқмұхамед), Қалымбет (Қалмұхамбет), Әліш (Әлмұхамед) және Оспан, Шоқайдан – Сыздық, Мұстафа, Нұртаза туады. Мұстафа Шоқайдың кім екені әлемге аян. Ал Әліш ауылдан төрт кластық бастауыш мектеп аштырған, Мұстафа да осы мектептен сауатын ашқан.

Торғай датқаның ағасы әрі ақылшысы бола білген Игілік әулие әділ, сопы кісі болған. Ол кісі туралы ел аузында небір аңызға бергісіз әңгіме бар. Соның бірінде Түркістанның қылеуетінде жан-жақтан зиярат етіп келген сопы-әулиелер отырғанда бір леп соғып, жанып тұрған шырақ сөніп қалады. Қараңғыда бір дауыс “о, мүриттерім, мына сөнген шырақты жаға алатын кім бар?” деген сөзді екі рет қайталайды. Сұрақ үшінші рет қайталанғанда Игілік “ұлықсат болса мен үміттеніп көрейін” деп шыраққа қарай “суффит” деп бір үрлегенде шырақ жарқ етіп сөніп қалады, екінші рет үрлегенде тұтанып кетеді. Сонда әлгі дауыс ” қап, әттеген-ай, төсегі аздап кір болмағанда мына кісі ұшып кететін әулие екен” дегенде сол жерде отырған мүриттер Игіліктің киімін “тәбәрік” деп жыртып алған екен. Содан кейін оны ел “Игілік әулие” деп атап кетті. Тағы бірде “Наршоқының” басында Торғай датқа Игілік ағасымен ақылдасып отырса, алыстан ақ киімді, салт атты кісі көрінеді. Торғай датқа: “Аға, мына кісінің асықпай келе жатқаны, атқа отырысы маған ұнап тұр” дегенде Игілік: “Әй, Торғай, сенің көзің бар, мына жігіттің атқа отырысы да келісіп-ақ тұр екен. Өзі бізге әдейілеп ұзақ жолдан келе жатқан секілді. Парасатты, тиянақты жанға ұқсайды. Тегінде бізге адал көмекші, елге пайдасы тиетін азамат болып қалар” дейді. Шындығында ол жолаушы Арқадағы найман елінен кінәлі болып, Сыр бойына Торғай датқаны паналап келе жатқан Оразай ишан болып шығады. Оразайдың соңынан жеткен қуғыншылар оның аты Торғай датқаның үйінің белдеуінде байланып тұрғанын көргенде тайсалып қалыпты. Торғай датқа қуғыншыларға өлген адамның құнын өтейді де Оразайды өзіне өкіл бала етіп, Сырдың жағасынан жер береді. Игілік әулие сынаған, атқа отырысынан-ақ таныған Оразай Әліш ашқан мешітте балаларды мұсылманша оқытады, өзі елге аса беделді кісі болады.
Қыпшақтың Шашты руының Бошай әулетінен шыққан батырлардың бірі Биікбай батыр әкесі Балтадан анасының құрсағында қалады. Он алты жасынан Қоқан әскерлерімен, түрікпендермен болған шайқастарға қатысып, батыр атанған. Бұл кісінің ерекше қасиетінің бірі – елдегі жетім балаларды өз баласы етіп асырап, аман алып қалатыны. Шөмекейдің Бозғұл руынан шыққан Құлқа батыр түрікпендерге жорық жасағанда, Биікбай батыр қыпшақ қолын басқарып барып, жеңіспен оралған. Сол жолғы жорықта қаза тапқан түрікпен батырының 4 жасар баласын елге әкеліп, баласындай асырап, жетілдірген. Ел аузындағы аңызға зер салсақ, кіші жүз жағынан келген бір ұры батырдың жорыққа мінетін атын суытып жүрген баланы ауыл сыртында аттан аударып, атын барымталап кетеді. Мұны естіп, ашуланған Биікбай батыр өзінің қырық сарбазын ертіп, ұрының соңынан қуады. Жолда сәл тынығып алуға жатқан кезде түсіне ақсақалды қария еніп: “Тұр, балам, алдыңдағы жол екі айрылады, оң жағына түс, жол айрықта қоржын жатады, соны ал” дейді. Атып тұрып, шаба жөнеледі, шынында да жол айрықта қоржын жатыр екен, найзасының ұшымен іліп алып, қанжығасына байлайды. Бұл хабар жорыққа бірге шығып жүрген кіші жүздің батырларына жетеді. Олар ат-шапан айыбымен ұрыны қоса беріп, Биікбай батырдың кешірімін алады. Ашуы қайтқан Биікбай батыр қоржынды ашып қараса ішінде кітап бар екен. Оны қолына алған заматта тіліне жыр шумақтары оралады. Өзінің тосын қимылынан сескенген Биікбай бірнеше күн үйінен шықпай жатып қалады. Ел арасында “батыр жынданып кетіпті” деген әңгіме тарайды. Биікбай батыр астындағы ақбоз атын құрбандыққа шалып, елді жинап құран оқытады. Ел тарағаннан кейін молданы оңашалап алып қалып, өз жағдайын баяндайды. Сонда молда: “Саған иесіз қалған шайырдың әруағы қонған екен, енді ақындық жол ұстайсың, жеті ұрпағыңа дейін ақын болады немесе аузы дуалы болады. Енді жорыққа шығуыңды тоқтат” дейді. Шындығында Биікбай ұрпақтарынан ақын да, бір айтар кісі де шыққан.
Бошайдан шыққан тағы бір аруақты батыр – Әжібай. Қазіргі Шиелі ауданының Сұлутөбе және Тартоғай стансаларының аралығында Майлытоғай деген ауыл бар. Солтүстігінде Нәнсай арнасы, оңтүстігінде Сырдария мен Итаяқ көлі, шығысында Бекмырза құмы мен Әулие тораңғыл, батысында Бураның құмы мен Қара ой орналасқан. Кезінде сан түрлі өсімдіктер мен жабайы жануарларға толы мекен болғандықтан Майлытоғай атанса керек. Табиғаты осындай көркем ауылда 1791 жылы қыпшақтардың шашты руының Бошай тармағынан шыққан тұлғалардың бірі Әжібай Қарпықұлы дүниеге келген. Ол Сыр елінің азаттығы үшін күрескен. Әжібай ірі денелі, қарулы қара күш иесі болған. Біраз уақыт Арқа еліндегі ағайын арасында Ұлытау өңірінде ел басқарған белгілі бидің қасында болса керек. Бірде әлгі бидің үйіне лауазымды кісі келетін болады да Әжібайды отын дайындауға жібереді. Атқа арба жегіп, отынға барады. Шапқан отынын арбаға басып, атқа жегіп айдаса, аты тарта алмай тұралап қалады. Бұған ыза болған Әжібай атты бауыздап тастайды. Сөйтіп оны көтеріп алып отынның үстіне тастайды да өзі арбаны сүйретіп ауылға келеді. Арбаны есік алдына қойып, демалмақшы болып көгалға шалқасынан жатқанда үстінен би шығады. Отын тола арбаны, оның үстіндегі бауыздалған атты, арбаның жанында құлашын кең жайып жатқан жігітті көрген би “осыншама қара күші бар, құлашым жеткен жерге дейін билермін деген сұсы бар бұл жігіт жәй адам болмады ғой” деп Әжібайға қамқорлық танытқан екен. Содан кейін Арқадағы ағайын Әжібайды “ат көтерген алып” деп атаған көрінеді.
Әжібай батыр 1822-1825 жылдары аға сұлтан Ерден Сандыбайұлының көмекшісі болған. Сондай-ақ ол Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілісін қолдап, әрі оған қатысады. Кенесары Орынбор және Батыс Сібір губернаторлықтарының жеріне тұрақтай алмай, оңтүстікке ойысқанда Ресей үкіметінің қысымы мен қуғынына ұшыраған Әжібайдың елі де Сарыарқадан Сыр бойының Қоқан хандығына қараған Шиелі өңіріне көшіп барған. Әжібайды Қоқан ханы өз руының датқасы етіп бекіткен. 1861 жылдың 11-25 маусымында орыс патшасының тікелей нұсқауымен Орынбор мен Омбы губернияларында тұратын орта және кіші жүздің 189 беделді өкілі қатысқан қатаң шекаралық тәртіп жөнінде съезд өткізіледі. Осы съезге қатысқан Әжібай батыр туралы “Қыпшақтың белгілі биі, Кенесары мен Сыр бойына көшкен елдің бір бөлігіне Ақмешіт бекінісі құлағанға дейін датқа болған Әжібай Қарпықов” деп көрсетілген. Сонымен қатар, Омбы облыстық мемлекеттік мұражайында сақталған құжаттарда Сарысу бойын жайлайтын кіші жүз рулары мен Ұлытаудың батыс бөктерін мекендеген қыпшақтардың арасындағы мал дауын шешуде Әжібайдың ерекше ықпалы болғандығы атап көрсетілген. Әжібай батыр туралы ел аузында айтылып жүрген аңыз көп. Соның бір-екеуіне құлақ түрелік.
Кенесары ханның қолы Арқадан ауып, Сырдың үстімен жүріп өтіп, 1844 жылы Шу өңіріне жетіп тұрақтаған екен. Жасақшылары жолда кездескен малды айдап әкете берген деседі. Бұл ылаңнан Сыр бойы қыпшақтары да сырт қалмапты. Жайлаудағы жылқыларының қуылып әкетілгенін естіген елдің би-датқалары кеңеске жиналып, барымташылардың артынан қуғыншыға жіберетін елшіліктің есебін таппай таласып отырғанда Әжібай “келісім берсеңіздер, мен барайын” депті. Билердің келісімін алған Әжібай жігіттерін жасақтап, жолға шығады. Өз жылқыларының Қожық батыр жасақшыларының қолында дегенді естіген Әжібай Шу бойындағы сол ауылға келіп тоқтайды. Алдарынан шыққан күтушілер қонақжайға түсуді ұсынады. Әжібай “біз қонақ емеспіз, ағамызға сәлем беруге келе жатырмыз, өз үйіне барамыз” дейді. Мұны естіген Қожық батыр “сәлемі бар ағайын болса келсін” деп рұқсатын береді. Әжібай аттан түсіп, батырдың үйіне кіреді. Үй иесі төрдегі ағаш керуеттің үстінде шалқасынан түсіп жатыр екен, Әжібай оған дауыстап сәлем беріп: “қосыңыздың осында екенін біліп сәлем бере келдік, Сырдың біраз жылқысы Қырға қарай желдеп кеткен екен, соны осы жақтан біле қайтайық деген есебіміз де бар” дейді. Сонда батыр басын көтеріп, Әжібайға бұрыла қарап: “Сырдың қай баласысың?” дегенде ол: ”Сырдың бар баласымын, сыртқа жұмсап тұратын шабарманымын” деп жауап береді. “Бар баласы сендей болғанда Сырдың датқалары қандай болғаны” деп таңданған батырға Әжібай “тап өзіңіздей” дейді. Әжібаймен біраз сөз жарыстырған батыр оны сынап көргісі келгені болар, кеңесшілеріне өзінің ел аралап қайтатынын, оған дейінгі халықтан түскен дау-дамайды, арыз-шағымды осы жігіттің шешетінін айтып, өзі жол жүріп кетеді. Батыр қайтып оралғанша халықтан тоғыз шағым түсіп, бәрі де Әжібайдың төрелігімен әділ шешімін табады. Ауылына оралған батыр “Бұл батырдың қандай жақыны екен, айтқан төрелігі мен әділдігі бидің өзінен кем шықпайды екен, асып жатпаса” деген әңгімені естіп, Әжібай інісіне қатты риза болыпты. Жұртын жинап той жасап, Әжібайдың айдалған жылқысын өсім-өтемімен алдына салып беріп, еліне қайтарған екен.
Жас кезінде, шамасы 16-17 жастағы кезі болса керек, Әжібай құм ішінде жылқы қайырып жүріп, алыстан жылтыраған от көреді. Жақындап келсе жылап отырған кемпір-шал екен. Жағдайларын сұрағанда Түркістанда тұратын Қоқан бегі Жөлекке келіп, датқалармен мәжіліс құрып, зекет жиынының есебін алып жатқанын біледі. Бектің озбырлығының асқаны сонша әр күн сайын марқа қозының етін пісіртіп жеп жатқанымен қоймай қойнына қыз салуды бұйырады. Қорғаушысы жоқ қарияларға атқамінерлердің бірі келіп, бойжеткен жалғыз қызын бектің қасына жіберуді бұйырыпты. Амалдары таусылған қарттарға “абыржымаңыздар, ретін өзім келтіремін” деп қыздың қашан, қайда бару қажеттігін сұрап, өзінің сол уақытта сол арада болатынын және қыздың үлкендеу киімдерін әкелу қажеттігін айтып, кетіп қалады. Уағдаласқан уақытта келіп, қыздың киімін киіп, қыз шақырылған жерге барады. Күтіп тұрған бекке “Әжібай қыз” соңынан еруге белгі беріп, оны қалың қара шеңгелдің ішіне қарай бастайды. Адам дауысы естілмейтіндей жерге келген “қыз” шапшаң қимылдап, бекті жерге алып ұрып, алқымына қанжарын қадап: “не қалайсың, өлтірейін бе, жіберейін бе?” дейді. Бек: “шыбын жанымды қия гөр, қалаған тілегіңді орындайын” дейді. Ажалдан аман қалған бек бұл сырдың екеуара құпия болып қалуын өтінеді де Әжібайға жақын арада датқалардың Түркістанға жиналатынын, соған келуін, өзінің күтіп алатынын айтады. Сөйтіп Әжібай жәбір көрген кемпір-шалдың қызына бостандық әперіп, киімін қайтарады, қариялардың батасын алады. Арада біршама уақыт өткенде датқалардың Түркістанға жүргелі жатқанын естіген Әжібай табыннан бір жарамды ат ұстап мініп, датқаларға ере жолға шығады. Түркістанға келген соң датқалар өздеріне арнайы дайындалған шайхананың қасына қостарын тігіп, жайғасады. Әжібай көрсетілген сілтемемен бектің үйіне келеді. Дарбазаны қаққанымен бектің ұйықтап жатқанын айтқан күзетші есікті аша қоймайды. Сонда Әжібай: “Бекті оятып, Әжібай келіп тұр деп айт” дейді. Орнынан тұрған бек күзетшіге қонақты кіргізіп, атын жайлауды, әйеліне монша дайындап, ауқат әзірлеуді тапсырады. Өзі сыртқа шығып, Әжібайды күтіп алады. Әжібай моншаға түсіп, тамақтанып дем алуға жатады. Ертеңіне бектің өзінің салтанатқа киетін киімімен бірдей етіп дайындатып қойған киімдерін киіп, онымен бірге датқалар жиналған мәжіліске барады. Бұрын бек жалғыз өзі отыратын мәжіліс төрінде бұл жолы онымен бірдей шенді Әжібай бірге отырады. Датқалар кезек-кезек сөз алып, шешілмей жүрген дауларын талқылап, бек алдында шештіріп алады. Оған Әжібай да араласып отырады. Мәжіліс аяқталарда бек Сырдың датқаларына бұдан былай ел ішінің тірлігіне қатысты шаруа мен дау-дамайды Әжібайдың алдында шешуге болатынын жеткізеді. Содан бастап Әжібай батыр “халық датқасы” деп атанған көрінеді. Ел аузындағы “төрт датқаға билік айтқан би Әжібай” деген сөз осыдан өрбісе керек.
Сыр бойының датқалары жиналып, бір даудың шешімін таппай өзара дауласып жатқанда үстеріне Әжібай келіп қалады. Әңгіме төркінін бағамдаған ол датқалардың сөзін бөліп: “мырзалар, мен бір ту бие сойып едім, еті сасып барады, не істесем екен?” дейді. “Тұз себу керек” дейді отырғандар. “Тұз сасыса қайтпекпін?” дегенде датқалар сөз таппай, тосылып қалады. Сонда Әжібай: “Сіздер елдің тұзы емессіздер ме, осылай таласқанда халық қайда барып жарасады” депті. Осыдан кейін датқалар сабасына түскен екен.
Әжібай батыр Сыр елінің азаттығы үшін күрескен. Ел аузынан алынған дерек бойынша Әжібай ірі, ержүрек, келбетті кісі болған. Ол кебісін Тәшкенде арнайы тапсырыспен тіккізген. Бір сапарында тапсырысқа уақыты болмай кездескен ләпкіден “үлкендеу кебісің бар ма?” деп сұраса, сатушы өзбек әріректен бір пар кебісті алып жатып: “Бұл кебіс Әжібай әкама да сияды” депті. “Онда маған да сияды, бере ғой” деп киіп көрместен ақысын төлеп, қолтығына қысып жүре берген екен. Батыр бабамыз 75 жасында қайтыс болған. Сыр бойының атақты ақыны Бұдабай Қабылұлы Әжібайдың қазасына:
Елу сегіз жасыңда,
Шалқыдың шалқар теңіздей.
Елу тоғыз жасыңда,
Көзге түстің семіздей.
Әжібай-Торғай атандың,
Бірге туған егіздей.
Алаштан алдың алғысты,
Атаңа нәлет дегізбей.
Әділеттілігің жайылды,
Наушаруан салған негіздей, – деп көңіл айтыпты.
Кезінде араб ақыны әл-АрашМақкинақ Әжібай туралы жыр жазған. Ол ақын Зуфһар ағзам ибн Имам (Әжібайға жиен, Көзей қыпшақ Кісенбай молданың туысы) деп көрсетілген. Бұл өлең Зайыр Иманұлының дәптерінен алынып, бүгінгі күнгі әдеби стилистика жүйесіне келтіріліп, өңделген.
Сұрасаң тегің кім деп біздің жайдан,
Қыпшақ-шашты, бошайда “Әжібайдан”.
Әжібай атам аты, әрі руым,
Кезінде төрт датқаға билік жайған.
Келгенше отыз жасқа жауға аттанып,
Әжібай отау тікпей ел қорғаған.
Ел бастап есейгенде би атанып,
Мекені, ел қонысы Сырда орнаған.
Төсінде дарияның күмбез қалған,
Кесегі сүтке илеген сары саздан.
Халқынан Әжібайға ескерткіш деп,
Күмбезге арапшалап жазу салған.
Есімі Әжібайдың, ерлік ісі,
Жатталып аңыз қалған ел есінде.
Өжет ару, әрі ақын Сырдың қызы,
Жар болған Әжібайға он бесінде.
Жеті ұл қатар туып сол анадан,
Бошайдан бір аталық ел тараған.
Есімі рудың атына телінген әрі батыр, әрі датқа, әрі би атанған Әжібай Қарпықұлының бүгінгі ұрпақтары еліміздің ірі қалаларымен қоса Қызылорда облысының Сұлутөбе, Бірінші май және Шиелі, Тартоғай, Майлытоғай өңірлерінде өмір сүріп жатыр. “Өлі риза болмай, тірі байымайды” дегендейін, ата-баба кесенесі қайта қалпына келтіруді қажет етеді. Сонымен қатар қазіргі Майлытоғай ауылын батыр баба атымен ауыстырса деген тілек бар. Шиелі ауданы әкімшілігі елдің осы ұсынысына оң қабақ танытса деген ойымыз бар.

Расул СЕРІКОВ,
Қазақстанның құрметті журналисі.
Қызылорда қаласы.
16 желтоқсан 2018 ж. 3 032 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930