Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жадыны жаңғырту жедел жүргізілгені жөн

Жадыны жаңғырту жедел жүргізілгені жөн

Барлығымызға белгілі жәйт кешегі бодан кезеңде отарлаушылар тарапынан қасақана жүргізілген ұлттық сананы тұмшалау атты сұрқия саясат мыңдаған жылдық тарихи жадымызды жойып, өткенімізді ұлт санасынан өшіріп тынып еді. Нәтижесінде қазақ ұлты, қазақ халқы өзінің бір кездегі жасампаз бейнесінен бір сәтте бейшара қалыпқа еніп, сан ғасырлар бойы үзілмей, ұрпақтан-ұрпаққа ұласып келген мәдени-рухани қазынамыздан қол үзіп тындық.
Соңында бүгінгі көпшілік үшін өзіміздің асылымыз қаңсық, өзгелердің қаңсығын таңсық көретін сормаңдай халге душар болдық.
Мәдениет пен өркениетте еуроцентристік көзқарас, ал, сенім мен дінде панарабистік идеологияның шырмауына шыланып, шыға алмай қалдық. Бізден басқалардың құндылығы баянды ал, біздегі барлық құндылық баянсыз, мәнсіз, мағынасыз дүниеге айналып шыға келді.
Әйтпесе, осыдан небәрі 500 жыл бұрын ғана өнер, мәдениет, ғылым-білімде әлемді тітіркеткен азулы ұлт болғандығымыз бүгінгі сіз бен бізге аңыз әңгіме секілді естілмес еді-ау.
Қайран бабалар құрған алып қағанаттар, өркениеттер мен мәдениеттер алауыздықтың әсерінен аз ғана жылда қабырғасы сетінеп, соңында сақлаб атты соңғыларға жем болып тындық.
Өткенге салауат. Болашағымызды баянды, егемендігімізді бекемді ету үшін ендігі қазаққа тек ауызбіршілік, ынтымақ керек. Сонда ғана елдігімізді мәңгілікке ұластыра алмақпыз.
Ол үшін әуелі тарихи жадымызды жаңғырту кезек күттірмес жұмыстардың алды болмақ. Бұл туралы Елбасы да аталған мақаласында арнайы тоқталып, тиісті шаралар, бағдарламалар жоспарын құрып берді.
Сонымен, тарихи жады қайтсе жаңғырмақ? Ол үшін өткенімізді, қандай халық, ұлт, мемлекет болғандығымызды білмек керек. Қазіргі түсінікке сәйкес, қазақ хандығы және мемлекеттілігі тек 1456 жылы ғана екі сұлтанның әрекетінен кейін құрыла қалып, дүниеге келген жоқ. Бұл кезеңге дейін де қазақ халқы дүниешарын дүбірлетіп, талай-талай халықтарды, хандықтарды, қағанаттарды қалтыратып, дірілдетіп әлемге өз билігін жүргізген үстем ұлт ретінде танылып келді. Айдарымыздан жел есті. Тәңірдің қамшысы, жаратқанның қаһары атанды. Діннен, тура жолдан тайған ұлтты, халықты, қауымды көшпелі көне қазақтардың сесі мен қорқыту тәсілі де болды кезінде. Бұны ежелгі мысыр папирустарында, діни әфсаналардағы әңгімелерден оқып, біліп, қайран қалған тарихшылар мен ойшылдар амалсыз мойындап, өз еңбектерінде айтып та жазып та келеді.
Көне қазақтардың мемлекеттілігі сонау Үнді, Иран, Грек, Мысыр мемлекеттілігінен де ары асып жығылатындығын батыс тарихшылары бүгінгі таңда ішінара мойындап, өзіндік пікірлерін білдіріп, ғылыми жаңалықтарына енгізіп жатқан жайы бар.
Халқымыз әр замандарда әртүрлі атпен мемлекет құрып отырды. Мысалы бүгінгі Мысыр елі өзінің 5 мыңжылдық тарихында мемлекетті басқарған әр әулеттің тұсында елдің аты сол әулеттердің атымен байланысты аталып отырған. Мысырды өз тарихында 31 әулет басқарғанын есептер болсақ, мемлекет атауы да осыншама рет өзгергенін аңғару қиын емес.
Қытайлықтар да сондай. Мысалы, бүгінгі қытайлықтар мыңдаған жылдар бойы әр заманда әртүрлі Ся,Шан,Чжоу,Цин,Хань, Цзинь,Суй,Тан,Ляо,Сун, Юань, Мин т.б мемлекеттер атауымен аталып келді.
Бірақ, бұл мемлекеттердің барлығында да тек Қытай ұлты өмір сүрді деген түсінік бар және ол дұрыс.
Біздің халық та сондай әр дәуірде әртүрлі билеуші әулеттің негізінде өз мемлекет, хандық, қағанатының атауын түрліше атап келді. Бізде де солай билеуші әулет әртүрлі болғанымен, мемлекетті һәм хандықты, қағанатты құраушы ұлт біреу-ақ болатын-ды. Ол, түркі текті бүгінгі қазақтың құранды рулары көне қазақ тайпалары еді.
Түркістан, Қоқан, Моғолстан, Мәуреннахр, Ақ орда, Алтын Орда, Шыңғысхан кезеңі, Оғыз, Қыпшақ, Түркеш, Қарахандар, Ғазнауилықтар, Қимақтар, Хазарлықтар, Бұлғарлар, Мадияр­­­­­­­­лар, Орхон-Енесей бойын ен жайлаған Екінші Түрік қағанаты, Бірінші Түрік қағанаты кезеңдері, үйсін, ғұн, скиф-сақ, кемер, мидиялықтар заманы. Одан арғы тәңірі текті Тарғытай бабамыздың әфсаналық дәуіріне ұласып, Қосөзен яғни, Ефрат пен Тигр арасын жайлап өздерін «сақ-ікі» деп атаған шумерліктер, Гомер жырындағы Троялықтар, ежелгі Рим қаласының негізін қалап, Апенин түбегін жайлаған этруск меніңше ертүрік аталатын тайпалардың, хандықтардың, сондағы ұлттар мен ұлыстардың негізгі ата-тегі, түп-тамыры өзіміздің бүгінгі қазақ халқының, Қазақстандағы іргелі ру-тайпалардың түп-тұқиянымен бірге қосылып, тамыр тартатынын қазіргі әлем тарихшылары әлдеқашан мойындап қойды. Тек біз ғана бұған әлі де болса сене алмай, қайран қалып мойын бұрмай келе жатырмыз.

Полковниктің еңбегін кім елейді?
1870 жылы Үндістан өлкесінде әскери қызметте жүрген ағылшын полковнигі Джеймс Черчвард сол елдегі ескі бір ғибадатханаға келеді.
Жастайынан әкесі де шешесі де археологиялық зерттеулермен айналысқандықтан, әскери шенді Дж.Черчвардта ескі қорғандар мен қамалдар, жазулар мен тас таңбаларды көрсе, қызығушылығы оянып кететін-ді.
Осы қызығушылығы оны Үндістандағы ескі ғибадатханаға еріксіз ертіп келді. Ол ғибадатхана түкпірінде жүздеген жылдардан бері шаң басып, қозғаусыз жатқан, белгісіз тілде жазылған ескі тас тақталарды кезіктіреді. Бұл тас тақталардағы сөздердің құпиясын ашуға көмектесетін егде жастағы дін қызметкерін тауып, онымен достасады.
Екі жыл уақытын сарп етіп, ғибадатханадағы жазулардың құпиясын ашады. Онда бір кездері жоғалған Атлантиданың тағдырына ұқсас Тынық мұхит аумағанда өсіп, өніп, өркендеп, кейінірек жоғалып кеткен беймәлім өркениет туралы сыр шерткен көне жазуды оқып, қалған бүкіл өмірін әлгі жоғалған өркениетті іздеуге арнайды. Джеймс Черчвард әлем елдерін кезіп, Үндістандағы әскери қызметтен кейін Бирма, Аризона, Оңтүстік теңіз, Альяска, Австралия мен Мексикада болып, зерттеулерін жалғастыра түседі.
Америкалық үндістердің Майя тайпасы мен ежелгі түркі-ұйғыр халықтарының тарихына ден қойып, геология мен ежелгі дін, грек әріптерінің символикалық ұғымдарының сырын ашып, қалыптасқан адамзат тарихына балама ретінде тиісті дәлел-дәйектер негізінде адамзат тарихын жаңаша жазады. Мифологиялық, лингивистикалық,археологиялық түрлі зерттеу тәсілдерін қолдана отырып, жазған еңбегінің атауын «Ежелгі МУ құрлығы – Адамзаттың атақонысы» деп атайды.
Міне, осы еңбекте 34 мың жыл бұрынғы өркениет туралы сөз қозғалады. Тиісті археологиялық деректер мен дәйектер келтіріледі. Ең қызығы осы кітапта негізгі басшылыққа алатын бағыт көне түркілер яғни, көне қазақтардың өркениеті мен мәдениеті қазіргі барша еуразия құрлығындағы халықтардың жасаған тарихи кезеңінен де әрі екендігі дәлелденеді.
Үндістан мен Оңтүстік Америкада табылған тас тақталардағы сына жазуларда 34 мың жыл бұрынғы мемлекет өзін «Манелиш Уллым-Эл»-деп атаған дейді. Яғни, аудармасы «Мәңгілік ұлы ел» болып келеді екен. Қазақтың сөзі ме? Әрине таза қазақы сөз, қазақы ұғым.
Джеймс Черчвард 1851 жылдың 27 ақпанында Ұлыбританияның Окхемптон қаласында дүниеге келіп, 1936 жылдың 4 қаңтарында АҚШ-тың Калифорния штатындағы Лос-Анджелес қаласында өмірден өткен.
Әйгілі еңбегінде ол, Үндістан мен Оңтүстік Америкадағы тас тақталар бұл елдерге б.з.д 15 мың жыл бұрын қазіргі Жапон теңізі мен Тынық мұхиты аумағындағы суға батқан құрлықтан жеткізілген деген дәлелдерді мұқият зерттелген археологиялық-тас-жазба дәйектермен алдыға тартады. Юкатан, Мексика, Чили, Перу аймағындағы үндістердің сонымен қатар, көне тибет, үнді, қытай, грек, мысыр, испан жазбалары мен оңтүстік Тынық мұхит аралдарындағы жабайы тайпалардың аңыз әңгімелерін жинай отырып, 34 мың жыл бұрынғы құрлықтағы жердің «Күй» деп аталғанын біледі. Құрлықтағы 64 миллион халықтың 10 тайпасын басқарған мемлекеттің атауы «Мәңгілік ұлы ел» деп аталған. Олар өздерін күннен туған ұрпақпыз деп көкке табынғанын дәлелдейді. Содан кейін 20 мың жыл өмір сүрген олар б.з.д 15 мыңыншы жылы суға кеткендігін сына тастардағы жазбалар арқылы дәлелдейді. «Күй» атты үлкен құрлық 64 миллион халқымен суға кетуден 2 жыл бұрын құрлықтан қашқан бекзадалар мен байлар, басқарушы бектер арнайы әзірленген кемелер мен бүгінгі Қазақстан жеріне келіп тұрақтағанын қосымша баяндайды. Содан кейінгі осыдан 15 мың жыл бұрынғы жаңа тарих Қазақстан жерінде басталған деген гипотезаны алдыға тартады.
Қазақтың жыл қайырушы көне абыздары да жылды қайыра отырып, 15 мың жылдыққа барып тіреледі екен. Бұл да зерттеуді қажет ететін өз алдына бөлек жатқан бір сала. Мәселен, көне византиялықтар б.з.д. 5509 жылдан жылды қайырса, Иудаист ғұламалар дүниенің жаратылған уақытын б.з.д. 3760 жыл деп есептеген. Копт шіркеуі бойынша б.з.д 5550 жыл. Англикан шіркеуі дүниенің жаратылған уақытын б.з.д 4004 жыл дейді.
Ал, қазақ халқындағы жыл қайырушы абыз­дар өркениеттің басталу уақытын 15 мың жылға барып тіреген. Бұл да Джеймс Черчвардтың еңбегімен үндесіп тұр. Дегенмен, еуроцентристік көзқарастағы тарихшылар, сол кездердегі мемлекеттік саяси ұстаным ағылшын зерттеушісінің еңбегін, оның тұжырымдамасын жоққа шығарып, елемеуге тырысқаны белгілі. Ендігі тәуелсіз Қазақстанның еркін ойлы, ұлтжанды, отан сүйер жастары тарихи жадымызды жаңғыртып көне қазақтардың тарихын тереңдету ісін қолға алса деген ниет бар. Ол үшін, біз мақалаға арқау еткен ағылшын зерттеушісінің еңбегіне де бір назар салып өтсе дейміз.
Бүгінгі мәңгілік елдікті көксеп, қазақ елін Мәңгілік ел деп жариялаудың түп төркіні қайдан шыққанын түсінген боларсыздар. Бұл сөздің түп төркіні біле білгенге 34 мың жылдан басталатындығын сезіндіру. Мысыр пирамидасынан 30 мың жыл бұрын пайда болған мемлекет атауының түп мағынасы, тілдік құрылымы бүгінгі қазақ халқының қолданыстағы тілінен айырмашылығы жоқтың қасы.
Енді, пирамида туралы сөз қозғалғаннан кейін «Отырартанушы» Бекжан Бейсенбайдың «Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының сайтына жарияланған «Пирамидаларды салған кім?» тақырыбындағы зерт­темелік ша­ғын мақала­сын оқырман қауымға ұсынғанды жөн көрдік.

Пирамидалар біздікі ме?
Пирамида десе есімізге Мысыр елі түседі. «Әлемнің жеті кереметінің» бірі бұл пирамидалар саны Мысырда 118. Ніл өзенінің солтүстік батыс жағалауына шашырай орналасқан бұл пирамидалардың ең көнесі – Джосер пирамидасы. Бұл пирамиданың негізі осыдан 5000 жыл бұрын қаланған. Мысыр пирамидаларының ең үлкені Гиза даласында орналасқан Хеопс пирамидасы. 20 жыл салынған бұл пирамидаға салмағы 2,5- 3 тоннаға жететін 2 млн. 300 мың тас кірпіш жұмсалған. Оның ішінде орналасқан «патша бөлмесінде» салмағы 80 тоннаға жететін алып кірпіштер де бар. Сол сияқты пирамидалардың Америка материгінде барын да біз бұрыннан білеміз. Әсіресе, қазіргі Мексика жерін б.з. V-X ғасырларында мекен еткен Майя тайпасының салдырған пирамидалары ерекше. Ал, енді, Қытай еліндегі пирамидалар туралы біз енді-енді естіп жүрміз. Себебі, қытайлықтар бұл өлкені әлі күнге дейін жабық, жасырын ұстайды екен. Шетелдіктердің баруына тыйым салынған.
Қытайдың Шэнси өлкесінде жүздеген пирамида бар. Тек Цзя Линь өзенінің жағалауындағы пирамида ғана ең үлкен. Оның көлемі Мысырдағы ең үлкен Хеопс пирамидасынан екі есе үлкен дейді. «Ұлы Ақ пирамида» деп аталатын бұл пирамиданың биіктігі 300 метр, ал, ені 500 метр.
Бұл пирамидалар бұдан 5000 жыл бұрын тұрғызылған деген дерек бар.
Ал, енді, Тибеттегі атақты Кайлас тауындағы пирамидалар ең ғажайып құрылыстар. Мысырдағы Хеопс пирамидасының биіктігі 146 метр болса, Кайлас тауындағы пирамидалардың кейбірінің биіктігі 100 метрден – 1800 метрге дейін жетеді. Әрі Кайлас әлемдегі ең көп әрі ірі пирамидалар орналасқан өлке. 2012 жылы орыс зерттеушілері Қырымнан 7 ғажап пирамида тапты. Олардың жасы Мысыр пирамидаларынан да «кәрі» көрінеді. Ғимараттардың маңайынан бітімі адамға келетін аса ірі тіршілік иелерінің сүйектері табылған. Жер серігі арқылы түсірілген суретте Севастополь қаласының маңындағы Федюн жотасында үлкендігі 795х715 болатын алаңқай табылған. Зерттеушілер ол жерді өте ерте заманда шаһар болғанын анықтады. Осындай ғажайып құрылыстар мен пирамидалар тек жер бетінде ғана емес, су астынан да табылуда. Орыс-қытай бірлескен экспедициясы Қытайдағы екі мың метр биіктікте орналасқан таудағы Фушиан Ху көлінен мыңдаған жылдардан бері мұрты бұзылмай сақталған су түбінен ғажайып шаһарды тапты. Ғалымдарды таң қалдырған дүние, қала ғажайып үш пирамиданың айналасына шоғырлана орналасқан. Ғалымдар пирамидалардың биіктігі кем дегенде жүз метр­ден асады дейді. Өте дәлдікпен шеңбер ішінде орналасқан пирамидалардың жасы ғалымдардың есебінше, Мысыр пирамидаларынан екі есе үлкен. (Яғни, 15 мың жыл бұрын) Ғалымдар «Бұл әлемдегі ең көне шаһар, қаланың іргесі бұдан 15 мың жыл бұрын қаланған» дейді. Қаланың тас қабырғаларына салынған суреттер мен таңбалардың кереметтігі Мысыр пирамидаларына салынған таңбалардан әлдеқайда ғажап, көркем. Таңқаларлық жағдай, олардың ешқайсысы бұзылмаған. Ғалымдардың есебінше, Фушиан Ху көлінің жасы кем дегенде 12 мың жыл. Ал, қала одан бұрын салынған. Куба жағалауындағы Бермуд үштағанының түбінен ғалымдар алып қала құрылысын тапты. Құрылыстың ішінде 4 үлкен пирамида орналасқан. Олардың біреуі шыныдан жасалған. Олардан басқа бірнеше Сфинкс және басқа мүсіндер бар. Ғалымдардың пайымдауынша қала үнді өркениеті кезінде шамамен 1,5-2 мың жыл бұрын салынған. Ғалымдар «Бұл жерде кезінде өте үлкен мегаполис болған, кейіннен қуатты жер сілкінісі мен теңіз суының көтерілуінің кесірінен қала су түбіне батып кеткен» деп есептейді. Пирамидалар Египеттегі Гиза пирамидаларына ұқсас, бірақ размері одан да үлкен. Ал, үлкен кристалл тәріздес шыныдан салынған пирамида размері жағынан Египеттегі Хеопс пирамидасынан да үлкен.
Енді, «осы пирамидаларды кімдер салған» деген сұрақ туатыны заңды.
Кейбіреулер ешқандай дәлелі болмаса да бұл пирамидаларды жат планеталықтар салған дейді. Айтатын дәлелі ең кішісі 2,5 тоннадан 80 тоннаға дейін жететін тастарды мынандай дәлдікпен қалау адам баласының қолынан келуі мүмкін емес дейді. Ал, Еуропалық ғалымдар б.д.д 359 жылы ежелгі грек ғалымы Платон жазып кеткен атланттар салған дегенді айтуға құмар. Атлантиданың астанасы Атлас қаласы болған. Платонның жазуынша атланттар аралда өмір сүрген. Бірақ, ол мемлекет қай жерде өмір сүрген, ол Арал мен Атлас қаласы қайда? Бұл туралы ешнәрсе айтылмаған.
Қазір Еуропа ғалымдары осы Атлантиданың қалдығын іздеп әуре.
Осыдан бірнеше жыл бұрын Батыс ғалымдары ғарыштан түсірілген сурет арқылы Испания жағалауынан батып кеткен аралды, ондағы аса үлкен ғимараттардың сұлбасын көрген. Мүмкін, «Атлантиданың астанасы Атлас қаласы осы болар» деп зерттеу жұмысын бастап кетіпті. Ал, биыл орыс ғалымдары Қырымнан тапқан жеті пирамида мен Севастополь маңындағы Федюн жотасынан табылған алаңқай орнын Атлас қаласының орны болуы мүмкін дейді. Дәлелі Федюн жотасындағы қала орны мен Платон айтқан Атлас қаласының үлкендігі (925м) дәл келеді. Орыс ғалымдары Атлантиданы осы жерден Қара теңіз түбінен іздеген жөн дейді. Америка ғалымдары болса Куба жағалауындағы Бермуд үштағанынан табылған суасты қаласының қалдығын Атлантида туралы айтылғандарға дәл келеді деп есептейді. Себебі, арал табиғи апаттан суға батып кеткен.
Енді, осы түрлі болжамдар мен аңыздарды былай ысырып қойып, нақты не белгілі соны талдап көрейік.
Осы әлемнің түкпір-түкпірінен табылып жат­қан пирамидалардың ішіндегі ең жасы оңтүстік Америка жеріндегі майялықтар салған пирамидалар. Бұл жерде талас жоқ, пирамидаларды тұрғызған ешқандай жат планеталықтар емес, аңыздағы атланттар да емес, тарихтан белгілі Майя халқы.
Майя халқының түрік текті халық екенін дүниежүзі әлдеқашан мойындаған. (Америкалық үндістермен соғысып жүрген орта ғасырлық испан шіркеуінің монахы «Құдай-ау, біздің үндістер деп жүргеніміз таза түркілер екен ғой» – деп таңғала жазған екен Н.П) Алла тағаланың түркілерге салған ерекше белгісі – жаңа туған нәрестенің құйымшағында «көкшіл таңба» басқа бірде бір халықта болмайды. Ал, майялықтарда ол бар. Екінші Майя халқының тілі түркі тілінің ішінде қазаққа өте жақын қыпшақ диалектісінде сөйлейтінін ғалымдар дәлелдеген.
Куба жағалауындағы су астынан табылған қала да шамамен осы үнді Майя өркениеті кезінде, яғни 1,5-2 мың жыл бұрын салынған дейді ғалымдар.
Ал, Қырымды атам заманнан түркі халықтары мекендеп келе жатқаны даусыз шындық. Ал, енді, осы Мысыр пирамидаларын, Қытай пирамидаларын, оңтүстік Америкадағы пирамидаларды зерттеген ғалымдар олардың таңқаларлық ұқсастығын көп табады. Куба жағалауындағы су астынан табылған пирамидалардың жанынан Мысырдағыға ұқсас Сфинкстың бірнеше мүсіні табылған. Қытайдағы Фушиан Ху көлінің түбінен табылған пирамидалардағы тас қабырғаға салынған суреттердің, таңбалардың кереметтігі Мысырдағы пирамидаларға салынған таңбалардан әлдеқайда ғажап, көркем. Фушиан көліндегі пирамидалардың тас қабырғаларының үлкендігі Мысыр пирамидаларымен шамалас, ал, сәулеті жағынан Америкада Майя тайпасы салған пирамидалармен үндесіп жатыр. Ешқандай Қытай жазбаларында пирамида, мұндай қала туралы ештеңе айтылмаған. Ал, Қытайлар Шэнси өлкесіндегі алып пирамидаларды бүгінге дейін жасырып келген. Қазір Қытайлықтар ол өлкені жабық аудан есебінде, ешкімге көрсетпей, сырт көзден құпия ұстап отыр. Бұл түсінікті де. Себебі, біз қазір Қытай атап жүрген ханзу халқының тарихы б.д.д бірнеше ғасырдан ғана басталады. Қытай тарихының атасы атанған Си-ма Чиян Қытай мемлекеттігінің басталу мерзімін б.д.д 697 жыл деп көрсетеді. Ал, ұлы философ Кун-Фу-Зы б.д.д 357 жылдан бастайды. Қытай тарихшылары өз елінің ең ежелгі тарихын былай бастайды: «Сиуңнулардың атасы Шүн-Віи есімді кісі Шиа-Хиушы әулетінің ұрпағы болатын». Қытайдың дәстүрлі астарлап сөйлеу мәнерінен турасына аударсақ, бұл былай болып шығады: «Қытайлармен алғашқы байланысқа түскен Сиуңнулар мен Қытайдың алғашқы билеуші әулеті бір әулеттен болатын». Немесе қысқаша айтқанда «Қытайлардың алғашқы билеуші әулеті көшпенділер әулетінен шыққан» деген сөз. Қытайдың алғашқы билеуші әулеті де, көне Қытайдағы бірнеше княздіктің басын біріктіріп, «Аспан асты империясын» құрған Ши Хуан-ди патша да көшпенділер әулетінің өкілдері. Осы жерде түрік императорлары өздерін «Көктің ұлы», «Тәңір құт» деп атағанын айта кеткен жөн. Түріктердің ұстанатын діні – Тәңір діні десек, түріктер Тәңір құдайдың мекені аспанда, зеңгіркөкте деп есептеген. Ал, өздерін тәңірдің жердегі өкілі – Көктің ұлы деп атаған. Сондықтан да, олар құрған империя Көктің ұлы империясы – Аспан асты елі деп аталған.
Қанша ерте дамыған дегенмен, қазіргі ғылымға белгілі Қытай жазба тарихы б.д.д бірнеше ғасырдан ғана осылай басталады. Ал, «Шенси өлкесіндегі пирамидалардың салынғанына 5000 жыл болған» дейді ғалымдар. Фушиан Ху көліндегі пирамидалардың жасы 15000 жылға кетеді. Демек, бұл пирамидаларды салуға ханзу халқының еш қатысы жоқ. Ал, алдыңғы Азияда ең алғашқы тарихы белгілі хатқа түскен өркениеттің негізін қалаған Шумерлер де, Кіші Азия жерінде алғашқы өркениеттің негізін қалаған Хаттар да, Еуропадағы ең алғашқы өркениеттің негізін қалаған (б.д.д 1500 ж) этрускілер де түрік тектес халықтар екені қазір дәлелденген шындық.
Мысыр еліне бірнеше ғасыр билік жүргізген көшпенді халық – Гиксостар туралы дерек тарихта бар.
Ежелгі еврейлердің қасиетті кітабында пайғамбар өз үмбеттеріне «Мен сендерге, Израйль шаңырағына, сонау алыстағы халықты, аса күшті халықты, ертеден жасап келе жатқан халықты жіберемін. Олардың барлығы да шетінен ержүрек. Олар сендердің ұлдарың мен қыздарыңды құрбан етеді,… сен сеніп отырған қамал мен қоршаған қалаларыңды күл-талқан етеді» деп қорқытады. Ал, осы «ертеден жасап келе жатқан халық» дегені көшпенділер өкілдері Кемерлер мен Скифтер болатын. Осы жерде түрік әлемінің алтын бесігі атанған Алтайды жан-жақты зерттеген академик А.П.Окладников бастаған ғалымдар Алтай тұрғындары жасап, пайдаланған тас құралдардың жасын 200 мың жыл деп анықтапты. Тағы да бағзы замандарда Қиыр Шығыстағы Беринг жер мойнағын басып өтіп, Америкаға қоныс аударған Американың байырғы тұрғындарының тарихы туралы профессор Әділ Ахметов «Азиядан Америкаға адам баласының қоныс аударуы дүркін-дүркін болғандығын, яғни, бірінші рет 40-35 мың жыл бұрын, екінші рет 28-25 мың жыл бұрын және үшінші рет 14-10 мың жыл бұрын қоныстанғанын аңғаруға болады» – деп көрсетеді. Осы Американың байырғы тұрғындарының түрік нәсілдес екені сырт пішінінен де тілдерінен де дәлелденген. Бұл осы мәселемен жан жақты айналысқан Америка ғалымдарының дерегі. Еуропаның ақсүйекпіз деп жүрген халықтарынан түркілер жазу-cызуды бұрын игергені дәлелденген шындық. Ең алғашқы жазуды игерген Еуропалықтар да емес, қытай, үнді, еврейлер де емес түркі тектес шумер, хаттар болатын.
XX ғасырдың басында Югославия, Болгария жерінде Винча өркениеті табылғанда Еуропалықтар қандай қуанды дейсіз. Себебі, Винча жазуы бұған дейін әлемдегі белгілі ежелгі жеті жазудың ішіндегі ең көнесі шумер жазуынан (3100ж. Б.д.д) төрт ғасырға жуық (б.д.д 3470 ж. Винча жазуы пайда болған) көне болатын. Бірақ, тексере келгенде бұл жазу Еуропалықтарға емес, түркі тектес этруск халқының жазуының бастапқы кезеңі екені дәлелденді. Этруск әліппесі 26 әріптен тұрады, оның 5-eуі дауысты. Б.д.д. IV-V-ғасырда өмір сүрген сақтар да, б.д.д I-ғасырда өмір сүрген қаңлылар да, б.з. VII-ғасырындағы түріктер де осындай әліппені қолданған. Ал, енді, осы әлемнің түкпір-түкпірінде салынған пирамидаларға ұқсас, түркілердің ата қонысында – Орталық Азияда не бар? Орталық Азияда түріктер тастан пирамидалар салмаса да, атақты патшаларына биік қорғандар салып, оны өте қастерлеген. Қазақстан жеріндегі осындай қорған обалардан қазір патшалар мен патшайымдардың алтындаған бұйымдары табылды. Бұл құнды жәдігерлер біздің ата-бабаларымыздың сол көне заманның өзінде өркениеттің жоғарғы сатысына жеткенін көрсетеді. Жақында Моңғолия жерінен осыдан 1300 жыл бұрын салынған көк түріктердің жерасты мазарын тапты. «Жер бетінен 8 м тереңдікте жатқан қорымның үстіңгі көмбесінің биіктігі 4 м. Ал, есікке бастайтын дәлізінің ұзындығы 40 м. Дәліздегі қос қабырғаның бір жерінде бос орын жоқ. Барлығына сурет салынған» – деп хабарлайды түріктанушы ғалым Қаржаубай Сартқожаұлы. Жақында Германия жерінде құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан неміс жұмысшылары жерастынан б.д.д 1300 жылдары жасалған өте қымбат алтын мен асыл тастардан жасалған қазына тауып алған. Қазынаны жан-жақты зерттеген неміс ғалымдары бұл заттардың бұдан 3300 жыл бұрын Қазақстан жерінде жасалғанын даусыз дәлелдеп берді.
Әлем ғалымдарын қызықтырып отырған Қазақстанның солтүстігіндегі Торғай даласында жатқан «Үштоғай төрттағаны» мен «Торғай свастикасы» деп аталатын тарихи ғимарат. Бұл ғимараттар ғарыштан қарағанда көрінеді екен. Дүниежүзі археологтарын таңқалдырған бұл нысандардың көлемі Париждегі Елисей алаңы мен Мәскеудегі Қызыл алаңнан да үлкен. Ғалымдар бұл геоглифтерді б.д.д 7-9 мыңжылдықтарда салынған, Мысырдағы Гиза пирамидаларынан да екі мың жыл бұрын салынған эпикалық ғимарат дейді. Қазір ғалымдар зерттеп жатыр.
«Егер, бұл ғимараттардың Гиза пирамидаларынан «кәрі» екені дәлелденсе, бүкіл адамзаттың тарихы Қазақстан жерінен басталатын болмақ», – деп хабарлайды «Айқын» газеті. Ал, енді, осы ең кіші тасы 2,5 тонна, ал үлкені 80 тоннаға жететін алып пирамидаларды қалай тұрғызған. Бұған дейін бұл туралы талай жорамалдар да айтылды. Бұлардың ішіндегі ең көп зерттелгені Мысыр пирамидалары болатын. Мысыр пирамидаларын таудың тасынан қашап алып, блок-блоктан құрастырған деген ой көбірек айтылатын. «Бірақ мұнша ауыр тастарды қалай көтерген», – деген сұраққа ешкім де жауап бере алмады. Мысыр пирамидаларының қалай салынғаны туралы ең көңілге қонымды ойды алғаш рет айтқан қазақтың біртуар ұлы, өнертапқыш Сейілбек Қышқашов болатын.
1980 жылы ғалымдар Хефрен пирамидасының ішіндегі қазынаға апаратын жолдан тас қабырғадан елеусіз ғана шығып тұрған адамның шашын байқайды. Бұл тасты таудан қашап алған деген ойдың қате екенін, қайта пирамида кірпіштерін бетон сияқты құйған деген ойға жетелейді, Сейілбек ағамызды. Бұл бетон құйған құрылысшылардан кездейсоқ қалып қойса керек. Пирамидалардың жанынан балшық айдайтын қырманға ұқсас өте үлкен бассейндер табылған. Оның не үшін екенін ешкім де айтып бере алмайды. «Менің ойымша бұл тас ерітетін бассейндер», – дейді Сейілбек Қышқашов. Ол 1993 жылы көптеген тәжірибелерден соң бие сүтінен жасалған еріткішпен қызыл гранит тас­тарды ерітіп, бетон сияқты қайта құю технологиясын игерген болатын. Бұл тек пирамиданы зерттеген ғалымдарға ғана емес, медицина үшін де теңдесі жоқ жаңалық болатын. Бұл еріткіш организмдегі өт, бүйрек, ас қорыту жүйесіндегі тастарды тазалауға таптырмайтын әдіс еді. Ең өкініштісі сол, дарынды өнертапқыштың осы жаңалығына қазақ шенеунігі патент бермек түгілі, мазақ қылып қайтарып жіберіпті. Ал, арада жиырма жыл өткенде қазақтың ұлттық тағамы қымызды немістер патенттеп алды.
Ал, осы пирамидаларды ұзақ жылдар зерттеген мысырлық ғалымдар жақында, Сейілбек Қышқашовтан 20 жылдан кейін, «Бұл пирамидалардың кірпіштері қолдан құйылған» деген қорытынды жасапты. Кірпішке химиялық анализ жүргізген мамандар тастың тау жынысының ұсақталып, үгінді күйінде келетінін, содан соң арнайы қоспалар қосылып, ағаш қалыпқа құйылғанын анықтаған. Виктория университетінің профессоры Кен Маккензи «Жердің ежелгі тұрғындары қазіргі заманның бетонынан сапасы асып түсетін табиғи бетон жасай алған» дейді. Әлемнің атақты қасқа бас ғалымдары енді ғана білген бұл жаңалықты қазақтың қарапайым өнертапқышы бұдан 20 жыл бұрын ашып қойғанын олар қайдан білсін. Олар әлі де біле алмай жүрген еріткішті Сейілбек Қышқашов бұдан 20 жыл бұрын тауып, көзге көрсетіп, қолға ұстатып та қойған.
Сейілбек Қышқашовтың «Жер бетінде бір де бір өсімдік синтездей алмайтын уксусты жылқының сүт бездері ғана синтездей алады екен. Бие қымызынан қызыл гранитті еріте алатын еріткіш жасап шықтым. Пирамида тастары осылай ерітіліп, қалыпқа құйылған» – деген сөзі дәлелденсе, пирамида құрылысына жылқының көптеп пайдаланылғаны дәлелденбек. Демек бұл, пирамидаларды салған көшпенді түркілер деген сөз.
Ия, барлығы да мүмкін. Ұлы империялардың ұйытқысы, құраушысы, ежелгі өркениеттерді дүниеге әкелуші көне қазақтар (түркілер) құрамындағы бүгінгі іргелі рулардың да өзге халықтарға тигізген өзіндік тарихи әсерлері бар. Қазақстан даласынан шыққан Заратуштраның «Авестасының» өзі 13 мың жылдықтан тамыр тартқан діни-трактат деседі. Ал, Будда дінінің негізін қалаушы Сиддхартха Гаутама ше? Екі жарым мың жыл бұрын өмір сүрген оны үнді жұрты құрметтеп, Сакьямуни яғни, «Сақ әулетінің ғұламасы» – деп құрмет тұтқан. Сақтардың қай халықтың түпкі тегі екендігі баршаға белгілі. Ендеше, Джеймс Черчвардтың Үндістаннан көне түркі тілінде жазылған тас тақталарды қалай кезіктіргеніне күмәнданудың да қажеті жоқ.
Арғы заманды қозғамағанда кешегі соңғы мың жылдықтардағы Мысырдағы қыпшақтар, Сириядағы жалайырлар, Ирактағы қаңлылар, Үндістан-Кашмирдегі дулаттар, парсы жұртына ықпалы жүрген наймандар мен қоңыраттар тарихының өзі арнайы зерттеуді қажет етеді. Бұл тұрғыда аудандық «Өскен өңір» газеті де әр уақытта түрлі тақырыптармен материалдар, өзіндік зерттеулерін жариялап келеді.
Тарихқа қызығушылығы бар оқырман қауымнан да өзіндік зерттемелік мақалалар, халық ішінде ауызекі айтылып жүрген аңыз, әфсанаға негізделген әңгімелер, жазбалар күтеміз. Бүгінгі сіз бен біз білетін, ата-бабаларымыздан естіген дерек-дәйектердің тасқа басылып, хатталып қалғанын қалаймыз.

Нұрболат Пірімбет.
26 желтоқсан 2017 ж. 1 354 0