Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ТАҢҒАЖАЙЫП ТАМШЫБҰЛАҚ

ТАҢҒАЖАЙЫП ТАМШЫБҰЛАҚ

Қалта телефонымыз жанын қоярға жер таппай шырылдап жатыр. Жарықтық тура бір жүректің тұсынан қанжар сұққан торайдай шыр-шыр етеді. Алып қарасақ, нөмір бейтаныс екен. Бірақ өзі он бір саны келіскен, құдды бір банк қызметкерлерінің «тез кредитті қайтар» деп қайта-қайта қоңырау шалып, мазаңды алатын нөмірлерге қатты ұқсайды. Өзіміз өмірі несие алып көрмесек те кредит алып, сыртымыздан кепілдікке қоятын ағайынның арқасында арагідік осындай тәуір нөмірлер хабарласып тұратыны бар. Содан телефонның жасыл нүктесін бастық қой.
– Алло?
– Тыңдап тұрмын.
– Елдос па екен?
– Иә, дәл өзі.
– Кешіріңіз сізбен танысуға бола ма?..
– Айдана, досыңмен қайта танысардай басыңа не күн туды?..
– «Ой, сені бір алдай қояйын десең осы» деп «Айқын» газетінің тілшісі Айдана Нұрмахан әріптесім күліп жіберді.
Содан не керек, ол алдағы аптада «Айқынның» дәстүрлі экспедиция¬сы болатынын, онда айқындықтар Алматы облысындағы тарихи һәм табиғаты көрікті жерлерге сапарлататынын айтты. Сондай-ақ, жолға шығатындардың сапына мені де енгізіп қойғанын ескертті. Онсыз да желпініп тұрған маған бұл шақырту тілегенге сұрағандай болды. Сөйтіп, араға апта салып, өкіметтің өзі берген еңбек демалысына шығып, бағытты Алматыға қарай түзедік. Жол-жөнекей Шымқаладан Қазығұрттың қара баласы Алмас Найманбай досым ере шығып, екеуміз тарихы терең Тараз шаһарына тоқтадық. Онда бізді студенттік кезеңнен бірге өскен, бүгінде республикалық «Жас Алаш» газетінің меншікті тілшісі Нұрболат Әлдибек пен ақын Табиғат Абайілдаев құшақ жая қарсы алды. Жағдай сұрасып, аман-саулық білгеннен кейін төртеуара тастаяқтан кіші турнир өткіздік. Үш облыстың намысы үшін сынға түскен төртеу арасындағы бұл турнир өзімізге өте қызықты өтті. Әсіресе, ежелгі қарсыласым Табиғатпен финалда тартысты ойын болды. Таразда көп аялдамадық, таң қылау бере Алатауға қарай тартып тұрдық.
«Түнгі Алматы тұманы ашылғанда,
Алатауға ай келіп асылғанда
Нұр жанады, аспанның жұлдыздары,
Алматының үстіне шашылған ба?!
Сүйіседі көшелер көшелермен,
Бір рахат сезесің еселенген.
Осы сиқыр қалада өскеніңмен,
Таңданасың туристей кеше келген» деп ақын Мұқағали Мақатаев жырлаған қалаға кештетіп кіріп келдік. Жарықтық мәдениеттің астанасы атанған бұл мекеннің табиғатының өзі тәртіпті ғой. Қарт Алатау қанша жерден биік тұрса да өзін тәкәппар санамайды. Таумен таласа өскен теректері де тәрбиелі. Ал, халқының қонақжайлылығы мен бауырмалдығы сырттан келген мейманға деген ілтипаты ерекше. Айта берсе, әңгіме көп.
Келесі күні бозара атқан таңмен жарыса тұрып, «Айқын» редакциясының алдында ескі ұжыммен басымыз қосылып, әрмен қарай Алматы облысы Ақсу ауданындағы таңғажайып Тамшыбұлақты көруге бет алдық. Топырағын түртіп қалсаң тарихтың бір парасы ақтарылатын Талдықорған қаласын басып өтіп, түс ауасы Ақсу ауданына кіріп келдік. Онда бізді Ақсу ауданына қарасты Көшкентал ауылының әкімі Тұрсыннұр Білісбек күтіп алды. Содан кейінгі жолдың бағытын көрсетіп алдымызға түскен Тұрсыннұр мырза Шымбұлақ демалыс аймағындағы шөбі шүйгін, жеміс ағашы жерге дейін иілген көрікті орынға алып келді. Ауыл тұрғындарының арнайы айқындықтар үшін тіккен киіз үйіне жайғасып, ақжарқын ағайынмен қауқалдаса әңгіме айтып, кең пейіл жандардың даладай көңілдеріне марқайып қалдық. «Көңіл – көңілден су ішеді» деген осы екен.
– «Бұл Шоқан бабамыздың ізі қалған жер» деп әңгімесін бастады,– Тұрсұннұр Тұрсынбекұлы өңір жайлы айтып беруін өтінгенімізде.
«Бұл өлкенің әр төбесі мен қыраты, өзен-көлі тарихпен тікелей біте қайнасып жатыр. Әсем табиғаты келген қонақтарға ерекше әсер сыйлап, рухани баюына көмектеседі. Ал, осындай еліміз үшін құнды, туризмге қолайлы аймақты дұрыс сақтап, келешек ұрпаққа аманаттап, шетелдік қонақтарды қазірден бастап тарту біздің басты міндетіміз. Бір ғана Тамшыбұлақтың өзіне қазіргі таңда елдегі келушілерді айтпағанда Ұлыбритания, Ресей секілді мемлекеттерден туристер қызығушылық танытып, келіп жатыр. Жалпы, Тамшыбұлақтың ерекшелігі жердің үстіңгі қабатынан шапшып шыққан су бейне бір су пердесі секілді төмен қарай ағады. Дәмі де басқа сулардан бөлек. Қақаған қаңтар мен шіліңгір шілдеде де өзінің қалыпты температурасын сақтап тұрады. Адам денсаулығына тигізер пайдасы зор. Әсіресе, қан қысымын реттеуге тигізер әсері өте көп»,– деді ауыл әкімі ағынан жарылып.
Алматы облысының оңтүстік-шығыс бөлігіне қонған қасиетті Ақсу өңірі 12,6 мың шаршы шақырым аумақты алып жатыр екен. Ауданда бүгінде 40 мыңға жуық халық тұрады. Орталығы – Ілияс Жансүгіров ауылы. Жалпы, Ақсу ауданына Ақсу, ақын Сара, Шолақөзек, Арасан, Барлыбек Сырттанов, Егінсу, Есеболатов, Жаңалық, Қаракөз, Қарасу, Қарашілік, Қапал, Құрақсу, Көшкентал, Қызылағаш, Матай, Молалы, Ойтоған, Суықсай, Шолақөзек ауылдары қарайды. Осылардың ішіндегі Қапалдың тарихы тереңде.
Шоқан Уәлиханов өз жазбаларында «Қапал стансасы Қапал батырдың есімімен аталған. Қапал батырдың мәйіті Қапалдан 40 шақырымдай Қарамола деген жерге қойылған» деп жазған екен. Алайда, Қапал атауы сол маңдағы Қопалы өзенінен шыққан деген де дерек бар. 1847 жылы Қапал бекінісі салына бастағанда, орыстар «Копальское укрепление» деудің орнына, «Копальское» деп қысқа қайырған. Орысшада «о» дыбысы «а» болып айтылғандықтан, «Қопалы» «Қапалға» айналып кеткен дейді. Кеңес өкіметі орнағанға дейін Қапал 14 болысты біріктірген ірі уездердің бірі болды. Бертінге дейін өз алдына Қапал ауданы аталып келген бұл өңір бүгінде Ақсу ауданының ірі ауылына айналып отыр.
Осылайша, келген жерімізді сыртынан сұрастырып, төңірегімен толық танысқаннан кейін ауыл әкімі Тұрсыннұр бізді Тамшыбұлақтың тура өзіне алып келді. Құдайдың құдыреті дерсіз, сан ғасыр тамшысы таусылмай ағып тұрған бұлақты алыстан көргенде әлдебір ілулі тұрған перде екен деп те қаласыз. Жаратқанның мұншалықты судан сұлу көрініс жасап, онымен қоса жақындап кеткен жаратылысқа пайдасын беретін қасиетін сезгенде еріксіз таңқалады екенсің. Ал, судың дәмі шынымен бөлек. Әрқайсымыз өзімізбен ала келген құтыларымызға құйып, мейіріміз қанғанша сағасынан ішіп алдық. Бұдан соң осы ауылдағы ақын Сараның музейіне бас сұқтық. Онда Сара Тастанбекқызының өмір жолымен танысып, оның өмірде қолданған құнды жәдігерлерін көзбен көріп қайттық.

ТҮЙІН: «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деген мақалада қазақ жеріндегі осындай тарихы терең көрнекті де әсем жерлерімізді насихаттауды міндеттелген. Осы арқылы қазақтың қасиетті жерлеріне қоғамның қызығушылығын арттырып, сырттан келетін туристердің санын көбейту көзделген болатын. Бұл ретте «Айқынның» экспедициясы» елдегі көне қала, қорғандар мен ескірген ескерткіштерді қоғамның есіне салып, қайта жаңғыруына өзіндік үлес қосып келеді. Республикалық аға басылымның мұндай бастамасын облыс, қала, аудандық газеттер де қолға алып, туған жердің әрбір тауы мен қыратын, өзен-суларын насихаттап, елдің назарына салып отырсақ нұр үстіне нұр болар еді.
Елдос ЖҮСІП,
Шиелі-Алматы-Талдықорған-Алматы-Шиелі
11 желтоқсан 2022 ж. 482 0