Өскен өңір Шиелi аудандық қоғамдық-саяси газет
» » Азаттық жолында ту көтерген ерен ер

Азаттық жолында ту көтерген ерен ер

Ұлан байтақ жерін алакөз жаулардан қорғау үшін ат арқасына қонған батыр бабаларымыздың есімі ел жадынан өшкен жоқ. Солардың қатарында Сыр топырағынан да елге қорған болған талай ерлер шыққан. Азаттық жолында ту көтерген ерен батырлардың бірі – Сырлыбай Шабақұлы.
Ол қазіргі Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, «Өркендеу» ауылына жақын орналасқан Ақтөбе деген жерде 1818 жылы дүниеге келді. Оның өмірі сол тұстағы сан түрлі қиын кезеңмен тұспа-тұс келеді. Әбілқайыр хан Кіші жүзді қазақ жерінің батысына орналастырғанда Әлімнің Кішкене деген аталығын Сырдария бойы, Арал теңізінің солтүстік шығыс бетіне қоныстандырған. Кішкененің үлкен баласы Жиенейден Әлмәмбет, Әлдеберлі елі және Құттықожа деген үш ұл тарайды. Бізге белгілі Сырлыбай хан Құттықожаның баласы.
Бірде Хиуа ханының зекетшілері қарапайым халыққа әлімжеттік көрсетіп кезекті алым-салық жинап, жылқы, сиыр мен қойға қырғидай тиіп әкетіп бара жатып, көзге түскен 14-15 жас шамасындағы Сырлыбайды да ала кетеді.
Еті тірі Сырлыбай жиырмадан жаңа асқан шағында Хиуа шахына кеңесші болады. Жиырма жылға жуық сол елде кіші хандықтың бас уәзірі атанып, хан дәрежесіне дейін көтерілді. Кейін елге қайтып, атақты батыр Жанқожа Нұрмұхаммедұлы бастаған топқа қосылып, Сыр, Арал бойы қазақтарының патшалық Ресейдің отарлау саясатына қарсы 1856-1857 жылдардағы көтерілісінде мыңбасы сайланды. Мұнан кейін Қазалы уезі, Ақтөбе болысында болыс болған Сырлыбай Шабақұлы елді ауызбіршілікке жұмылдырды.
Шырайлы жерді өзіне қаратып, жергілікті халықты сабылтып қойған орыс билеушілерінің сұрқия саясаты Жанқожаның ашу-ызасын тудырды. Қартайса да, ел қамқоршысына айналған батыр 83 жасында айбалтасын білегіне іліп, қайта атқа қонды. 1856 жылы батыр 1500 сарбазымен бұрынғы Жаңақала бекінісі маңына шоғырланды. Көтерілісшілерден құралған әр екіжүздік жасақты Жиеней руынан шыққан Сырлыбай Шабақұлы, Төртқара руынан Үмбет Әлімұлы, Керейтқожа руынан Аманқожа Әуменов басқарды. Бұл көтеріліске Сыр бойынан барлық рулар қатысты. Дегенмен іштен шыққан жау жаман демекші батырлардың құрған жоспарын бір қазақ жайып салды. Соның салдарынан шайқас болатын жерге бұлардан бұрын жау әскері орналасып үлгереді. Осы тұста Жанқожа, Сырлыбай хан бастаған қол, атқа қамшы басып, сарбаздар атой салып, лап қойды. Бірақ өңешінен от шыққан зеңбіректер, станокты пулеметтер сарбаздарды қырып салды. Дегенмен Сырлыбай Шабақұлы бастаған жауынгерлер шайқаста көзсіз ерлік көрсетті.
Тарихта қалған Жанқожа, Сырлыбай батырлардың ерлігі кітап болып жазылды. Қаламгер Әбдісаттар Оспановтың «Хан Сырлыбай» атты тарихи романы жарық көрді. Туындыда қарадан шығып хан болған Сырлыбай тағдыры жан-жақты суреттелген. Сонымен бірге кітапта Сырлыбайдың ел билігіне араласқан ұрпақтарының ерлігінен сыр шертіледі.
Сырлыбай Шабақұлы 1898 жылы сексен жасында өмірден озды. Балалары Нұрқожа, Нұрман, Тобжан Түркістан қаласынан арнайы ұста алдырып, кесене тұрғызды. Бүгінде Сырлыбай хан мазары Өркендеу ауылынан 10 шақырым жерде орналасқан. Күмбез XIX ғасырдың архитектуралық озық құрылыс үлгілерінің қатарына енді. 1980 жылы «Казпроектреставрация» институты құжаттарын жасап, қорғау аймағы болып белгіленді. 1997 жылы ұрпағы Бегалы Айтмембетовтің ұйымдастыруымен қайта реставрация жұмыстары жүргізілді.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «тарлан тарихтың, жасампаз бүгінгі күн мен жарқын болашақтың көкжиектерін үйлесімді сабақтастыратын ұлт жадының тұғырнамасы» делінген. Батыр тұлғаларымыздың ерлігі мен өнегесі бүгінгі ұрпаққа дәріптелуі керек. Халық өзінің тарихын, тегін, ата-бабасының кім болғанын, қандай батырлар шыққанын білуі міндетті.
«Тарихты білмей – келешекті болжау қиын», – деген екен Әбу Насыр әл-Фараби. Сыр өңірінің перзенті, батыр Сырлыбай Шабақұлының туғанына биыл 200 жыл. Сырлыбай батыр сияқты тарихи тұлғалардың қазақ тарихындағы орнын айқындап, жас ұрпаққа жеткізу парыз. Батырдың ғибратты ғұмыры өскелең жастарға өшпес өнеге болып, тарих беттерінде қатталып қалуы тиіс.

Мырзахмет ТОЛЫБАЙ,
зейнеткер.
11 қазан 2019 ж. 185 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№89 (8740)

15 қараша 2019 ж.

№88 (8739)

12 қараша 2019 ж.

№87 (8738)

08 қараша 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам