Жансель Дениз мен Смайыл Дүйсебай Ирандағы рейтингілік турнирде жүлдегер атанды
Иранның Киш аралында өткен Президент кубогі рейтингілік турнирінде таеквондошы Жансель Дениз қола жүлдегер атанды деп хабарлайды Olympic.kz.
Жансель 73 келі салмақта сынға түсіп, жарыстың жартылай финалында сүрінді. «Ақпан айында біз екі ірі рейтингілік турнирге қатыстық. Мұндай бәсекелерге әлемнің әр түкпірінен спортшылар жиналады. Өйткені, бәрінің мақсаты біреу – рейтингтегі орнын жақсарту. Олимпиадалық рейтингте жоғары ұпай жинап, үздік алтылыққа ену менің де ең басты міндетім. Бірақ бұл оңай шаруа емес. Жолдамаға ілігу үшін күш-жігерімді аяп қалмаймын. Ірі жарыстардан олжалаған әрбір жүлдем маған сенімділік сыйласа, жеңілістің де өз сабағы бар», - деді Olympic.kz сайтына сұхбат берген спортшы. Жансель Дениз Түркия және Египетте өткен рейтингілік турнирлерден жүлдесіз оралған жоқ. Сондай-ақ, ұлттық құрамадағы үздіктердің бірі саналатын Смайыл Дүйсебай (87 келі) Ирандағы бәсекесінің күмісін иеленсе, Самат Темірхан (54 келі) қола жүлдегер атанды.
www.egemen.kz