Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстандық журналистер футзалдан өзара мықтыны анықтады

Қазақстандық журналистер футзалдан өзара мықтыны анықтады


ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Еліміздің бірқатар өңірінен келген журналистер Қызылорда қаласының 200 жылдығына орай футзалдан облыс әкімі тағайындаған жүлдені сарапқа салды. Аталмыш турнирде барлығы 12 команда бақ сынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Жарыстың ашылу салтанатына облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов, аймақ басшысының орынбасары Руслан Рүстемов және өңірлік ішкі саясат басқармасының басшысы Талғат Маханов қатысып, командаларға сәттілік тіледі. Алғаш рет ұйымдастырылған жарысқа Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Батыс Қазақстан, Түркістан, Жамбыл, Қызылорда облыстарынан командалар қатысты. Олардың арасында бұдан бұрын еліміздің әр өңірінде өткізіліп жүрген жарыстарда жеңімпаз атанған ұжымдар бар. Сондықтан аталмыш бәсекенің әрбір ойыны алаң үстіндегі таласқа толы болды.
Турнир шымылдығы «Тараз пресс» және «Qyzylorda tv» командалары арасындағы ойынмен түрілді. Қос команда жоғары шеберлік деңгейлерін көрсете білді. Кездесу 3:3 есебімен аяқталды. Бұдан кейінгі барлық матчтар осындай қарқынды қимылмен өрбіп жатты. Жартылай финал ойындары өте тартысты болды. Оған шыққан әрбір команда өздерінің шеберлігін дәлелдей түсті. Кейбір ойында жеңімпаз пенальти тебуден анықталды.
Турнир барысында бір топта сынға түскен Жамбыл облысының «Тараз пресс» командасы мен шымкенттік «Ернияз медиа» ақтық сайыста тағы кездесті. Ойынның негізгі кезеңі 1:1 есебімен тең аяқталып, турнир жеңімпазы пенальти нәтижесінде белгілі болды. Осылайша, шымкенттік тілшілер «алтынға» қол жеткізді. Үшінші орын «Жамбыл медианы» жеңген астаналық «Хабар» телеарнасының жігіттеріне бұйырды. Бас жүлдеге 600 мың теңге берілсе, одан кейінгі орындағы командалар 400 және 200 мың теңгенің ақшалай сыйлығына ие болды.
inform.kz
02 қазан 2018 ж. 936 0