ФИФА-2026: ФИНАЛДЫҚ БӘСЕКЕНІҢ БӘСІ БИІК
Әлем назарын өзіне аударған ФИФА-2026 футбол чемпионаты шешуші кезеңге жетті. Кіл мықтылар қатысқан әлем чемпионатының алғашқы жартылай финалында Испания құрамасы Францияны 2:0 есебімен жеңсе, екінші кездесуде Аргентина Англиядан 2:1 есебімен басым түсті.Енді Испания мен Аргентина арасында 19 шілдеде АҚШ-тың Нью-Джерси штатындағы «New York New Jersey Stadium» аренасында бәсі биік финалдық кездесу өтеді. Үздік болып келе жатқан екі команда әлем чемпионы атағын сарапқа салады. Матч Қазақстан уақытымен 20 шілдеге қараған түнгі сағат 00:00-де басталады. Ал жартылай финалда жеңілген Франция мен Англия 18 шілдеде Майамидегі «Hard Rock Stadium» алаңында үшінші орын үшін кездеседі. Бұл ойын Қазақстан уақытымен 19 шілде күні сағат 02:00-де өтеді.
2026 жылғы әлем чемпионаты 11 маусымда Мехикода басталды. Турнирді АҚШ, Канада және Мексика бірлесіп өткізіп жатыр. Бұл – футбол тарихындағы бірден үш мемлекет қабылдаған алғашқы әлем чемпионаты.
Биыл әлем чемпионатына бұрынғыдай 32 емес, 48 ұлттық құрама қатысты. Командалар төрт құрамадан 12 топқа бөлінді. Әр топтан алғашқы екі орынды иеленген құрамалармен бірге үшінші орын алған командалардың арасындағы үздік сегіз ұжым плей-офф кезеңіне жолдама алды. Осы өзгерістің нәтижесінде жарыс кестесіне 1/16 финал, яғни 32 командалық жаңа кезең қосылды. 39 күнге жоспарланған чемпионат барысында 16 стадионда барлығы 104 матч өтеді. Бұған дейінгі 32 құрамалық әлем чемпионаттарында 64 кездесу ойналатын. Жаңа формат бойынша финалға жеткен командалар жеті емес, сегіз матч өткізуге тиіс. Әлемнің алты футбол конфедерациясының өкілдері қатысқан жарыста Аргентина, Бразилия, Германия, Франция, Испания, Англия секілді алпауыттармен қатар футболы дамып келе жатқан мемлекеттер де өнер көрсетті. Кабо-Верде, Кюрасао, Иордания және Өзбекстан құрамалары әлем чемпионатына өз тарихында алғаш рет қатысты.
Енді биылғы ойында Аргентина жеңіске жетсе, төртінші әлем чемпиондығын иеленеді және Италия мен Бразилиядан кейін қатарынан екі мундиальда топ жарған үшінші құрама атанады. Италия бұл жетістікке 1934 және 1938 жылдары, Бразилия 1958 және 1962 жылдары жеткен. Ал Испания жеңсе, 2010 жылдан кейінгі екінші чемпиондығын тойлайды. Бұл финал екі буынның бәсекесі ретінде де қызық. Бір жағында футбол тарихындағы ең танымал ойыншының бірі, 39 жастағы Лионель Месси тұрса, екінші жағында Испанияның жас жұлдызы Ламин Ямаль бар.
Кімнің бағы мен бабы қатар шауып чемпион атанатынын оны жасыл алаңдағы бәсеке көрсетеді. Бұл ойындағы алдын-ала болжамдардың маңызы азаяды. Себебі финалдық кездесудегі бір дәл пас, бір қателік немесе бір соққы мәселені өзгертуі әбден мүмкін.
Мейіржан ИБРАГИМ






