Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жіпсіз байланып, жіксіз біріккен

Жіпсіз байланып, жіксіз біріккен

Астындағы атында алты жасар баланың ақылы бар халықпыз. Оның үстіне бозбалалары үйірген асығын алшы қылған, үйір жылқы айдап, қабыланның құйрығын қамшы қылған қазақтың даласында «төбел бие сойдырып, төменгі елді, жорға бие сой­дырып жоғарғы елді шақырған» ұлы дүбір той­дың басталуына да санаулы күн қалды. Той деп отыр­ғанымыз – 8-14 қыркүйек аралығында Астана қала­сында өтетін V Дүниежүзілік көшпелілер ойындары. Ондағы 21 ойын түрінің 10-ы қазақтың ұлттық спортына жатады екен.

Жіпсіз байланып, жіксіз біріккен
Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Аталған ойындардың басты рәмізі ретінде Күнбасты салт атты бей­не таңдалып алынған. Бұл белгі Дүниежүзілік көшпелілер ойындарын өткізуші елдердің барлығында қолданылып келеді. Қою қызыл түспен боялған лого­типтің жалпы пішін сұлбасы көш­пелілер қолдан жасаған тұр­мыстық бұйымның сәндік эле­менттеріне ұқсайды. Белгінің күнбасты салт атты болуының өзінен-ақ спорттық ойын­дар­дың басым бөлігі ат үстінде болаты­нын аңғару қиын емес. Әрі ол төрт тұяғы төрт шу­мақ өлеңге ұқсаған жылқымен төрт құбыласын түгендеп келе жатқан халқымыздың тарихының да бір көрінісін айғақтап тұрса керек.
Ат туралы әңгіме айтса, іш­ер асын жерге қоятын қазақтың абы­рой атағының бір өлшемі – аламан бәйге. Арғымақ пен аруды бірдей көріп мәпелейтін ақ­сүйектігіміздің белгісі саналатын жылқының бабы туралы айтар болсақ, оның тегінен бастауға тура келеді.
 
Тұлпардың жүйріктігі енесінен...
«Ат болатын құлынның мү­шесінен, кісі болар баланың кісесінен» танитын біздің ел жүйрікті құлын кезінен танып, қамқорлығына алуға тырысқан. Мәселен, жүйрік тайды сынағанда бірінші кеудесінің кеңдігі мен бүкіштеу беліне баса мән берген. Сонымен қатар жүйрік болатын құлынның сынын аузы, жағы, тұмсығы ұзын, үрпек жүнді, денесі түкті, қылшық басқан, алды-арты тең төртбақ, аяқтары жуан, шашалы, кірпік-қасы мол, артынан қарағанда алдыңғы төсі көрінетіндей талтақ, тізесі шор, буындары жуан, төсі шалқақ, мойны ұзын, үстіңгі күрек тістері түйе тісті, жан-жағына ұрлана қарағыш және ұйқышыл келеді деп суреттейді. Ұйықтағанда төрт аяқты керіп жатады. Алайда қазақ жүйрік атты тек тұрқынан ғана емес, енесіне сын көзбен қарап, бие ішіндегі құлынын қай уақытта, қандай ерекшелікпен төлдейтінін де білген. Егер бие жүйрік төлдейтін болса, күзейтін болған. Жүйрік әкелетін бие таң бозарып атып келе жатқан мезгілде бошалайды. Алдына қара салмайтын шынайы жүйрік енесінен жерге төрт аяғымен тік түседі. Мұндай жағдайда қазақ астына киіз төсеп, көтеріп алатын болған. Іште жатқан құлынның өзін сыннан өткізетін бапкерлер жүйріктерге «Желқанат», «Тесік өкпе» деген сияқты атау да берген. Кей деректерге сүйенсек, шын мәнінде, жүйрік жылқының өкпесінде бармақтай тесік болатын көрінеді. «Желқанат» деп атайтын себебі – арғымақ болатын аттың бір қабырғасы артық болып келеді. Қазақ даласында есімі тұлпарлармен қатар ата­латын Толыбай, Күреңбай сияқ­ты сыншылар өткен. Ат сын­шылары нағыз жүйріктің бо­йындағы белгілерін тап басып, тұл­парды қай уақытта жаратып, қай уақытта жаратпау керектігін айна-қатесіз айтып отырған. Ал дүбірі даланы иітіп дүниеге келген құлынды «тайында тасқа сал, құнанында құмға сал, дөненінде қоя бер, бестісінде бәйгеге қос, бәйге алмаса басын кес» деп әрі қарай баптауға кіріседі. Айт­са айтқандай-ақ, жүйрікті тай кезінен баптап, балаша қа­рап, жүрегін шайлықтырып ал­май, қанжілік қылып қанын бұз­бай, сүйегін жасытып, құ­нан шыққанда аздап аламан көр­сетеді. Мұны қазақ «қолтығын жазу, жер таныту» деп атаған. Сөйтіп, күзге қарай қолға алып, қыста жілігінен суық өткізіп алмай, көктемде қар суымен қоя беріп піштіруді «қанды бұт» деп атайды. Осыдан кейін дөнен азу жарып, қайта оралады. Бұл – жүйріктің мүшелге толғанының белгісі. Бесті болу – бәйге аттың беске толуы. Бесті – жігіттің 25 жасындай күшті жас. Бұл кезде де жүйріктің күшін сақтап, күзден бастап күтімін жасап, қыста қолға алып бағады. Кейде тебінге қоя беріп, қол-аяғындағы зорықты алдырып, қар тепкізеді. Мұның барлығы – қазақтың жүйрік бап­таудағы дәстүрлі қағидалары.

ва

Ат бабының атаулары
Баптауға алынған жүйрік атты көк тістетпей, көктемде де қолда бағады. Өйткені көк шөп аттың етін босатып, көбеңсітіп жібереді. Өкпесін де қабындырып тастайды. Сондықтан атты тек қана пішен, сұлымен бағады. Пішен мен сұлы аттың әуелгі күш-қуатын, етін қалыпты сақтауына септігін тигізеді. Жүйріктің мұн­дай күйін «қу тезек» деп ата­ған. Қазақ «Ат шаппайды, бап шабады» дегенде сол ат бабы­ның қиындығы туралы айтса ке­рек. Жүйрікті жаз шыға бере шал­ғынға біраз күн қоя беріп, етін көтеріп барып баптауын «көк­ке аунату» деп атайды. Ат бұл кезде қыста жиған қазысын жаза­ды. Осы кезеңнен өткеннен кейін жүйрікті қайта қолға алып бап­тайды. Аз мініп бусандырып, кешке арқандап жайып, күн шықпай алып келіп байлап, бір айдай жүреді. Кейін еті әб­ден қатқан соң барып жайылу уақытын созып, мінуді де көбей­теді. Өте семіз болса, қолға ұстай бас­таған алғашқы күндері екі күн­де бір суарып, кейін келе бір күн­де екі реттен суарып оты­рады. Әрі ат су ішіп, басын бір көтергенде суды сол күйі іш­кіз­бей тоқтатады. Мұны «атты көк­қа­рыннан сақтау» деп атайды. Егер ішінде зорық болса, қайна­­ған қара шаймен суарған. Осылай­­­ша, ішінің зорығын шығарып отырады. Сол сияқты қан бұзылса да, жүйріктің қанын түзеу үшін иленген қамырды суға шылап берген. Кейде әр бапкер өзінің ыңғайына қарай сары саумал беріп те жатады. Кейбір деректерде ертедегі қазақтар бестісінде жүйріктің тілін жайлауға буып жіберетіні жайлы айтылады. Сон­да күзде ұстағанда бәйгеге өзі-ақ дайын тұрған. Сол сияқты әр бапкердің өзінің ат баптау тәсілі болады. Баптау барысында көбік терін алып, ащы терін шығарады. Ащы терін алу дегеніміз – қара жарысқа қосып, таң асыру. Таң асырғанда да сол күнгі аттың кө­ңіл күйіне қарайды. Одан кейін бәйге алаңының нақ қашықтығын білген соң ғана сол қашықтықта атты жүгіртеді. Осылайша, аттың «тұнық терін» алады. Содан кейін бапкер аттың терін саусағымен жалап көреді. Егер тері тұнық болып мөлдіреп, басқа дәмі болмаса, онда жүйрік бабына келіп қалған деп есептелінеді.
Тер алудың маңызы өте үлкен. Өйткені кей жылқы тершең бол­са, кей жылқы оңайлықпен тер­лемейді. Сондықтан бапкердің жа­ңылысуы әбден мүмкін. Егер тер­лемейтін жылқы болып, тері алынбай қалса, болмаса тершең жылқы болып, сәл артық кетіп қалса да, аттың күйі бұзылады. Оның үстіне кей жылқы қара етті, кей жылқы қызылаш болады. Қара етті жылқының сырты семіз көрінгенімен, іші майсыз келеді. Қызылаш жылқы тырбиып тұрса да, ішінде май көп болады. Оны да білу өте маңызды.
Ал жүйрік атты бапкерлер бәй­геге бір күн қалғанда үйірге қосып жіберген. Әбден іші пысып тұрған жүйрік әрі-бері ойнақтап, таң ата жылқымен бір­ге жусап ұйықтайды. Сонда ұйқысы қанды деп есептеген. Оны бапкерлер тілінде «бәйге атының ұйқысын қандыру» деп те атайды.
Ат баптаудың белгілі бір қағи­дасы да жоқ. Өйткені әр аттың психологиясы әртүрлі. Бұл бапкер үшін маңызды. Сондықтан ол нені қалап тұр, соны білу ке­рек. Қазақ көбіне қарабайыр жыл­қыны ұстаған. Себебі қара­байыр тұқым суыққа шыдамды, мініске төзімді. Қарабайыр 50 шақырымға шапса, қазанат, ақалтеке 25-30 шақырымға шабады. Қазанат, дончак, ақалтеке тұқымдарының өңі жұқа келеді. Сондықтан ерекше бағып-күтуді қажет етеді.
– «Алуан түрлі жүйрік бар, әліне қарай шабады» деген мәтел тегін айтылмаса керек. Соған қарай бапкер де алуан түрлі болады. Мысалы, жүйрік аттың күйіне келсек, семіз, қоңды жылқының бабы ұзаққа созылады. Ондай жылқыны ұстаған сәттен бас­тап-ақ қара терін алып, қара жа­рыс­қа сала берген жөн, – дейді жыл­қышы Қасқырбек Нұрмаханов.
 
Құртқаның ізіндегі қаракөздер
Жылқы десе жүрегі тулап қоя беретін қазақтың азаматтары ғана емес, арулары да атқа жақын бол­ған. Тарихта Тайбурылды бап­таған Құртқа сұлу туралы аңыз қалуының да астарында осы сөзіміздің ақиқаты жатқандай. Бүгінде сол Құртқаның сіңлілері жоқ емес. Олар тіпті жігіттерден гөрі жылқыға жақын екендіктерін әлеуметтік желілерде жариялап та жүр. Ат баптап, жүйрік жаратып жүрген арудың бірі әрі бірегейі Аружан Амангелдіқызы. Ат жалында ойнаған аруымыз, арғымақты тану мен түсінудің амалдары туралы айтып, ағынан ақтарылды.
– Жылқы баптау – жылқымен тілдесу деген сөз. Оны сынаудың да түрлі жолдары бар. Біреу­лер сыртқы тұрқы мен қимыл-қоз­ғалысына қарап білсе, біреу­лер ізіне қарап-ақ қандай жыл­қы екенін жазбай таниды. Мы­салы, жүйрік жылқының ізіне қа­расаңыз, алдыңғы аяғының бас­қан орнын артқы тұяғы ке­ліп дөп басады. Бұл – жүйрік жыл­қының белгісі. Ал артқы тұя­ғының ізі алдыңғы тұяғынан озып түссе, онда жүйрік емес, жорға жылқының белгісі. Ал енді алдыңғы, артқы тұяғының ізі де бірдей анық, бірақ артқы тұяғының ізі алдыңғы тұяғының ізінен кейін түссе, онда шабан аттың белгісі.
Жүйріктің бабына келсек, жылқы қыздан да нәзік болып келеді. Сондай-ақ мінезді болады. Олардың қалауын қабағынан білмесеңіз, көңіліне жақпай қалуыңыз әп-сәтте. Жылқының да мінезі, талабы, таңдауы болады. Кейбіреулері жуас, байыппен жүріп, елеңдемей, өзін салмақты ұстайды. Ал кейбіреулері кері­сінше құлағын қайшылап, тырс еткен дыбыстан үркіп, тыпыршып, жер тарпып, жүргенде еркелеп жүреді. Енді бірде үстіндегі мінген адамға қарай ыңғайла­нып жүретін жылқылар болады. Мұндайда тізгіндеушіні тілсіз ұғатын жануар үстінде отырып қорықсаң, онда өз-өзін дұрыс басқара алмайды. Үстінде нық әрі сенімді отырсаң ғана басқан қадамында сенімділік болады.
Аттың сынына келсек, жүй­рікті кез келген адам бір көр­ген­нен танымайды. Аттың тұрпаты, тұрысы, жүрісі, шабысы, аунауы, тіпті жүрген кездегі құйрығының орналасуы көп нәрсе айтады. Алай­да әр іске бейім аттың сы­ны әртүрлі болады. Мысалы, көк­парға басы үлкен, кеңсірігі кең, азулы, мойынды, көкірегі жал­пақ, жуан, сауырынды, жү­рек­ті, қайтпас мінезді, ірі әрі мы­ғым аттар жарайды. Ал жіңішке мо­йын, аяқтары ұзын, тік бақайлы, шоқтығы биік, ұзын, салқы төсті аттар ұзаққа шабады.
Атқа мінуді жақсы көру мен атты жақсы көру мүлде бөлек нәр­се. Аттың жанарынан оның көңіл күйін, ауру-сау екенін, не істегісі келіп тұрғанын бір қарағаннан түсіне алмайсың. Ат жарықтық иесінің көңілінен шығам деп талпынады, ал адам тым қинап жібереді. Бәлкім, оған жүген тар болып, езуі жырылып жатқан шығар, мүмкін шоқтығына ер тиіп батқан шығар, тағаның ше­гесі тұраға тиіп, жүргенде ауыр­сынатын шығар. Оның бәрін ол айт­пайды, білдіреді. Міне, осындай жағдайда оларды түсіну үшін түйсік пен жүрек керек, – дей­ді ол.
Шынымен де, жылқының бо­йында ұлтымызбен рухымыз­ды біріктіріп тұрған бір қасиет бар. Мұндай құдіреттің ертегілерде сипатталуы да ер мен аттың бір-біріне серік болғаны атам за­ман­нан бері жалғасып келе жат­қан­дығынан дерек береді. Мы­салы, «Ер Тарғын» жырында да: «Айналайын, Тарланым, Құ­лын­да емдің, тайда емдің, Құ­нан жас­та арда емдің. Дөнен жас­та үй­рет­тім, Алты қабат ала ар­қан, Жі­бектен өріп сүйреттім. Ал­­шақ­татып ойнаттым. Таудан ас­қан тұлпарым», деп еміренсе, Қа­банбай өзінің Қубасымен серттескенде: «Айналайын, Қубас ат, Сен келдің отыз сегізге, Мен кел­дім жетпіс сегізге. Сені мініп шап­қанда, Тайсалмай түстім те­ңізге. Сенен басқа ат мінсем, Мін­гендей болдым өгізге», дей­ді. Міне, мұның бәрі де қазақ пен жыл­қының жіпсіз байланып, жіксіз біріккенінен хабар бер­се керек. Қазақтың көзге, тұяқ­қа, жүрісіне қарап жылқы тануы – өзгеде жоқ ерек қасиет. Сон­дықтан да ат баптау өнері – ең ежелгі дәстүріміздің алтын діңгегі. Жылқы психологиясын білу, жылқы тану, оны бағып-баптаудың өзі – дала мәдениетінің бір мәйегі.
Ал азаннан салса кешке озып, ылдидан салса төске озып, құ­мына аунаған құлыны құлагер боп шығатын қазақ даласында өтетін Дүниежүзілік көшпелілер ойындарындағы ұлы аламанға қазірге қанша ат қосылатыны белгісіз. Алайда бәйгеден бағын сынап келетін жүйріктерге арнайы алаң дайындалған. Онда дәстүрлі ұзақ бәйге және ұшқыр бәйге болады. Ұшқыр бәйгеге арналған алаңның бір айналымы 1 600 метрді құрайды. Ұшқыр аттар үшін жарыс үш түрлі қа­шық­тықта болады. Ал дәстүрлі бәй­генің ұзақтығы 25 километрге дейін. Бұл бәйгеге келген аттар аламан бәйге, топ бәйге, жорға жарыс, құнан бәйге деген сияқты жарыс түрлеріне қатысатын болады.
 
Шапағат ӘБДІР,
журналист 
22 тамыз 2024 ж. 343 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№79 (9243)

07 қазан 2024 ж.

№78 (9242)

01 қазан 2024 ж.

№77 (9241)

28 қыркүйек 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031