Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ел намысын кімдер қорғайды?

Ел намысын кімдер қорғайды?

Барша жанкүйер таяу күндері Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында күрес түрлерінен шымылдығы түрілетін Азия чемпионатын тағатсыздана күтіп отыр. Ал сол дүбірлі додада Қазақстанның намысын кімдер қорғамақ? Күні кеше еліміздің ұлттық құрама командаларының бас бапкерлері осы жауапты жарыс­та қай шәкірттеріне сенім артатындарын жария етті.



Жарысты әдеттегідей грек-рим күресі шеберлері бастайды. Бас бапкер Серік Жұмашев, Аманғали Бекболатов (55 кило), Ернұр Фидахметов (60 кило), Мұхамедәли Мамұрбек (63 кило), Алмат Кебісбаев (67 кило), Ибрагим Магомадов (72 кило), Демеу Жадыраев (77 кило), Диас Қален (82 кило), Нұрсұлтан Тұрсынов (87 кило), Олжас Сырлыбай (97 кило) және Әлімхан Сыздықовқа (130 кило) сенім артып отыр. Бұл балуандардың барлығының да есімі спорт сүйер қауымға жақсы таныс. Солардың ара­сынан Кебісбаев пен Жадыраевты бөле-жара атауға болады. Алмат әлем чемпионатында бес рет жеңіс тұғырына көтерілсе, Демеу дәл сол жарыста бір мәрте жүлдегерлер қата­рынан көрінді. Нұрсұлтан мен Әлімханның қоржынында Азия чем­пио­натының алтын медалі бар. Басқа да жігіттер құрлықтық деңгейдегі додаларда жүлде алған.
Жарысты одан кейін бұрымдылар жалғастырады. Әйелдер күресі коман­­дасының бас бапкер Қайрат Сағадиев Эллада Махяддинова (50 кило), Алтын Шағаева (53 кило), Марина Седнева (55 кило), Нилуфар Раимова (57 кило), Диана Каюмова (59 кило), Ирина Кузнецова (62 кило), Әлбина Қайыргелдинова (65 кило), Елена Шалыгина (68 кило), Жәмила Бақбергенова (72 кило) және Елмира Сыздықованы (76 кило) бозкілемге шығаруды жөн көрген екен. Бұл балуандар арасында да осалы жоқ. Елена – Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері, Азия ойындарының жеңімпазы, әлем чемпионатының үш дүркін жүлдегері, Елмира – Рио Олим­пидасы мен Азияданың қола жүлдегері, Жәмила – әлем чемпио­натының екі дүркін күміс жүлдегері. Сондай-ақ олар құрлық чемпионаттарында бір емес, бірнеше мәрте атой салды.
Еркін күрестен ұлттық құра­маның бас бапкері Мадияр Құра­мы­совтың таңдауы Рахат Қалжан (57 кило), Нұр­болат Әбдуәлиев (61 кило), Мұх­тар Санжар (65 кило), Санжар Дос­жанов (67 кило), Дархан Есенғали (74 кило), Болат Сақаев (79 кило), Азамат Дәулетбеков (86 кило), Ризабек Айтмұхан (92 кило), Бекзат Үркімбай (97 кило) және Юсуп Батырмұрзаевқа (125 кило) түсті. Осылардың арасынан Дәулет­беков дараланып тұр. Ол былтыр Бел­градта өткен әлем чемпионатын­да қола медальді мойнында жар­қыратты. Азия чемпионатының то­лық жүлде жиынтығын иеленді. Бұл жолы да Азамат алдына жан салмауға тиіс.
Алыптармен айқасып жүрген Юсуп осыдан үш жыл бұрын сары құр­лықтың басты додасында дара шығып, 2021 жылы Токио Олимпиадасында бақ сынады. Болаттың былтыр Ал­матыда ұйымдастырылған Болат Тұрлыхановтың мемориалында отан­дастарымыздың арасынан жалғыз өзі бас жүлдені олжалағаны да есімізде. Қалған жігіттеріміз биыл Қазақстан Республикасының спартакиадасында өздерінің мықтылығын мойындатып, Астанадағы Азия чемпионатында өнер көрсетуге лайық екендерін дәлелдеді.
31 наурыз 2023 ж. 299 0