Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылордада мәнерлеп сырғанаудан республикалық жарыс өтеді

Қызылордада мәнерлеп сырғанаудан республикалық жарыс өтеді


Қызылордада сәуір айында мәнерлеп сырғанаудан белгілі спортшы Элизабет Тұрсынбаеваның жүлдесіне арналған республикалық жарыс өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл жағымды жаңалық облыстық коньки спорты федерациясының кезектен тыс отырысында белгілі болды. Оған Элизабеттің әкесі Байтақ Тұрсынбаев та қатысты. Элизабет Тұрсынбаева 2000 жылдың 14 ақпанында Ресей астанасы - Мәскеу қаласында дүниеге келген. Оның әкесі - Байтақ Тұрсынбаев Қызылорда облысының тумасы. Элизабет еліміздегі жарыстарда Сыр өңірінің атынан шығады. Осыдан оншақты жылдай бұрын Мәскеудегі «Москвич» эксприменттік жоғары спорт шеберлігі мектебінде тәлім алды. Сондай-ақ, Элизабет Алматы қаласының дарынды балаларға арналған мектеп-интернаты мен Мәскеудегі орталық әскери-спорттық клубында жаттыққан. 2012 жылы аталмыш қаладағы №37 балалар мен жасөспірімдер олимпиадалық резервтер мектебінде шеберлігін жетілдірді. Элизабет 2018 жылы тұңғыш рет ересектер арасындағы қысқы Олимпиада ойындарында бақ сынады. Онда жекелей сында Элизабет Тұрсынбаева жалпы есепте 12-орын алды. 2019 жылы әлем чемпионатында күміс жүлдегер болды. Сол жылы қысқы универсиадада да сол жетістігін қайталады. Ол ресейлік маман Этери Тутберидземен 2012-2013 жылдарда да жаттыққан еді. Одан кейінгі бес жылда канадалық маман Брайан Орсерден тәлім алды. Элизабет былтырдан бастап қайтадан Этери Тутберидзеден тәлім ала бастады.

inform.kz
08 ақпан 2021 ж. 377 0