Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖОО арасындағы қысқы универсиада ойындары 20 ақпанда басталады

ЖОО арасындағы қысқы универсиада ойындары 20 ақпанда басталады

20 ақпанда Қазақстандағы жоғарғы оқу орындары арасында сегізінші қысқы универсиада ойындары басталады, деп хабарлайды «Хабар 24». Бір айға созылатын кешенді сында студенттер спорттың бес түрінен сайысқа түседі. Президенттік көпсайысты Өскемен қабылдаса, керлинг Алматыда ұйымдастырылады. Риддерде қысқы бағдарлау, биатлон мен шаңғыдан бәсекелер өтеді. Биылғы қысқы универсиадаға 9 жоғарғы оқу орны қатысуға ниет білдіріпті. Атап айтқанда, Алматы, Тараз, Қостанай, Көкшетау мен Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстарының білім мекемелері қатысады. Алайда 160-тан аса білім ордасы бар ел үшін бұл тым аз. Көптеген университеттің басшылары спорттық сайысқа қатысуға құлықсыздық танытып отыр дейді ұйымдастырушылар. Мамандар жастар мен жасөспірімдерді спортқа ынталандыру мақсатында алдағы уақытта мемлекеттен қосымша 400 Грант бөлінетінін де атап өтті. Соның 350-і Бүкіләлемдік Гимназиада жарыстарында жүлдегер болған оқушыларға беріледі. Сондықтан биыл елімізде алғаш рет мектеп оқушылары мен колледж студенттері арасында Гимназиада ойындары ұйымдастырылады. Садық Мұстафаев, ҚР БҒМ ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының директоры: – Кейбір спорт түрлерінен нәтиже көрсету үшін, көк байрағымызды желбіретіп, мақтан тұту үшін шет елдерден спортшылар алып келіп жатамыз. Ол уақыт өтті. Енді өз еліміздің спортшыларының көк байрақты желбірететін уақыты жетті деп ойлаймын. Сондықтан да біздің болатын универсиадамыздың тек жеңімпаздары ғана бүкіләлемдік универсиадаға қатысады.

10 ақпан 2020 ж. 350 0