Дарабоз-2019. 25 шақырым аламанда "Желге" жел жетпеді
BAQ.KZ. Екі күннен бері Атырауда өтіп жатқан "Дарабоз-2019" турнирінің 25 шақырымдық аламан бәйгесінің жеңімпазы анықталды.
Жайық жағасындағы ауа райының қолайсыздығына қарамастан аламан өткен алаңға халық көп жиналды.
Еліміздің түкпір-түкпірінен келген 12 жүйрік өзара мықтыны анықтау үшін көпшіліктің көз алдында 8 айналым жасады. Атырау облысы әкімдігінің және "Nur Otan" партиясы мен ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өтіп жатқан турнирді ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының Атырау облыстық филиалы ұйымдастырды.
Сонымен, жер танабын қуырып, желмен жарысқан 12 сәйгүліктің алғашқы бесмеуіне жүлде берілді.
5-орын: Павлодар облысы Баянауыл ауданынан келген "Ақтілек" атты ағылшын тұқымды 5 жасар қарагер айғыр. Шабандозы – Ерхан Ырысбаев, ат иесі – Бірілік Кәрімов, бапкері – Мақсат Нұржанұлы.
4-орын: Алматы облысынан келген "Керуха" атты ағылшын тұқымды 5 жасар кері айғыр. Шабандозы – Асылқұл Ақан, ат иесі – Асылбек Сейтәшімов, бапкері – Қайыржан Рахымбаев.
3-орын: Батыс Қазақстан облысынан келген "Батыр" атты ағылшын тұқымды 4 жасар қара айғыр. Шабандозы – Дәурен Бисұлтан, ат иесі Жанқабыл Сәтбаев, бапкері – Ерназ Сәтбаев.
2-орын: Қарағанды облысынан келген "Бұйрық атты ағылшын тұқымды 6 жасар қара айғыр. Шабандозы – Еркебұлан Елтай, ат иесі әрі бапкері – Жасұлан Сейілов.
1-орын: Алматы облысы Қарасай ауданынан келген «Жел» атты ағылшын тұқымды 4 жасар күрең айғыр. (3 млн теңге)
Сонымен қатар "Дарабоз-2019" турнирі барысында 12 шақырымға созылған топ бәйге өтті. Біріміз "топ" деп, біріміз "тоқ" деп атап жүрген жақын қашықтыққа шабатын бұл бәйге түріне 10-нан аса жүйрік қатысты.
Бас жүлдеге 2 млн теңге тігілген топ бәйгеде де 5 атқа жүлде берілді.
4-орын: Ақтөбе облысынан келген "Шерханә" атты ағылшын тұқымды 3 жасар жирен қасқа айғыр. Шабандозы – Мүсілім Тұрақбай, ат иесі – Бекбол Байжарқынов, бапкері – Дархан Дәуелов.
3-орын: Нұр-Сұлтан қаласынан келген "Қазына" атты ағылшын тұқымды 5 жасар қарагер айғыр. Шабандозы – Ерхан Ырысбаев, ат иесі – Даниель Каримов, Мақсат Нұржанұлы.
2-орын: Жамбыл облысынан келген "Гермес" атты ағылшын тұқымды 3 жасар торы байтал. Шабандозы – Бауыржан Үргенішбаев, ат иесі – Есбол Жапбасов, бапкері – Мұхамед Халық.
1-орын: Ақтөбе облысынан келген "Мисис" атты ағылшын тұқымды 4 жасар торы қасқа айғыр. Шабандозы – Алдияр Сансызбай, ат иесі - Бекбол Байжарқынов, бапкері – Дархан Дәуелов. (2 млн теңге)
Естеріңізге сала кетейік, Атырау қаласы маңындағы Талдыкөл ауылы маңында "Дарабоз-2019" турнирі өтті. Онда теңге ілуден, жамбы атудан, көкпар мен аударыспақтан және құнан бәйге мен жорға жарысынан сайыс өтті.
Сонымен қатар, "Дарабоз-2019" турнирімен бірге елімізге әйгілі аламан –"Алтын тұлпар" бәйгесі де Жайық жағасында өтті.