Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Головкиннің 42-і кездесуі

Головкиннің 42-і кездесуі

Головкин өзінің 42-і кездесуінде жеңіске жеттіБұл Головкиннің кәсіпқой шаршы алаңдағы 42-і кездесуі Геннадий Головкин тағы да барша қазақстандықтарды таң бозынан оятты. Біздің уақыт бойынша таңғы 9-ға тақау рингке көтерілген GGG украиналық Сергей Деревянченкомен жұдырықтасты.  Бұл Головкиннің кәсіпқой шаршы алаңдағы 42-і кездесуі. Ал Сергей 15-і кездесуіне шықты. Қос боксшы орта салмақтағы IBF және IBO вакантты титулдарын сарапқа салды. Жекпе-жек Нью-Йорктегі Madison Square Garden аренасында өтті.  Жекпе-жек ә дегеннен тарысты басталды. Бұл қос боксшы үшін де маңызды кездесу еді. Головкин былтыр Альварестен жеңілгеннен кейін карьерасын қайта жандандыру үшін мықты қарсыласты жеңуге тиісті болатын. Ал Деревянченко осының алдында Дэниэл Джейкобстен жеңілген. Сондықтан екеуі де аянып қалмастан, қалайда жеңіске жетудің қамына кіріскен. GGG украиналық қарсыласын бірінші раундта-ақ ногдаунға жіберіп үлгерді. Шаршы алаңдағы кеңістік үшін таласта Головкин басым түсіп жатты. Алғашқы кезеңде Головкиннің бірқатар соққылары дәл тиді.  Екінші раундта Деревянченко сол қолымен белсенді шабуылдауға көшті. Алайда Головкиннің дәл тигізген соққысынан украиналық боксшының сол жақ қабағы жарылып кетті. Раунд соңында GGG қарсыласының осал тұсынан тағы бір мәрте ұрып үлгерді.  Үшінші раунд бастала сала Деревянченко сенімді қимылдады. Головкинді қуып жүріп сабауға тырысты. Бірақ соққылары діттеген жерге көп жағдайда жеткен жоқ. Тәжірибелі GGG қарсыласының ашық қалған сәтін аңдумен болды. Раунд соңына қарай ол тактикасы өз жемісін де берді.  Төртінші раундта Сергей тағы да белсенді болды. Головкиннің раунд ортасында сол қолмен бағыттаған бір соққысы дәл тиді және кезең соңына қарай украиналықты бұрышқа тақап бірнеше соққы жасауға тырысты.  Бесінші раундта Головкин тағы да көп соққы жасаған жоқ. Есесіне сәтті оперкоды украиналықтың иегінің астынан дәл тиді.  Алтыншы раундта Головкин ортаны бермеуге тырысты. Боксшылар алма-кезек соққылар алмасты. Қазақстандықтың бірнеше соққысы өтті. Жетінші раунд та тең жағдайда өрбіді. Головкин нокаутқа, ал Деревянченко ұпайға жұмыс істеп жатқандай көрнеді.  Сегізінші кезеңде Головкин қарсыласын бұрышқа тақап, сериялық соққылар жасады. Сергейдің шаршап қалғаны байқалады.  Тоғызыншы раундта екеуі де белсенді бокстасты.  Оныншы раундтың басында Сергей, ал соңына қарай Головкин белсенді қимылдап, күшті шабуылдар жасады.  Головкин өзіне қолайлы джеб соққысын тым сирек пайдаланды. Қос боксшы да шаршаған сияқты. Жиі-жиі құшақ айқастырып қалып жатты.  Соңғы раунд. Қос боксшы жиі-жиі айқасып қалды. Алма-кезек соққылар алмасты.  Төрешілер шешімімен Геннадий Головкин жеңіске жетті. Осыған дейін осы бокс кешінің андеркартында жұдырықтасқан тағы бір қазақстандық боксшы қарсыласын 30 секундқа жеткізбей сұлатып түсірген болатын. 

Aikyn.kz
06 қазан 2019 ж. 881 0