Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Үлкен өзерістердің алғашқы бастамасы

Үлкен өзерістердің алғашқы бастамасы

Енді санаулы күндерден кейін елімізде Ата Заңға өзгерістер енгізуге қатысты жалпыхалықтық референдум өтеді. Бұл референдумның негізгі мақсаты - мемлекетіміздің мәдени-рухани, әлеуметтік-экономикалық дамуын барынша жоғары деңгейге көтеріп, халқымыздың әл-ауқатының биік деңгейге көтеру. Яғни, бұл референдум еліміздегі алдағы уақытта болатын үлкен өзгерістердің бастамасы.

Бұл ретте, ең алдымен бір мәселені нақтылап айта кеткеніміз жөн. Жасыратын несі бар, билік тарапынан тәуелсіз Қазақстанды керемет дамытып, халықты жақсылық пен байлыққа кенелтеміз деген жалынды сөздер мен әдемі жоспарлар бұған дейін де әлденеше рет айтылған. Бірақ олардың басым көпшілігі жүзеге аспай сол айтылған жерінде әншейін қызыл сөз болып, босқа қалған еді. Ал оның себебі неде? Бұл да өзінше үлкен әңгіме. Мысалы, өркениетті елдерде кез-келген реформа, жаңа бастамалар мен жаңа іс-шаралар мемлекеттің қазына-байлығын молайтып, қалың бұқара халықтың тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталады. Соған орай, ел президенттерінен бастап, үлкенді-кішілі басшы қызметкерлерге дейін бәрі өзінің әрбір ісі үшін халық алдында нақты жауап беріп отырады. Өкінішке қарай ұзақ жылдар бойы біздің Қазақстанда осы қарапайым шарт-талап ескерілмеді. Яғни, қолы түрлі билікке жеткен, оның ішінде, әсіресе, жоғары орындармен таныс-білістігі, ағайын-туыстығы бар басшылардың ешкіммен санаспай, жұрт алдына шығып ешкімге есеп бермей, ойларына не келсе соны істеуі үйреншікті әдетке айналды. Бұл жағдай Қазақстандағы сыбайлас жемқорлықтың барынша асқындап, билік басындағылар мен олардың төңірегіндегі аз ғана топтың ұшан-теңіз байлыққа кенеліп, ал бұқара халықтың тұрмыс жағдайының өте төмендеуіне әкеліп ұрындырды.
Қазір елімізде Мемлекет басшысының тапсырмасымен осындай келеңсіз жағдайларға тиым слудың жолдары нақты қолға алынуда. Бұл игілікті іс-шаралардың бірі - аудан әкімдерінің ауылдық жерлердегі халықпен кездесіп, олармен ой бөлісіп, есеп беріп тұруы. Мұндай жақсы бастаманың біздің туған жеріміз - Сыр бойындағы Шиелі ауданына да жете бастағаны анық аңғарылады. Яғни, аудан басшысы Нариман Мақұлбеков соңғы кезде ауылдарды жиі аралап, халықпен кездесуді алдын ала жасалған арнайы кесте бойынша тұрақты өткізіп жүр. Біз мұны алыс Алматыда жүріп, әлеуметтік желі арқылы көріп, біліп, риза боламыз.
Сөзімізді түйіндей келе айтарымыз, Ата Заңымызға өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп, біржолата бекігеннен кейін мұндай жақсы жаңалықтар барынша көбейіп, мемлекетіміздің басқару жүйесі түбегейлі өзгеріп, халқымыздың тұрмыс жағдайы қазірігіден әлдеқайда жақсаратын болады.
Осыған орай, Шиелі ауданының тұрғындары да 5 маусым күні өтетін жалпыхалықтық референдумға дауыс беруге бір кісідей белсене қатысады деп сенеміз.

Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ,
Шиелі ауданының "Құрметті" азаматы, жазушы-драматург, профессор,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

25 мамыр 2022 ж. 580 0