Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » БЕЙТАНЫС (ӘҢГІМЕ)

БЕЙТАНЫС (ӘҢГІМЕ)

Тас қала тұмауынан емделіп жатыр екен. Мені таңмен қарсы алды. Салқын, әлсіз сәуле тұман арасынан там-тұмдап көрініп, үйлердің шатырына қол соза бастапты. Қала әлі ұйқыда. Неге екенін, мені түсінде көріп жатқандай сезіндім. Солай болуы мүмкін ғой? Мүмкін. Әр қаланың өз жаны болады. Бұл мекен де жағасына өзгеше ойлар мен сөздердің иісі сіңген әлдебір жолаушыны асыға күткен шығар... Енді міне, таңғы түстің тәп-тәтті шағында мен келдім. Ұйқыдағы қаланы шарлап жүрген ойларымның анықтығы сонша, қолыммен ұстап көре алатын сияқтымын. Бұған дейін қандай ойлардың ағыны кезді екен?
Не де болса, дәл осы уақытта қала мінсіз көрінеді. Салқын ауа, сайраған құстар. Көшесінде жан адам жоқ. Күнделікті бірсарынды күйкі тірлік басталғанға дейін біраз уақыт бар еді. Ал менің барар жерім жоқ. Қалалардың барлығы бір-біріне ұқсайды. Содан ба, ондаған қаланы аралаған маған бұл жер де бұрыннан таныс секілді көрінді.
Бір жағына қисайған темір бағанадағы көше шамының көгжілтім сәулесіне қарап қалыппын. Өлімсіреген жарық үрлеп қалсаң түннің соңғы деміне ұқсап ауаға тарап кететіндей. Жанына таяп, көзімді жұмдым да, бар деміммен үрледім. Сол сәтте...
Мырс етіп күлген дауыс естілді.
Мен таңырқағам жоқ. Тағы да бар демімді ішке тартып, шамды үрледім.
- Сізге не болған? – деді дауыс.
Біртүрлі, бала күнгі қылықтары есіне түскен адамша ыңғайсыздандым. Артыма қайрылмастан шамды жеңіммен сүрте бастадым.
- Көрмей тұрсың ба? Шамды тазалап жатырмын.
Дауысым зекіп сөйлегендей қатты шықты. Жасанды қылығымнан ұялып, артыма қарадым. Бұл айнаға қарағанмен бірдей сезім еді. Менімен қатарлас әрі маған қатты ұқсайтын жігіт. Аң-таң боп қарап тұр екен. Жындысүрей біреудің қылығын қызықтаған адам сияқты. Неге екенін қайдам, қылығымды ақтап алатын сөз іздеп, қипақтап қалыппын.
- Білесіз бе, негізінде шамды тазалап жатқам жоқ. Мен әншейін... дәл осындайды басқа қалада көрген едім.
- Айқындауыш...
- Түсінбедім?
- Бір жерден оқыған едім, - деді Бейтаныс. – Қараңғының мақсаты жарықты өшіру, жарық керісінше, түнекті айықтырғысы келеді. Ал екеуінің қатар өмір сүретін себебі, олар бір біріне айқындауыш қана.
- Бірақ қазір не жарық, не қараңғы емес қой.
- Түсінесіз бе, бұл қалада күн де шықпайды, түн де түспейді. Мына әдемі көшелерді ешқашан түнек баса алмайды. Сосын... Мұнда адамдар жанжалдаспайды. Мүлде.
- Дәл ондай қала болмайтын шығар...
- Сенбейсіз бе?
- Мүлде.
- Бірақ мен шынымды айтып тұрмын – деді Бейтаныс. – Бір жағдай есімде қалыпты. Кешкі уақыт еді. Дәл сен құсап бір бойжеткен көз алдымда осындай шамды үрледі... Біреу көріп қалар ау деп айналасына қараған да жоқ. Ақ көйлекті бойжеткен. Көйлегінің қысқалығы сонша, етегі тізесінен бір қарыс жоғары. Мүмкін көшедегі жұрттың көбі оның киім киісіне жақтырмай қараған шығар. Адамдар өз жасына, дене бітіміне не қаржылық жағдайына сәйкес келмейтін әдемілік атаулыны жек көреді ғой. Ал мен одан шамды неге үрлегенін сұрадым. «Жай әншейін» деп күлді. «Қайда тұрасыз? – деп сұрадым.
– Беймезгіл уақыт қой...Үйіңізге дейін шығарып салайын.» Негізі басқа шаруаларым бар еді. Бірақ, еркімнен тыс аузымнан шығып кетті. Сол үшін, бойжеткен көзін төмен салып, бас изеген кезде шегінер жол қалмаған.
Үнсіз жүріп келеміз. Жүрегім қатты соқты. Қорқыныштан. Қалай десем екен... Мен қорқақ емеспін. Бірақ дәл бұлай жүрегімнің жиі соғып көрмегенін анық білемін. Бір сөз айтсам кеудемнен ұшып кетердей көрінді. Ал егер ұшып кетсе... Мен ол кезде жүрексіз өмір сүруге болатынын білген жоқпын.
- Қазір білесіз бе?
- Қазір мұны бәрі біледі. Бірақ мәселе онда емес – деді Бейтаныс. – Мен оны үйіне дейін шығарып салдым. Қызыл шатырлы, ауласы кең. Жеті баспалдақты санап басып, жылауық есігінің алдына дейін бірге келдім.
- Есімі кім?
- Бәрібір емес пе?! Сіз оны танымайсыз. Ал мен үшін ол жәй ғана Бойжеткен. Шығарып салғаным үшін рахметін айтты да, имене жымиды. Мен ондай әдемі күлкіні ешқашан көрген емеспін. Сол түні көз ілмедім. Таңға дейін жүрегім ауырды. Сосын жұмысқа кеттім. Білсеңіз ғой, жалғыздықты сезінген адам үшін өмірдің бар мәні жұмыс секілді көрінеді. Ол кезде менің жұмысым әлемдегі ең жақсы жұмыс еді.
- Сонда қандай жұмыс?
- Күн сайын қаланың ең биік мұнарасына шығамын да, ыңылдап ән айтамын. Жұрт оны түсінбейтін. Дұға оқып отыр деп ойлайтын. Менің бұлттарды дуалап алғаныма сенетін. Ал бұлттар менің әнімнен әртүрлі кейіпке енеді. Көңілім көтеріңкі кездерде, тіпті, бұлттармен үлкен қойылым көрсетер едім.
- Ал мен суға қарағанды ұнатамын – дедім. Өте аянышты әңгіме ауанын бұрғым келген. Дүниеде есі кіресілі-шығасылы осындайлардың әңгімесінен жек көрерім жоқ. Барлығының соңы бір. Бозбала, бойжеткен және бақытсыз махаббат.
- Екеуінің еш айырмасы жоқ – деді Бейтаныс. – Екеуі де ешқашан жалықтырмайды. Тіпті бар ғой, судағы бұлтты аспанның бейнесіне ештеңе жетпейді. Сол күні қаланың аспанында нүктедей бұлт жоқ еді. Барлығы мені басқа қаланың аспанын іздеп кетті деп ойласа керек. Ал менің жүрегімнің қатты соққаны сонша, бұлттар менің әнімді тыңдау былай тұрсын, менен қашып күннің артына жасырынып қалған сияқты. Әйтепесе жұмыстан қалуым мүмкін емес-ті. Мұнарадан түстім де, қайда барарымды білмей көп сенделдім. Білесіз бе, жалғыз қалғанның пайдасы көп те шығар. Тек сені ешкім күтпесе, мүлде барар жерің жоқтай көрінеді. Сол үшін көшедегі жұрттың көзіне үңіліп, олардың ойын, сезімін білгің келеді. Ал сіз не сезінесіз?
- Мен де кейде өзімді жалғыз сезінем – дедім. Бейтаныс өте аянышты көзбен қарады.
- Рахмет – деді сосын. – Әсерлі айттыңыз... Сол кезде мен әлемдегі ең жалғыз адам едім. Қызыл шатырлы шағын үйге аяғым өзі алып келгенше бүкіл қаланы шарлап шыққан шығармын. Терезе алдына тоқтадым. Ішке үңілгенімде, Бойжеткеннің кітап оқып отырғанын көрдім. Бөлме менің бөлмеме ұқсайтын. Дәл сондай дөңгелек үстел, кіре беріс бұрышта ескі шкаф. Сол шкафта керексіз заттарымды сақтаймын. Дәл сол шкафта Бойжеткеннің кітаптары тұрған шығар... Есі кеткен адамша қимылсыз қарап қалыппын. Біртіндеп жүрек соғысым қалпқа түсті. Тек бұлай ұзақ тұра алмайтынымды білдім. Кейін қайтып, мұнараға шықтым. Сосын... Сосын кешке дейін Бойжеткенге ұнау үшін аспанда бұлттар мың құбылып биледі...
Арада апта өткенде Бойжеткенге хат жаздым. Бұл кезде менің жүрегімнің өзгешелеу соққаны жер бетіндегі барлық дыбысты көмескілендіріп жіберген. Сыртымнан қадалған көздерді сезбедім, жанымнан өткендердің аяқ басқан дыбысын естіген жоқпын. Сол үшін ешкімнің көзіне көрінбеу керегін түсіндім де, мұнараға қамалып алып күні бойы жаза бердім. Мен ол хатта не айттым?.. Есімде ештеңе қалмапты. Кей сәттере мен жан дүнием үшін ғана өмір сүрдім және сол сәттерде жасағандарым ғана өзім үшін өмірімдегі ең жақсы нәрселер болып көрінеді. Ал қазір... Қазір мені ажалдан арашалап қалған адамға да алғыс айтпас едім. Өйткені сол сәттерімді сағынумен ғана жүрмін. Хатта да солай деген шығармын. Сосын, мені осы әлемде ұстап тұрған жалғыз жан иесі сол Бойжеткен екенін айтуым мүмкін. Анық білетінім, сол хатты қызыл шатырлы үйдің табалдырығына қалдырып кеткенім ғана.
- Сосын ше?
- Не сосын?
- Әрі қарай не болды? – деп сұрадым.
- Әрі қарай... Ол маған жауап жазды. Оның хатын әлі күнге сақтап келемін. Әріптерінің бәрі өшіп, әбден мүжіліп бітсе де. Қазір оны қайталап оқу мүмкін емес. Бойжеткен маған аспанға қарағанды, бұлттарды қызықтағанды ұнататыны жайлы жазыпты. Кей түндері терезе сыртында біреу жүргендей, әлдекім ауыр күрсінетіндей сезінетінін айтыпты. Сол үшін жүрегі ауырады екен. Әлдекімнің кеудесіне басын қойып, өз қорқыныштарын айтқысы келген. Әрі, соңғы кездері бұлттардың қалыбы жылдам өзгеретіні сонша, тынысы тарылып, жылағысы келеді. Хатты оқығанда нендей сезімде болғанымды білсеңіз ғой. Бойжеткен мен үшін, менің есінен адасқан жүрегім үшін азап тартып жүріпті. Оны жұбату менің қолымнан келмес еді.
Не қыларымды білмедім. Әлемдегі ең жанашыр, ең ақылды адамнан – Өзімнен кеңес сұрадым... Ақыр соңында, бұлттарды әніне ұйытатын өзге адам келуі тиіс қаладан кетуім керек екенін өз-өзіме ұғындырдым. Бойжеткен дертінен айығу үшін солай жасауға тиіс едім. Айнадан өзімнің мұңлы кейпімді көргенде еріксіз жылағам. Ешкім көріп тұрмаса да, сол төгілген жасым үшін қатты ұялдым. Сосын, түн енді айығып, таң енді біліне бастағанда жолға шықтым. Жалғыз сөмкемен ғана. Мен бұл қалаға басқа мекенде күтетін ешкім болмаған соң ғана аялдадым. Егер сені әлдекім күтетін болса, өз қалаңа оралғаның дұрыс. Мүмкін, бір кездері менің де сенің қалаңа жолым түсер...
- Сен ол жаққа мына пәлсапаңмен сыймайсың – дедім.
- Неге?
- Өйткені ол қала өте кішкентай. Әрі оның аспанына бұлт тұрақтамайды. Ал үлкен ойлардың ағыны қаланы шарламайды, ол жақтан кетуге асығады. Көп бөгелмесеңіз қайтеді?
- Кешіріңіз – деді Бейтаныс. – Мен көп сөзге жоқ адаммын. Бұл нәрселерді сізден өзге ешкімге айтқан емеспін.
- Оқасы жоқ – дедім мен. – Әр адамның тыңдауға тұрарлық ең болмағанда бір әңгімесі болады.
Бейтаныс кетіп қалды. Ал мен өз қалама оралу үшін жолға шығуым керегін ұқтым. Жол бойы өз қаламның күн де шықпаған, түн де түспеген мезгідері жайлы ойға баттым. Ол жақта да бір Бойжеткен бар еді. Тек ол аспанға қарағанды, бұлттарды қызықтағанды ұнатпайтын. Ол бір жыл бұрын, мезгілсіз көз жұмған еді...
ШАҒЫР
21 шілде 2018 ж. 1 285 0