ШЫР АЙНАЛДЫРҒАН ШӨКІМ ҚОЗЫ

Кабинадан шығып, айнала биік қыраттарды қызықтап тұрған бізге қарай маңыраған бір қозы жетіп келді. Бір меңі жоқ көмір қара қисар қозы екен. Кешқұрым жапанда жалғыз қалған жануар адамдарды қара тұтып келіп тұр. Ит-құсқа жем қылмай, ұстап алайық деп шештік.
Жақын барсақ қашады, кейін қайтсақ қайта айналып соңымыздан ереді. Тіпті көліктің астына кіріп кетіп, алақтап, тоқтаусыз маңырайды. Дене бітімі келіскен, сүйкімді қозы екен. Тастап кетуге көзіміз қимай (дүние тұтып тұрмыз-ау) қаумалай қайта қуамыз. Таяй берсеңіз зып ете қалады, қуып жете берсеңіз бұлт ете бұрылып, ұстатпай әбден әуреге салды. Шаршап-шалдығып отыра қалсаңыз қайтадан қол созым жерге келіп, маңырап тұра қалады.
Не де болса ұстауға мықтап бекініп алған біз күннің батқанына қарамай қозы қуып кеттік. Етжеңді досым біраз терін төгіп, алқынып-ентігіп болмаған соң көлікпен алдын кесіп, бір жағынан жаяулап, сүріне-қабына екі өкпемді қолыма алып мен қайырмалап, төбеден төбе асып келеміз. Әлгіндей тоқтай қалсақ қара қозы қайтадан қасымызға келіп, қол созым жерде тұра қалып айналаны жаңғырта маңырайды. Бағанағыдай емес, даусы да ащы шыға бастады. Іңір түсіп, қас қарайды. Қара түнде қара қозы жылт-жылт ете әзер көрінеді.
Алғашқыда етін асып жеуге де жарамайтындай көрінген кішкентай қозы қуа-қуа көзіміз қызарған бізге кәдімгі құнан қойдай құнды боп алған. Қара түнде Қаратауда қара қозы қуып, табанымызды тас тілгенше соңынан әбден шабылдық. Жеткізбеді. Қолымызды бір сілтеп, көліктің бетін ауылға бұрдық. Бала кезде оқыған Л.Толстойдың «Адамға қанша жер қажет?» деген әңгімесі есіме түсіп, еріксіз мырс еткен маған таңырқай қараған досым:
– Апақ-сапақта жолыққан мынау шынымен шайтан шығар, – деді. Ал қозы болса, бұл кезде қайтадан көліктің жарығын көлденең кесіп өтіп бара жатты. Қарайламадық. Дүние шіркін әркімді әрқалай арбайды ғой. Толстойдың әңгімесіндегі шұрайлы жері көп кейіпкер Пахомды әзәзіл алақандай жер үшін азаннан кешке дейін жүгіртіп, өкпесін өшіртіп, оңдырмай арбаса, отарлы қой мен қозының арасынан келе жатқан бізді дүние-шайтан шөкімдей қозы болып, айдалада әбден мазақ етіпті.
Нұрболат СӘДУАҚАСҰЛЫ