Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі

ӘМИНА

Әмина бүгін де ерте тұрды. Күн шықпаса да, дала жарық болып қалыпты. Қасындағы күйеуін оятып алмайын дегендей жай орнынан тұрып, сыртқа шықты. Іргедегі сауын шелегін алып мал қора жақа келіп бұзауын босатқан. Тыпыршып тұрған бұзау босана салып анасын еме бастады. Әмина да бұзаудың бас жібін тартып қазыққа байлап, бірінші иіндісін сауып алды. Одан соң екінші иіндісін де сауып, бұзауды босатып жібере салған. Жарты шелектен аса сауылған сүтті кешегі кешкілік сүтке қосып дәу бір шелекті сәкінің үстіне бетін жауып қойды. Және қолына сауын шелегі мен кішкене тостағанын алып қора жаққа қайта келді. Осы сәтте күйеуі Балғын да келіп қой-ешкілерін қатарластырып көгендей бастады. Әмина болса тостағанын алып, ешкіні саууға кірісті. Он кой, бес ешкі, бір сиыр және бір қаражорға ат, Балғын мен Әмина ата-анасынан бөлініп өз алдарына үй болғанда еншілеріне тиген малы болатын. Күндегі әдеті осы, сиырдың сүтіне қой ешкілердің сүтін қосып базарға апарып өткізіп күнделікті ішіп жем тамағын айырып отыр. Келіншегінің аяғы ауырлаған сайын Балғын «саумай-ақ қой, жақында егінді де жинаймыз, оған дейін қарызданып-ақ күнімізді көрерміз» десе де Әмина осы ісінен жаңылмайды. Бүгін де сауып алған сүтін бос бөтелкелерге құйып сатуға деп шетке шығарып қойды. Қалған аз ғана сүтті шайға деп алып қалды. Базарға апарып әр бөтелкені жүз теңгеден өткізеді. Сонда жеті жүз теңге болады. Бару келу автобус пұлы жетпіс бес теңгеден – жүз елу теңге. Ар жағында қалған бес жүз елу теңгеге алған ішіп-жем тамағы екеуіне жетіп жатыр. Әмина дереу қазан астына от жағып, өздеріне деп алып қалған сүтті пісіруге кірісті. Самаурынды да әкеліп су құйып тұтата қойды. Автобустың жүруіне әлі бір жарым сағаттай уақыт бар, сүт пісіп қазанды түсірген кезінде буы бұрқырап самаурын да қайнады. Апыл ғұпыл дастархан жайып, мал қора жақта бұзауын байлап, сиырын өріске айдап жіберген күйеуін таңғы асқа шақырды. Екеуі қазан жаппай нанға дүкеннің майын жағып жеп, сүтпен шай ішті. Автобустың келуіне жарты сағат қалғанда Әмина асыға бастады. Сүт толы жеті бөтелкені сөмкеге салып ала жөнелмекші болғанда, Балғын тоқтатып сөмкені өзі алып аялдамаға дейін жеткізіп тастады. Қайта кетіп бара жатқанында Әмина: – Балғын, әнеукүнгі бесік ағаштарыңды ұмытпай ала кел, – деді көздері боталап. Әминаның осы сөзі Балғынның есінен шықпай қойсын, үйіне келіп қозы-лақтарын бөліп алып қой-ешкілерін шығарып падаға қосып жіберді. Бұзауын қораның түкпіріне апарып байлап алдына суын шөбін салып, қайта келіп қозылақтарын үйінің жанындағы көгалға айдап салды. Өзі қара жорғасына ер салып дария жақтағы егініне қарай келе жатты. Балғын биыл бірінші рет өз алдына егін егіп, өз алдына тірлік жасап жатыр. Жылда ағайындарымен еккен соң өнімі де бір жерге құйылып, менікі сенікі деген сөз болмайтын. Енді еншісін алып шыққаннан кейін келіншегі екеуі тырбанып бір гектардай жерге тары, елу сотықтай жерге қауын-қарбыз, бәдірен, қызанақ, картоп еккен. Құдайға шүкір, тфә-тфә егіннің шығымы жаман емес. «Осы егіннің арқасында балаларым өсіп жетілемін дегенше сырттай оқитын оқуымды бітіріп дипломымды алып алсам» деп іштей өзімен әңгімелесіп келеді. Бала демекші Балғынның есіне Әминаның аялдамада тұрып айтқан сөзі қайта түсті. «Бесік ағаштарын ұмытпай ала кел» деді-ау ә? Балғын келіншегін аяп кетті, өйткені осы сөзді айтқанда Әминаның көз жанарынан суға кеткен адамның соңғы рет тал қармағынындай нәзік бір үміт ұшқынын байқап еді. Өйтетіндей себебі де бар, Әмина әке-шеше, ағайын-туыс, бауыр дегеннен жұрдай тұлдыр жетім болатын. Айы-күні жақындаған сайын «сәбиімнің бесігін кім әкеледі» деп ертеңгі күнін ойлап қобалжып жүрген келіншегіне Балғын «өй койшы сол да сөз болып па, бесікті өзім-ақ жасаймын» деп тоғайдан бесікке деп ешкіталдың иілген бұтақтарынан ағаш дайындап қойған. Әлгі аялдамада тұрып Әминаның айтқаны сол еді. Шындығына келгенде Әминаның әкесі де, шешесі де, туған-туыс ағайындарының бәрі бар. Дәл қазір өмірде тіршілік жасап жатқан адамдар. Тек Әминаның өзі солардың ешқайсына керек болмай, далаға лақтырылып тастағандай жан болатын. Ол кезде Әминаның әкесі де, шешесі де жас, албырт еді. Сол жастықтың жетегінде жүріп, барлық жастарға тән мастықпен бірбіріне сөз айтып, сүйдім-күйдім деп жүріп екеуі де ойламаған жерден от басқан. Мектеп қабырғасында жүріп жүкті болған қызды кім ұната коюшы еді, елге қарауға беті шыдамаған шешесі бір түнде кызын сонау дарияның жағасындағы алыс бір ауылда тұратын төркініне әкеліп тастаған. Сол ауылдың баттасқан жидесі, жыңғылы, қарабарқыны, шеңгелдерінің арасында шибөрісі шулаған айлы бір түнінде көрдім-білдім дейтін ешкім жоқ, еш жариясыз құпия түрде осы Әмина дүниеге келіп еді. Әмина келді деп ешкім куана қоймады, ескіқұсқы шүберектерді жөргек етіп орап іргеге тастай салған қыз ешқандай дыбыс шығарып жыламаған. Өзінің туыла салып ешкімге керексіз жалғыз қалатынын сәби жүрегі сезгендей моп-момақан күйде пысылдап ұйықтап жата берген. Шешесі болса осы бәледен құтылдым ба, құтылмадым ба дегендей босана салып, сәбиін бауырына бір басуға да жарамай өз ауылына тартып отырған. Сөйтіп Әмина өлмелі бір кемпірдің қолында қала берді. Алғашқыда кемпірдің балалары, келіндері Әминаны балалар үйіне өткізбекші болған. Бірақ түн баласына қыңқ етіп бір де жыламайтын Әминаға бауыр басып қалған кемпірдің кәрі жүрегі қимай «құртақандай бір қызға пана бола алмасақ біздің неміз адам, ана дүниеге барғанда мені тыныш жатсын десеңдер осы қызды адам етіп ел қатарына қосыңдар» деп бергізбеген еді. Осылайша Әмина әжейдің қолында ештеңеден таршылық көрмей бойжетті. Есі кіріп үлкейген сайын менің әкем кім, шешем кім деп ойлайтын қыз осы сұрақтармен әжесін жиі мазалайтын. Ондайда әжесі терең бір күрсініп алып «е-ей, балапаным, сенің әкең де, шешең де жолсерік, күндіз-түні пойыздың үстінде жүреді, жұмыстан қолдары босамаған сон келмей жүр, кейін сен үлкейген соң келеді» деп алдай салатын. Әдепкіде осы сөздерге сенетін Әмина кейін өсе келе көп ойланатын. Өйткені қасындағы қатар құрбыларының әкесі де, шешесі де бірге бір үйде тұрып жатыр. «Ал менің ата-анам неге менімен бірге бір үйде тұрмайды? Мен неге құрбыларым секілді әкемнің мойнына асылып еркелемеймін? Мен неге анам базардан қайтқанда алдынан жүгіріп шықпаймын?» деген сияқты сан сұрак Әминаны ерте есейтіп еді. Қасындағы қыздардың бәрі сән қуып, боянып, түрлі киім кигенде Әмина ештеңеге еліктемей бірсыдырғы жүріп үлкен адамдарша ой ойлап, үлкендерше алдына мақсат қоятын. Оныншы сыныпты бітірген соң ары қарай оқымай-ақ қоямын деп шешті, өйткені осы жылы әжесі қайтыс болған. Қайтыс боларының алдында әжесі өзінің немересі Балғын мен Әминаны атастырып еді. Балғын әскер қатарынан келіп, сырттай окуға түсіп ауылда егін егіп кәсіп жасап жүрген. Ұзын бойлы сымбатты жігітке даланың ерке гүліндей ырғалып өсіп келе жатқан сұлу да ибалы қыз жарасып үйлесе кеткен. Үйлену тойларында ертегілердегі ғашықтардай болып екі сұлудың қатар тұрғанын көрген ағайындары «тфә-тфә, Құдай тіл-көзден сақтай көр» десіп екеуіне ақжол тілеп, ақ баталарын беріп еді. Одан бері де бір жылдан аса уақыт өтіп кетіптіау, енді міне келіншегімнің аяғы ауыр. Жақында әке атанамын деген секілді мың сан ойлардың жетегінде Балғын қара жорғасымен егінге де келіп жетті. Қауын-қарбыздары өркенге жығылып, бәдірені қызанақтары түйнектеп қалыпты. Картобы да гүлдеп, тарылары бас ала бастаған. Балғын жағалап бәрін көріп шығып, жай аяңдап дария жиегіндегі тоғайға келіп бесікке деп дайындап қойған ағаштарын алып кері қайтты. Қайтар жолда өзінің жақын ағайыны болып келетін ағасы Төребектің жолыға кеткені. Ол да осы жерде егін егіп жатыр. – Ау, бажа, қайдан келесің? Мыналарың не, не жасамақсың мұнымен? – деді Төребек Балғынның қолындағы бесік ағаштарына таңдана қарап. Төребектің жасы үлкен болса да, көңілінде ешқандай арамдығы жоқ, Балғынды құрдасындай етіп ойнай береді. Өйткені оның әйелінің руымен Әминаның руы рулас, содан бажа деп ойнайды. – Не жасайды деп ойлайсыз, өзіңіз айтыңызшы? –деп Балғын қолындағы бесік ағаштарын Төребекке біртіндеп көрсетіп шықты. Төребек аң-таң қарап тұрып: – Білмедім, інім, ақылым жетпеді не жасайтыныңа, өзің айтшы, – деді. – Олай болса айтайын, біздің үйдегі балдызыңыздың аяғы ауыр екенін білесіз ғой, жақында босанып та қалар. Соған енді дайындық кой, бесікті өзім жасамақшы едім ғой. Төребек сұрауын сұраса да, не айтарын білмей сасқалақтап, өз сөзіне өзі ыңғайсызданып қалды. Балғын егіндік жеріне карай кетті. *** Әмина әкелген сүтін бірден өткізіп жіберді. Ақшасына керек-жарақ заттарын алып, артылған аз ғана тиын-тебенін басқа бір нәрсеге керек болар деп басып қоя салды. Күнде сапырылысып жататын адамдар бүгін жоқ, автобустағы бос орындардың біріне отырған Әмина ойға кетті. Бүгін Балғын бесік ағаштарын әкелсе, төрт-бес күнде бесік те дайын болып калар. Сосын жөргегі, жаялығы бар басқа да анау-мынаусын ішіп-жем тамақтан артылдырып жинап жүрген ақшама сатып алармын деп ойлады. Әминаның есіне әлгі бір сөздің түсе бергені, калай еді «жетім өз кіндігін өзі кеседі» деген. Сол сөз тура маған айтылған сияқты-ау, әйтпесе әкем қайда, анам қайда. Ол екеуі болса мен бұлай айы-күнім жақындағанда зілдей жол сөмке арқалап базар жағалап жүрмес едім ғой. Осы сәтте автобус та оталып, жай қозғалып жүріп кетті. Әмина қайтадан ойға берілді. Балғын екеуі үйленген соң ғана Әмина ата-анасының қай жақта жүргенін білген. Бәрін Балғын айтып берген болатын. Әкесі сонау Шым қаласында үлкен қызмет істейтін, өте дәулетті адамның автокөлігін жүргізетін шопыры екен. Және сол кісінің қызына үйленіп күйеу баласы болып алыпты. Былайша айтқанда әйелі мен атасы тұр десе тұратын, отыр десе отыратын сол үйдің қол баласына айналған. «Әкем деп оны іздеп барғанда ол мені қабылдай коя ма, аюдай ақырып, атасы мен енесі және әйелі шыға келсе мен не деймін. Кім маған пана болады? Кім маған қорған болады? Әкемнің аты кім еді өзінің Балтабай деді ме? Еее, мейлі, оны іздеп барайын деп жатқан мен де жоқ. «Әкенің жақындығы жездедей-ақ» деген. Эх, анамды айтсаңшы, бүйтіп тастап кететіні бар неге әкелді екен мына дүниеге. Шаранаға тұншығып дыбысым шықпай жатқанда қалай ғана тастап кетуге дәтің барды ана, бет жүзіңді бір рет көрсем ғой арманым болмас еді. Бірақ көре алмаймын-ау» деп ойлады. Өйткені анасы Ғалия Орда қаласында тұратын, өзінен көп жас үлкен жоғары лауазымды қызметкерге тұрмысқа шығыпты. Төркін жағымен қатынасты доғарып сол барған жеріне тастай батып, судай сіңіп кеткен. «Енді мен оны іздеп баратын болсам өткен істің бәрін жасыру үшін-ақ менен бас тартары анық қой. Сол үшін бармағаным абзал, әркім өз шаруасын күйттегені дұрыс, мен де өз жөнімді табайын. Бірақ сенің орның мен үшін бөлек еді ғой, анашым». Осындай оймен келе жатқан Әмина ауылға қалай жеткенін де білмей қалды. Ең соңғы аялдамадан түсіп, аяғын тез-тез басып үйіне келді. Қолындағы заттарын есіктің алдына қоя салып, өзі мал қора жаққа барып қозы-лақтарын түгендеді. Он қозы, он лақ қораның көлеңкесінде жатыр екен, бәрі түгел. Енді қораның ішіне барып, бұзауының алдындағы суы мен шөбін көрді. Бәрін ретке келтіріп көңілі жайланған Әмина үйге асықпай келіп, әкелген заттарын орын-орнына қойып, өзі күйеуі Балғынды күтті. Балғын бесік жасап жатыр екен деген сөз аядай ауылға лезде-ақ тарап кетті. Біреулер дұрыс деп мақұлдаса, енді біреулері ата-анасы тірі тұрғанда онысы несі екен деп таңданысты. Жел сөз жата ма, ауыздан-ауызға тарап ақыры Балғынның әке-шешесінің де құлағына жеткен. Осы сөзді естіген ата-анасы сол күні-ақ баласы мен келінінің үйіне келген еді. Балғын бесікті жасап болып, әдемілеп бояу жағып сықырлатып қойған. Ата-анасы әдепкіде баласының бұл тірлігіне ренжіңкіреп келсе де, көздің жауып алардай болып тұрған бесікті көріп райларынан қайтып қалған еді. Тіпті баласының осыншалықты шебер екеніне қайран қалған әкесі риза болғаны сонша алғыстан басқа ештене де айта алмады. Тек анасы ғана баласының басынан сипай: – Балам-ау, бізбен ақылдаспай неге бұндай тірлікке бардың, әзір біз тірі емеспіз бе? Немереміздің бесігін әкелуге жарамасақ біз несіне ата-ене болып отырмыз, бесік жасап жатырмын деп біз ауыз ескертсең кайтер еді бізге, – деді. – Сәбиіміздің бесігін кім әкеледі деп Әмина қайта-қайта уайымдап қоймаған соң өзім-ақ жасай салайын дегенім ғой, апа, онда тұрған не бар екен? – Сөзің бар болсын балам, қазақтың салты бойынша бесікті Әминаның ата-анасы әкелуге тиісті. Бірақ оның әкесі де, шешесі де жоқ қой, сол үшін бесікті біз әкелуге міндеттіміз. Өйткені біз де оның ата-анасындай емеспіз бе? Қазақтың мұндай салтын білмеуші ме едің? – Қайдан білейін, – деп Балғын ағынан жарылды. Баласының аңғалдығына анасы сылқ-сылқ күліп: – Мейлі енді ақыры жасап қойған екенсін былай істейік, зейнетақымнан бесік алам деп жырымшылап жинап жүрген ақшам бар еді сол ақшама мына бесігіңді мен сатып алайын. Ақыры базардан сол ақшама бесік алуым керек қой. Сонда бесікті мен сатып алып қайта өзіңе әкелемін. Ең әдемісі осы балам, қазір мына бесікті көтерген күйі біздікіне апарып тастай ғой, сол жерде ақшаңды санап беремін. Сосын бір айтатын нәрсе, жөргегін де жаялығын да біз өзіміз әкелеміз, сендер ештеңеге шығынданбайақ қойыңдар, – деді. Анасы мен баласының арасындағы сауда осылайша бейбіт жолмен бітіп еді. Осыдан екі күн өткен соң Әминаны толғақ қысты. Балғын дереу ағайындарының жеңіл көлігін әкеліп Әминаны перзентханаға ала жөнелді. Бір аптадан соң Балғынның отанында іңгәлаған сәби даусы шығып еді. Ата-анасы төлдің басы қыз болды деп куанысты. Ал ат қоюға келгенде Балғын, таң арайлап атып келе жатқанда босағанын айтып «атын Арай деп қояйық» деген болатын. Оған Балғынның әкесі келіспей «Арай деген ер балаларға лайык есім, сол үшін де осы арай сөзін керісінше қойайық». Сонда Иара деген қыздарға лайық әдемі есім шығады» деп немересінің атын Иара деп қойған. Сонымен ең қуанышты күн бесік тойы болатын күн де келіп жетті. Ағайын-туыс, ауыл-аймақ, көрші-қолаңның барлық әйелдері жиналып қалған. Көрімдік те берілді, шашу да шашылды, жабу да жабылды, тыштым да таратылды бәрі куанышты, бәрі көңілді, бәрі ойдағыдай өтіп жатты. Бірақ Әминаның көз жанарының алыс бір түкпірінде өз анасына деген мұңлы сағыныш бар еді. *** Арада он жеті жыл өтті, Әмина мен Балғын Иарадан басқа тағы да үш ұл, бір қыздың атаанасы болды. Балғын сырттай оқуын бітіріп ауданда бір мекемеде қызмет ететін. Әмина болса сауда дүкенін ашып алған. Аудан орталығынан еврожүйемен үй соғып, ауласына шет елдік темір тұлпарлардың да екі-үшеуін қаңтарып қойған еді. Баяғы қой-ешкі сауып тиын санаған қиын кездері артта қалып, шаруасы дөңгеленіп жатыр. Сонда да Әмина әр апта сайын жеті шелпек пісіріп құдайы таратып, өз өткен өміріне тәуба етуден жаңылмайтын. Жан дүниесінің алыс бір қойнауындағы ата-анасына деген ыстық сағынышын білдірмеуге тырысып, еш уайымсыз қайғысыз болып көрінуші еді. Бүгін Әмина үйіне ертерек келіп, кешкі ас әзірлеуге кірісіп кетті. Аяқ астынан телефон қоңырауы шырылдағаны. Әмина жүгіріп келіп тұтқаны ала қойды. Түркістан қаласынан қызы Иара хабарласып тұр екен. – Амансың ба, мама? Алда келе жатқан жаңа жыл мейрамыңызбен құттықтаймын. Құтты болсын, жаңа жылыңыз, – деді. – Бірге болсын, жаным. Жағдайың қалай, жаңа жылды қай жақта қарсы алмақсыңдар? – Ауылға барамын, мама, үш күн демалыс берді. Құдай қаласа жаңа жылды өздеріңізбен бірге үйде қарсы аламын. – Қашан келесің үйге? – Ертең емес арғы күні қайтамын. Әмина қызының даусынан бір нәрсеге алаңдап, алабұртып тұрғанын сезіп: – Иара біртүрлі өзің қобалжып тұрсың ғой, бір жағдай болды ма немене? – деді. – Ештеңе болған жоқ мама, жаңа жылыңызбен құттықтағаным ғой, – деп ештеңе білдірмеді. Әмина бір нәрседен секемденіп қалса да: – Жақсы олай болса, – деп қоштасты. Иара он бірінші сыныпты жақсы бағамен бітіріп, Түркістан қаласындағы университетке оқуға түскен болатын. Биыл әдепкі жылы болған соң ата-анасы алаңдаулы. Қызының әлгі телефон соғысына Әминаның ана жүрегі кәдімгідей-ақ сескеніп, қорқынышы бет-жүзіне біліне бастаған. Осы сәтте Балғынның кіріп келмесі бар ма, келіншегінің түрін көріп шошып қалған күйеуі: – Өй, Әмина, не болды түрің өзгеріп кетіпті ғой деді. – Жаңа Иара телефон шалып жаңа жылмен құттықтады. Жаңа жылға әлі үш күн бар ғой, ол маған басқа бір нәрсе айтқысы келді. Соны маған айтқысы келсе де айта алмай сөзді басқа жаққа бұрып жіберді. Сен қазір ұялы телефоныңмен хабарласып көрші, не айтар екен, – деп Әмина күйеуіне қарады. – Саған айта алмаған сөзін маған қалай айтсын, егер бір нәрсе болған болса ертең барып көзіммен көріп қайтамын, – деді Балғын. – Егер баратын болсаң ертең емес арғы күні бар, олар сол күні демалысқа шығып үйге қайтады. Бірден өзін де ала келесің. *** Иара ол екі жігітпен бір күнде танысқан. Екеуі де өзі оқитын университетте бесінші курста оқиды екен. Өзін Ерлан деп таныстырған жігіт Орда қаласының тұрғыны екен дағы, одан екі сағаттай кейін танысқан жігіт Шым қаласының Ақыл деген азаматы болып шықты. Әдепкіде Иара достық ниетте қызық үшін таныса салса да, ол екеуінің өзіне деген көзқарасы өзгеше екенін байқап ойланыңқырап қалып еді. Өйткені университет қабырғасында әлі бес жыл оқимын, ал мына екі жігіттің екеуі де мені ұнатып қалған секілді. Екеуінің біреуі келіп үйленейік деп қолқа салса не деймін, оқуымды бітіргенше күйеуге шықпауым керек қой. Сол үшін де олардан іргемді аулақ салайын деген тоқтамға келген Иара ол екеуінен өзін алшақтата бастаған. Бірақ олай болмады, бір-бірімен бәске түскендей екі жігіт жарыса келіп сәлем беріп, жағдай сұрап, екеуінің бірімен оңашалана қалса махаббат жайлы ыстық-ыстық лебіздерін арнайтын. Екі оттың ортасында қалғандай күйге түскен Иара, кайсысына не деп жауап берерін білмей дал болды. «Әй менің әлі бес жыл окуым керек қой, сен екеуің секілді университетті тәмамдамағалы тұрғаным жоқ, мен сендерге ештеңе де айта алмаймын. Әзір маған бұндай әңгімені айтпаңдар, мен сендерге ешқандай жауап бермеймін» десе де екеуі бір-бірінен қызғанып. «Жоқ, Иара, осы жерден пәтер сатып аламыз, сен оқуыңды бітіргенше сонда тұрамыз. Ештеңеден қиналмайсың, ақша деген жетеді» деп екеуі қыр соңынан қалмай қойсын. Әбден ашу қысып жыларман хәлге түскен Иара, анасына телефон арқылы осы жайды айтып ақыл сұрамақшы болған. Бірақ сәл-пәл ұяңдық жасап айта алмады. Енді не етсем екен, әлде Пушкин мен Дантес секілді екеуін дуэльге шығарып, қай жеңгенің менікі деп қарап тұрсам ба екен? Иара өз-өзінен мырс етіп күліп жіберді. Қасындағы бір бөлмеде жататын үш қыз бұған таңдана қарап, Сәлима есімді қыз: – Неге күлдің Иара, ойыңа бірдеңе түсіп кетті ғой деймін, – деді. – Жай әншейін, ештеңе емес, – деп Иара жалтарып кеткісі келген. – Жайдан-жай да күле ме екен адам, дәу де болса екі жігіт бірдей сөз айтты деп соған шаттанып күліп отырсың ғой деп Мәдина бір нәрсенің шетін шығарды. – Эх шіркін Иара сен кандай бақыттысың, маған да сондай екі жігіт бірдей келіп сөз айтса ғой, – деп Кәмила орнынан тұрып, екі қолын екі жаққа созып рахаттана керілді. – Иә, не істер едің, – деді Сәлима қулана жымиып. – Сендер ондай әзілді қойыңдар, онанда әлгі екі жігітке не жауапқайтаратыныма ақыл қоссаңдаршы, – деді. Сәлима: – Оның не айтатыны бар, осы төртеуіміз бірдей барып айтамыз, – деді. – Сонда не деп айтамыз, – деп Кәмила да сөзге араласты. – Болмайды деп айтамыз, жас екенімізді айтамыз. Әзір жанұя болуға дайын емес екенімізді айтамыз, – деді Сәлима. Кәмила басын шайқап: – Оған көне койса жақсы ғой, – деді. – Неге көнбейді, сөзге түсінбейтін жануар емес шығар, – деді Сәлима ашуы бетіне шығып. – Егер сол екеудің біреуі ғана сөз айтса онда тоқтатуға болар еді, бірақ олар екеу болғансын бір-бірінен қызғанып-ақ тоқтамайды. Онанда оларды тоқтатын басқа бір пәтуәлі сөз табайық Кәмила үлкен адамдарша ой айтты. Осы тұста Мәдина: – Оларға не жауап қайтаратынымызды мен айтып берейін деп орнынан тұрды. Иара сен жаңа айттың ғой мамама не деп айтарымды білмедім деп. Оларды сол сенің ата-анаңа жұмсайық. Олардың да ата-анасы бар ғой, барып сенің әке-шешеңнің алдынан өтсін. Сосын үлкендер не дейді біз де соған тоқтаймыз деп айтамыз, – деді. Төрт қыз ойланып біршама уақыт үнсіз қалды. – Ал егер Иараның ата-анасы келісім беріп қойса қайтеміз, – деді Сәлима үнсіздікті бұзып. – Неге береді келісімді, оқуға түскені кеше ғана, әлі төрт жарым жыл бар емес пе оқуын бітіруге. Оң-солын танымаған жап-жас қызынан құтыла алмай отыр ма? – деп Мәдина қызбаланды. – Ол үшін Иара ертерек барып ата-анасына болған жайды айтып, келісім берме деп қоюы керек шығар, – деді Кәмила. – Дұрыс айтасың Кәмила, солай болуы керек. Иара сен отыз бірі күні қайтып үйдегілерге болған жайды айтып, ана екі жігіттің ата-анасы келетұғын болса келісім берме деп бәрін ретке келтіріп қоясың. Ал енді ертең сабақтан шыққасын осы төртеуіміз барып, ол екеуін оңаша шығарып сөйлесеміз. Не айтасыңдар бұған деп Сәлима қыздарға қарады. – Иә, солай етеміз, – деп Кәмила қостады.
Абай ЖҮРСІНБАЙҰЛЫ (Басы. Жалғасы келесі санда)
18 ақпан 2025 ж. 47 0