Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » СЫР ШЕРТЕДІ СЫРЛЫ КҮЗ

СЫР ШЕРТЕДІ СЫРЛЫ КҮЗ

Көшеге бір мезгіл шығып, таза ауамен тыныстаймын. Жан-жағымның бәрі сары алтынға малынған жапырақтар. Жаңбырдың иісі де жан дүниемді тазартқандай. Сарғайған жапырақтардың тал басында желге шыдас бермей жерге түскен сәтін көргенде, көз алдыма бүкіл әлем қоңырқай түске боялғандай күйген енемін. Бейне бір салып қойған сурет секілді. Аспаннан тамшылап аққан жаңбыр суы, тіпті көңіліңді құлазытып тұңғиыққа батып кетесің. Біреуді сағынасың, сезімге ерік бересің. Шіркін, бұл нағыз күз ғой...
Шиеліге де күз мезгілі асығып келді. Кеше ғана жайдарлы жазбен қоштасқан едік, енді міне көзді ашып-жұмғанша күздің екінші айын да аяқтадық. Жылдағыдай емес, жапырақтар кеш сарғайды. Осындай кезде айналамызға бір назар салып, үңіліп қарап көрдік пе? Мұқият назар салып қарайтын болсаңыз, көңіл жылытар көріністер көп-ақ. Қазақтың ақындары да күздің ерекшелігін әдемі әспеттеп, әрқалай суреттеген. Мәселен Қалқаман Сариннің «Көңілді қоңыр салқын саз жүдетіп, көз жетті кеткеніне жаздың өтіп. Құлайды жапырақтар құба талдан, күрең күз құдіретіне тағзым етіп» деп өзінше суреттейді. Ал енді жас ақын Ботакөз Бексары «Күз. Қараша. Сұп-суық жел азынап, Қалтыратар қыс та жақын сыңайлы. Мен сағына тұрайыншы азырақ, Маған сені сағынғаным ұнайды» деп сағынышын жеткізеді. Күз – ақындардың мезгілі. Ақынның жанын тек күз ғана ұғып, түсінетін секілді. Шығармашылық адамдар жаз бен қысқа, көктемге жылы жымиып, күзге ғана сыр шертетін көрінеді. Ол рас. Жапырақ көмген іздерді тамсана басып жүріп өткеннің өзі бізге бір ғажап дүние. Біз күзбен ұғынысамыз, шүйіркелесеміз, сырласамыз. Байқап қарасақ, әрбір мезгілдің өзіндік ерекшелігі бар. Көктемде ағаштың бүр жаруы, алғаш гүлдеуі әдемі көрінсе, жазда жанжағымыз түгел жайнайды. Төбемізде жайма шуақ күн күлімдеп, жанға жылулық сыйлайды. Ал күзді көпшілігі «көңілсіз» мезгіл қатарына жатқызады. Бірақ олай емес. Көре, сезіне білген жанға күз айрықша сұлу. Әрбір жапырақ табиғатқа көркемдік беріп тұрғандай. Қызылсары, алтын түске боялған жапырақтар көздің жауын алады. Тіпті адам дәл солай бояғысы келсе де, қолынан келмес еді. Бұл табиғаттың тылсым сыйы. Қыста ше? Айнала ақ мамыққа оранады. Жалпы әр мезгіл өзінше әсем. Сірә, мұндай әдемілікті байқау үшін адамның жаны да сұлу болуы керек шығар. Бала кезімізде мектеп қабырғасында апайымыз «күз жайлы шығарма жазып келіңдер» десе, «сары ала күз келді...» деп дәптерімізге жаза жөнелетін едік. Сурет сабағында түрлітүсті қарындашпен сары жапырақтарды әдемілеп салсақ, еңбек сабағы болғанда бәріміз гербарий жасап асығатын едік. Оны біз кітаптің арасына салып кептіріп, артынан альбомға желіммен жапсырып әлек болатынбыз. Бұл да бір күз мезгіліндегі әдемі естеліктер дерсіз. Қазір керісінше бойдағы көңілсіздігімізді күзге жабуға құштармыз. Неге? Негізінен күз адам жанына бөлекше әсер етеді. Күз – сағыныш. Күз – сезім симфониясы әрі ой-қиялымыздың құндағы. Қалай болса да тылсымына тартар жұмбақтығы – талай ақынның таусылмас тақырыбына арқау болып қалары анық. Кей кезде көңіліңді күздің бұлты торласа, жаның бүрсең қағып тоңып қалса, жүрек дертіңді ақындардың күз өлеңінен іздеп көрші.
Жазба: Айдың нұры
Сурет Бақытжан БӘЙІМБЕТТІКІ

30 қазан 2024 ж. 183 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№88 (9252)

05 қараша 2024 ж.

№87 (9251)

02 қараша 2024 ж.

№86 (9250)

29 қазан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930