АЛДАМШЫ АРМАН
Алды он үш, кішісі сегіз жаста, оның үстіне жүктіліктің соңғы аптасына таяп қалған Мейрамгүл жасы отыздан асып жығылса да әлі күнге дейін отбасын өзі сүйреп келеді. Таң құланиектене бастағанда төрт баласын сырттан құлыптап, ала дорбасын асынып, теміржолдың бойында ел қатарлы қауын-қарбызын, ыстық нанын сатып, ақша табатын. Анасы келемін дегенше төрт баласы өз күндерін өздері көріп, қара су мен қатқан нанды талғажау етеді. Шиіттей төрт баланың әкесі, отыздан асқан әйелдің күйеуі қайда деген сауал ешкімді алаңдатпайтын. Себебі, Нұрбол ащы судың дәмін бір тартса, апталап, тіпті айлап жоқ болып кететін. Әуелгіде тұңғышы Дастан әкесін іздеп, көше аралап, кеш қарайғанша жүретін, ал қазір ес біліп, көшеде диуаналар секілді домалап жататын әкесін көргісі келмей, соңынан іздеуді де қойды. Керісінше, қолдан келгенше қарындастары мен анасына қолғабыс болып, үйдің тынымсыз тіршілігін тындырып отыруды құп көрді. Үлкен ұлына арқа сүйеген анасы да ауыртпашылықтың жүгін сезіне қоймады. Алайда, ол да өзгелер секілді жұбайынан жылы сөз, қамқорлық көргісі келетін. Сырт көзге күлімдеп, жарқырап жүргенімен, Мейрамгүлдің жүрегі жыртық жамау. Оның үстіне алақандай ауылдың адамдары ара-тұра отқа май құйып, «Нұрбол мектеп жақта ішіп отыр» деп көкірегіне қанжар сұғып алатын. Ел-жұртқа қарайтын беті қалмаған Мейрамгүл жай ғана жымиып: «Енді қайтейін? Осы уақытқа дейін бар амалын жасадым, енді осы бала дүниеге келсе қоятын шығар ішуін» деп ішін бір сипалап қоятын.
Ақшаның жетіспеушілігі, төрт баласы әкенің махаббатын, ананың қамқорлығын сезінбей өсуі, жолдасының араға бір жұма салмай арақ ішуі, барлығы жанына батса да Мейрамгүл осы жуырда дүниеге келетін сәбиіне сеніп, тәубесіне келіп қоятын. Себебі күйеуі Нұрбол да әңгімесінің арасында «Бесінші балам дүниеге келсе, арақты қоямын» деп тілге тиек еткен. Бірақ ержетіп қалған ұлы Дастан әкесінің бұл әңгімесін кезекті «ертегі» деп түсінетін. Себебі, біресе көршінің туған күнін, біресе ұлының мектепке барған күнін, тіпті қыздары сабақтан бес алып келсе де «жуамыз» деп ішіп кететін әкесін бір емес бірнеше рет көрген. Сондықтан жақсылықтан үміт үзбейтін анасына арасында жекіп сөйлейді. «Әкемнің әр сөзіне сене берме, ажырасшы! Қашанғы өзіңді ұрғызып қоясың?» деп ашынғаннан ащы даусы шығатын. Бірақ «Үмітсіз шайтан емес пе?». Мейрамгүл әне қояды, міне қояды деп өмірінің жартысы өтіп кеткенін де байқамай қалған сыңайлы. Әдеттегідей кеш қарая бастағанда Мейрамгүл артынып-тартынып теміржол вокзалынан оралды. Сыртынан құлыптап кеткен төрт бала кешкі астарын ішіп, ұйықтауға дайындалып жатыр екен. «Аты бар, бірақ заты жоқ» жолдасы тағы да қай көше мен қай дүкенді жағалап жүргенін бір Құдай білсін. Күйкі тірліктен қажыған Мейрамгүл меңіреу қалыпта тапжылмай отырды да қалды. Күнде осы көрініс.
Таңсәріде кетеді, кеш қарайғанда келеді. Тапқан 5-10 теңгесі күйеуі қарызға алған арақтың ақшасын төлеуге ғана жетеді. Оны төлемесе дүкенші жерден алып, жерге салып, ел-жұртқа масқара қылады. Онсызда масқара болып жүргенім аз ба деп Мейрамгүл қолына аз ақша түссе де, дүкеннің қарызынан құтылуға асығады. Кейде мына түрімен күйігі ішке түсіп, ауру болып қалсам, балаларыма кім ие болады деп те ойлайды. Сенетін туыстары да, көрші-қолаң да жоқ. Алқаш күйеуінің кесірінен ел алдындағы барлық абыройынан айырылған. Ұшы-қиыры жоқ осындай ойлардың жетегінде отырып жанарынан бір тамшы жас құлай түсті. Денесіне ыстық жас тиген соң барып, есін жиған ол мұндайда егіліп отырғаннан гөрі, есін жинап, темірдей төзімді болу керек екенін түсінді. Сөйтті де орнынан тұра қалып еді, іші төмен тартып ауыра жөнелді. Не істерін білмей абдырап қалған ол дереу сыртқа шығып, көршісін шақыруға тырысты. Бірақ таяқ тастам жерде тұрған көрші әйелге жете алмады. Жүктіліктің соңғы аптасына таяп қалғандықтан, толғақтың басталар уақыты алыс емес. Дереу үй телефонымен жедел жәрдемге хабарласты. Жедел жәрдем келемін дегенше, киім-кешегін, керек-жарағын жинай бастады.
Ұялы телефонымен күйеуіне хабарласып қалып еді, Құдай қарасты ма, ол да дереу жауап берді. – Қайдасың? Тез кел, толғақ басталып жатыр. Балаларға қарашы, – деп жалынышты үнмен қысқа-нұсқа қайырды. Нұрбол да қатты мас болмаған секілді, жарының жанайқайын түсіне қойып, «Қазір барамын» деп телефонын тастай салды. Бірақ түннің қай уақытында келгені белгісіз. Әйтеуір, балалар таңертең ұйқыдан тұрса, әкелері қасында, ал шешесі жоқ. Ең бірінші ер жетіп қалған Дастан қорқып кетті. – Әке, мамам қайда? Мама қайда? – деп жұлқи түсті. Ұйқылы ояу әкесі дым болмағандай «Ауруханаға кетті. Бала тууға» деп айтты да қайттан ұйықтай салды. Кеше түнде кеткен әйелінің босанған немесе босанбағанынан бейхабар. Әйтеуір, босану бөлмесінде жатып, анасы туыстарына хабарласып, балаларды аманаттапты. Үйдегі шиіттей төрт «балапаны» оянамын дегенше, күйеуінің қарындасы Ғазиза келіп, таңғы ас дайындады.
Балалардың ес білгеннен бері ыстық шай мен сары майды, ыстық нанды емен-жарқын отырып жегендері осы шығар. Аналарының қасында болмағаны ғана жандарына батады. Бірақ, оны ешқайсысы білдірмейді. Тек тәтесінің берген нанын, құйған шәйін ішіп, мәз-мейрам. – Мамаларың сендерге бөпе әкеледі, иә? Екі-үш күн үйлеріңде мен боламын. Сендерге тәтті тамақ істеп беремін, – деп ең кіші сіңлісі Жұлдызды шашынап сипап, маңдайынан сүйді. Балалармен бірге таңғы ас ішіп болған соң, қыздармен үй жинады. Үлкен ұл есік алдын ретке келтірді. Ал үйдің отағасы қалың ұйқының құшағында. Осындай қым-қуыт тіршілік жалғасып жатқанда, үй телефоны шырылдады. Телефонды алған кішкентай қыздың «Мама» деген қуанышты дауысты естіген басқалары телефонның айналасына қаумалай түсті. «Маған берші, маған» деп бірінен соң бірі тұтқаға таласты. Сосын барып тәтелері Ғазиза тұтқаны алып «Жеңше, қалайсыз? Бала қалай?» деп жайбарақат сөйледі. Тәтесі мен анасының бірқалыпты дауыс екпінінен балалар да жағдайдың жақсы екенін ұғынып, өз тірліктерімен тарқасты. Бірақ барлығының бір құлағы – телефонда. – Ойбу, жеңше, мен балалармен шыға алмаймын ғой. Ағам да әлі мас. Үйдегілерге айтып көрейін ба? – деген тәтесінің сөздерін балалар мұқият тыңдап тұрды.
– Жарайды, онда бір амалын қарастырып көрейін. Бірақ бара алмасам ренжімеңізші, иә? – деп Ғазиза жеңшесімен әңгімені қысқа қайырды. Он үш жасар Дастан мен он бір жасар Самал тәтесінен мән-жайды сұрады. Сөйтсе аналарына ешкім тамақ апармапты. Аурухананың дәм-тұзы жоқ асын ішіп жалыққан ол қайыңсіңлісі Ғазизаға өтініш айтып хабарласыпты. Осыны естіген балалар көздеріне жас алып, мұңайып қалды. Бір сәтте тәтелері сыртқа шығып кеткен соң, дереу тұтқаға жармасып, қойын дәптерге жазылған барлық нөмірге хабарласып шықты. – Алло, Мәрзия апа қалайсыз? Мен ғой Дастан. Мейрамгүлдің баласы.
Мама ауруханаға жатып қалып еді, артынан тамақ апарып бере аласыз ба? – Алло, Айгүл апа қалайсыз? Мен ғой Самал. Мама босануға кеткен еді, артынан ыстық тамақ апарып беріңізші. Ойбу, жұмыстасыз ба? Жарайды. – Алло, Ақдидар қалайсың? Мамаң үйде ма? Жұмыста ма? Жарайды, қоя сал онда. Осылай екеуі кезек-кезек барлық нөмірге хабарласып шықты. Бірақ ешқайсысы барамын немесе бармаймын деп нақты айтқан жоқ. Тұтқаның арғы жағындағы мардымсыз жауаптарға екеуінің ұнжырғасы түсіп қалды. Қолдарынан ештеңе келмегеніне іштей өздерін кінәлі санап, қайттан сыртқа шықты. Жаздың жаймашуақ күнінде көлеңкеде ойнап отырған қарындастарының қасына барып отырды. Небәрі 13 жаста болса да, өмір Дастанды осылай ерте есейтіп жіберген еді. Анасының қапқап қауын-қарбыз көтергеніне де жүрегі шыдамайды. Қасына еріп, вокзалға барайын десе, үйдегі қарындастарына бас-көз бол деп анасы қалдырып кетеді. Анасы айтпаған болса, Дастан ап-арық болып алып ешқандай тірліктен қашпайтын.
Қарындастарының алаңсыз ойнап отырғанына қарап, кештің қалай батқанын да байқамай қалыпты. Әдеттегідей кешкілік уақытта тағы да телефон безілдеп қоя берді. – Ғазиза қалайсыңдар? – деген анасының көңілді даусы арғы жақтағы балаларға да естілді. Сен бе әлде балалар ма? Барлық ағайын-туысқа хабарласып шығыпты ғой. Осымен бесінші адам тамақ әкеліп жатыр, – деп қарқылдап күлді. Дастан мен Самал бір-біріне «жарайсың» деген кейіппен қарап, жымиды. Арада бірнеше күн өткен соң, Мейрамгүл үйге шығады деген хабар келді. Айдыңкүннің аманында ішіп жүретін Нұрбол бүгін сап-сау. Қасына екінші қызы Айжанды ертіп, құрдасы Жәнібектің көлігімен әйелін шығарып алуға ауруханаға беттеді. Өзгелер жұбайын құшақ-құшақ гүл, әсем әуен, қымбат машинамен босану бөлмесінен күтіп алып жатса, Нұрболдың қолында бір түйір гүл де жоқ. Әу бастан күйеуінен гүл алып көрмеген Мейрамгүл оған мән де бермеді. Ең бастысы, есін біліп, сау келгеніне қуанды. Абыр-сабыр болған бір сағаттың ішінде үйіне келіп, балаларымен қауышып, мауқын басты. Жер-жаһанда жалғыз қалғандай балалар да кезек-кезек анасын құшақтап, не күлерін, не жыларын білмей, дал болды. «Бөрі азығын білдірмес, сыртқа жүнін қампайтар» демекші дастарханның ажарын ашатын тәтті кәмпиттер мен жаңа асылған ет болмаса да құттықтап келген қонақты Мейрамгүл жылы қабағымен қарсы алып, күлімдеп шығарып салды.
Келім-кетім адамның көптігінен күйеуінің дем арасында қайда кетіп қалғанын да байқамады. Арагідік «Ішіп келмесе екен» деп алаңдап, қайта-қайта ашылған есікке елеңдеді. Бірақ есіктің арғы жағынан көрші-қолаң, ағайын-туыстың барлығы кірсе де, күні бойы күткен күйеуі келмеді. Күте-күте тағаты да таусылды ма, ендігі де ашылған қара есікке де бұрылып қарамайтын болды. Бір қонақты шығарып, екіншісін күтіп алып жүргенде кеш те батты. Бүгінгі күннің соңғы мейманы көршілер секілді асықпай, абдырамай келіншектер өздері отырып әңгіме айтып, шай ішті. Ақ жаулық жамылған әйелдердің қызған әңгімесін Нұрболдың айқайлаған дауысы тоқтатты. Барлығы демін ішке тартып, бөлме ішін үнсіздік жайлады. Әдеттегідей аяғын әзер басқан Нұрбол мас күйінде оралды. Қатарластарынан қысылған Мейрамгүл атып тұрып жолдасының сырт киімін алайын деп еді. – Кет, әкеңнің..., – деп Нұрбол әйелінің бел омыртқасынан бір тепті. Босанғанына 40 күн толмаған жұбайы жерге жығыла кетті. Ұялғаннан ба әлде белі ауырғаннан ба, әйтеуір ұзақ тұрмай, бетін басып жата қалды. Көрші келіншектер де ұялып, үй-үйділеріне тарасты. Анасының абыройы тапталғанын көрген ұлқыздары іштей әкесін жек көріп, үнсіз қала берді. Меңіреу қалыпта тапжылмай отырған балалардың арасынан ортаншы қызы Айжан мұндайда аяушылықтан гөрі, қаттырақ айтып есін жинататын, намысын жанитын есті сөз айту керек деп ойлап: – Әке, ұялмайсың ба? Мама кеше ғана босанып келді ғой. Неге бізді аямайсың? Алқаш. Сендей әкенің барынан жоғы жақсы. Қара бет болдық қой. Асқар тауымыз болып сенім артамыз ба десек, керісінше сізден сескеніп өмір сүріп жүрміз, – деп жан даусы шыққанда жыламаған бала қалмады. Бес баласының боздағанына анасы да еріксіз қосылды. Бірақ әкесі ботадай боздап жатқан балаға да, етегі жасқа толған жұбайына да назар аудармады. Қолын бір сілтеді де, үстелдің айналасына жайылған төсекке құлай салып, қор етті.
Балалар үшін ішіп келген әкесінің мазаны алмай, ұйқыға оңай кеткенінен асқан бақыт жоқ. Мұндай кезде олар да жайбарақат ұйқыға кете алады. Ал Мейрамгүлдің көзі ілінуі қиын. Қою қараңғылық түскенде тұңғиық ойға шомып, осы уақытқа дейін не көргенін, қай жерден қателік жібергенін ойлап, мұңға батады. Әсіресе, бүгінгі көрініс көз алдынан кетпей, жүрегіндегі жарасына тұз сепкендей әсер қалдырды. Қайтсін-ай, бір ауылда көрші тұрып, қайғы мен қуанышты қатар көріп, арқажарқа болып араласып жүрген әйелдердің алдында абыройы күл-талқан болды. Ертең таң атысымен-ақ елдің аузында жүретініне сенімді. Мейрамгүл тағдырдың осындай ащы сынағын қабылдағысы келмей, іштей арпалысып, күйеуінің маскүнемдігін емдегісі келді. Бірақ ешқандай ем де, дұға да, бал аштыру мен дем салу да көмегін тигізбеді. Керісінше, дүниеден баз кешіп, түңілісі тереңдеп барады. Жолдасы ащы суға тойып келгенде өзін де, өзгелерді де көргісі келмейді. Мұндайда тек «Неге мен? Неге арақ іше береді? Балалардың болашағы қалай болады?» деген сауалдардың арбауына ілініп, иірімінен шыға алмайды. Ойлап отырса, отасқанына қаншама жыл өтсе де күйеуінің маскүнемдігі көзге шыққан сүйелдей барлық ісіне кесірін тигізіп келеді екен. Жұртқа айтқанға ғана оңай. Қаншама түн ұйқысыз, қаншама күн күлкісіз өткені өзіне ғана аян. Қаншама рет көше аралап, үйге қонбағаны да, ағайынмен араздасып, жолдасымен мың рет ажырасып, қайта қосылғаны да өзіне және бір Құдайға белгілі. Осындай қасіретке толы күндерді басынан өткеріп келе жатқанын білмеген жұрт «Өй, күйеуіңді ана молдаға қаратсаңшы» деп жанашырлық танытса, енді біреуі «Ол қып-қызыл алқаш қой, емделмейді» деп ернін шошайтып, менсінбеушілікпен қарайды. Тіпті біреулері үйінің маңынан өтіп бара жатып, өңмеңіңнен көзін өткізіп тұрып «Мынау Нұрбол маскүнемнің үйі емес па?» деп мысқылдайды. Осындай бірінен соң бірі кесапаттанып қалған адамдар кездесіп, тірлігінің тасы өрге домаламай қалғанда Мейрамгүл қу арақты жеті атасына дейін қарғап сілейді. Тіпті ары тартсаң – ары, бері тартсаң – бері жетпейтін қу дүние қолын да, жолын да байлағанда өмірге налып, кей күні балаларына ренжіп, оларды да жек көріп, кейде екі қолын төбесіне қойып, дүниенің түбі болса қашып кетердей күй кешеді. Ойды ой түртіп, кейде өткен күндерін өкіну үшін емес, сабақ алып, шүкіршілік ету үшін еске алайын деп ойлайды. Алайда, қанша жерден шүкірін арттырып, жадынан жамандықты жояйын десе де күші жетпейді.
Себебі, кешегі күндер көлеңкелі таспа секілді көз алдында ойнап тұр. Ойлап қараса, Мейрамгүлдің де бұл әрекеті дұрыс шығар. Тұрмысқа шыққалы күйеуінен қолдау көрмеген келіншек жалғыз өзі артынып-тартынып өмір сүріп келеді. Оның үстіне бұл заман қажет жерінде қаталдық танытып, жігеріңді жанымасаң, құлаған жерінде денеңді таптап өте шықпай ма? Сондықтан қасірет пен қайғы, мұң мен шер, қатігездік пен қаталдықтың бәрін көрген келіншекке өткенді өкініп емес, шүкіршілік айтып еске ал деу – оңай емес. Әрине, әйел бойындағы мейірім шуағының жеңбейтін қиындығы мен зұлымдығы жоқ. Бірақ әйелге де тірек керек. Оған да қолдау керек, әсіресе құдай қосқан қосағының. Жастайынан жаулық жамылып, тұрмысқа шыққан Мейрамгүлдің мұндай мейірім көрмегені өкінішті. Ендігі жерде, оның тірегі – тек өзі.
Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА
Фото: egemen.kz