Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Барсакелмес құпиялары

Барсакелмес құпиялары



Қызылорда облысының Арал ауданындағы шөлді және шөлейтті аймағында орналасқан Барсакелмес қорығы жайында халық арасында түрлі аңыз-әңгіме көп. Содан да болар, ол жақтың «кереметін» білгісі келетін адамдар қатары күн санап артып келеді. Turkystan.kz «барған адам келгісі келмейтұғын мекен» туралы қызықты оқиғалар мен деректерді назарларыңызға ұсынады. 

Бұл жерде уақыттың өзгеше өтетіні, адамды ғайып қылатын тұман бар екені жиі айтылады. Кей деректерден Барсакелмеске барған адамның қайта оралмауына тылсым күш емес, сол жақтың жайсыз табиғаты кедергі келтіретінін байқадық. Өйткені аталған аумақта жаз мезгілінде қатты құрғақшылық болады. Сондықтан мұнда келген адамдар сусыз, азықсыз қалып, сан алуан кедергіге тап болып отырған. Олардың басым бөлігі қайта оралмағандықтан, халық құпиясы мен жұмбағын ішіне бүккен аралды «Барсакелмес» атап кеткен.

Жергілікті тұрғындар бұл атауды балықшылар қойғанын айтады. Аңыз бойынша, Барсакелмеске балық аулауға шыққан бір топ балықшы ізім-ғайым жоғалған. Олар қатты дауыл немесе асау толқынның құрбаны болыпты-мыс. Одан бөлек, «балықшыларды улы жылан немесе зиянкес жәндіктердің бірі шағып алған» деген де болжам бар.

Барсакелмес туралы тағы бір қызықты дерекке тоқталайық. «Қобыланды батыр» эпостық жырында батырдың белгісіз аралға барғаны баяндалатын тұс бар. Қобыланды ол жерде 3 күн, 3 түн болған. Бірақ кейін үйіне 33 күннен кейін оралғанын біліп, таңырқаған. Әдебиеттанушы ғалымдар осы мекеннің Барсакелмес екенін жазған.

Ал, өткен ғасырдың 60-жылдары аталған мекеннің құпиясын білу мақсатында бір топ ғалым экскурсияға шыққан. Сол күні жол бойы Аралдың аспанын бұлт торлап, радиобайланыс өшіп қалған. Арада байланыс орнағанша бір тәулік өткен. Бұл да тылсымы көп жердің таңырқауға тұрарлық оқиғаларының бірі.

Иә, Барсакелместегі жұмбақ жағдайлар туралы мұндай деректердің түр-түрін мысалға келтіруге болады.

Ақын Төлеген Айбергеновтің «Үрейлі сенің атың «Барсакелмес», Тұрады көз алдыңда қаншама елес», – деп жырлауы да бекер емес.
Уфологтардың пікірінше, арал аса күшті геобелсенді аумақта орналасқан. Мұнда түрлі түсініксіз заттардың, оның ішінде беймәлім ұшатын нысандардың көрінуі де содан болуы мүмкін.Аралға барғандар көбінесе қалың тұманға кезігіп, жарқырауық бөрене, сұрғылт бұлт түріндегі жұмбақ нысандарды, мутацияға ұшыраған жәндіктерді байқаған.2000 жылдары Арал теңізінің суы тартылған тұста Барсакелмес тұзды тақыр далаға айналған. Тылсымға толы жердің құпиясы әлі күнге дейін ашылмай, жұмбақ күйінде қалып отыр.
08 маусым 2023 ж. 696 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930