Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Түркістанда алма теріп жүрген жас жігіт тоққа түсіп мерт болды

Түркістанда алма теріп жүрген жас жігіт тоққа түсіп мерт болды



Түркістан облысы Жоғарғы Қасқасу ауылындағы қара жамылған отбасы қайғылы жағдайға бау-бақша арқылы тартылған жоғары кернеулі электр желісі себеп дейді. Күні кеше ғана құда-жекжатты жиып, той өткізгелі отырған әулет енді аяқ астынан қайғыға душар болып қалды, деп хабарлайды «Хабар 24». Көз жасын тия алмай тұрған Керімжан Сегізбаев түс көргендей халде. Себебі үлкен ұлының тойына дайындалып жатқан әке кенеттен екінші баласының жаназасын шығаруға мәжбүр болды. Қайтыс болған ұлы алма теремін деп бау-бақшаның үстінен өткен жоғары кернеулі тоққа түсіп қалған. Бір сұмдықтың боларын іші сезгендей, жүрегі қан жылаған әке электр сымының төмен орналасқанын айтып, бірнеше мәрте мәселе көтерген екен. Керімжан Сегізбаев, марқұмның әкесі: – Қаншама жерге шағым жаздық. Ауданның әкіміне де бардық. «Nur Otan-ға» да бардық. Бәрі уәдені үйіп-төгіп берді, орындалмады. Міне, арыстандай азаматымнан айырылып отырмын бүгін, өздеріңіз куәсіздер. Енді білмейм, бұдан кейін не істеуге болатынын. Құртыңыздар, болмаса мен аралап тастаймын. Марқұм болған Азамат Тоғызалы небәрі 21 жаста. Қаралы отбасындағы алты баланың екіншісі. Жоғары оқу орнының соңғы курсында оқып жүрген ол келер жылы үйленем деп жүрген екен. Куәгерлердің айтуынша, Азамат ауылдасымен бірге алма термек болған. Темір сатыны әкеле жатқанда онысы жоғары кернеулі тоққа тиіп кеткен. Абырой болғанда сатының екінші басын ұстап келе жатқан жігіт аман қалыпты. Жұмағали Есмұрзаев, жоғарғы Қасқасу ауылының тұрғыны: – Сызықты көріп тұрсыздар, төрт-ақ метр. Пәс жерде орналасқан. 10 мың вольт тоқ жүріп тұр бойымен. Не болса да өртеп жібереді. Менің балам да шокта болды. Ол да енді көргенін айтып жатыр. Оны да ұшырып жіберген, қайта жерге сатының түбі тиіп, бала аман қалды. Әйтпесе бүгін екі өлік шығарып жататын едік. Ауыл тұрғындары марқұмды аман алып қалу үшін жандалбасалап үш сағаттай жерге көміп те көріпті. Нәтиже болмаған. Ал әбден тозған бағаналар таулы ауданның желіне шыдас бермей қисайып қалған. Қауіптің барын ауылдық округтің әкім орынбасары да жоққа шығармады. Десе де жағдайдың ушығуына тұрғындардың өзі де кінәлі деп отыр. Мейіржан Дүйсебаев, Төлеби ауданы Қасқасу ауылдық округі әкімінің орынбасары: – Бағандар олардың қорасына дейін салынған. Қора кейін салынған. Үйлері де кейін салынған. Шарбақтарын қоршап алған. Сөйтіп құжаттарын былайша айтқанда туралап алған. Ал облыстық Энергетика және ТҮКШ басқармасының мамандары бұл жоғары кернеулі электр желілері жеке компанияға тиесілі екенін айтады. Сондай-ақ мұндай жоғары қуатты электр желісіне жақын маңдағы жер телімін пайдалануға болмайды. Сондықтан жер тұрғындарға заңсыз үлестірілген деп отыр. Роза Сариева, облыстық энергетика және түкш басқармасы электр қуатымен қамтамасыз ету бөлімінің басшысы: – Жер телімі берілген кезде заңсыздықтар орын алған деп ойлаймыз. Өйткені, 1-де 20 кВтэлектр желінің қорғау аймағы кемінде 10 метр болуы керек еді. Қазір тура желілердің атсында алма бағы орналасқан. Нақты кімнің электр желісі екенін құзырлы органдар анықтай жатар. Егер оған мініп-түсу мүмкіндігі болмаса олар міндетті түрде ауыстырылады. Алайда жергілікті билік келер жылы қора жайларға кіріп тұрған бағаналардың барлығын сыртқа шығару жоспарда бар дейді. Бұл мәселені жарыққа жауаптылармен де келісіп жатқанын жеткізді. 

https://24.kz​​​
15 қазан 2021 ж. 1 098 0