Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «ТРИ МУШКЕТЕРДІҢ» БІРІ

«ТРИ МУШКЕТЕРДІҢ» БІРІ


Рахман Усманов, Ізбасхан Мұратбеков, Төрехан Ахметов. Осы үш есім өткен ғасырдың 70-жылдарында Шиелі жұртшылығына, әсіресе сауда саласының еңбеккерлеріне кеңінен таныс еді. Үшеуі де аудандық тұтынушылар одағына қарасты білдей үш мекеменің дүрдей басшысы: Рахман – қоғамдық тамақтандыру мекемесінің директоры, Ізбасхан – Шиелі жұмысшылар кооперациясының басқарма төрағасы, Төрехан – өндірістік тауарлар бірлестігінің директоры болатын. Үш ажырамас дос, әріптес, замандас үнемі бірге жүретін, түскі тамақты бірге ішетін, басқосуда бірге болатын. Қаздай тізілген үшеуді әріптестері мен жұртшылық әйгілі француз жазушысы Александр Дюманың «Три мушкетер» («Үш ноян») романындағы үш басты кейіпкерге теңеп,«Три мушкетер» деп атайтын... Үш достың бірі – кооперативті сауданың саңлағы, «Сауда саласының үздігі» төсбелгісінің иегері, бұл күнде жер ортасынан асып, жетпістің жез табалдырығын нықтап басып тұрған Төрехан Ахметовты әңгімеге тарттық.
– Ақсақал атанғаныңызға қарамастан, кәсіпкерлікпен айналысуды әлі де жалғастырып жүрсіз. Жаңылмасам, 2020 жылдың үздік кәсіпкері атандыңыз ғой деймін? Саудаға қалай келдіңіз, бәрі неден басталды? Өткенге бір көз салып көрсеңіз қалай болар еді?
– 1969 жылы мектепті бітірісімен Шымкенттегі кооптехникумға түсіп, оқып жүргенімде, әскерге шақырды (1970 ж.) Барысымен әскери-медициналық мектепті бітіріп, екі жыл фельдшер болдым. Борышымды абыроймен атқарып, медицина қызметінің старшинасы шенінде елге оралдым. Келе сала техникумдағы оқуымды қайта жалғастырып, 1973 жылы бітіріп шықтым. Шиелі аудандық тұтынушылар одағына барып жолдамамды көрсеттім. Кадр бөлімінің меңгерушісі Әбдірасылова деген апай екен, жолдамамды қарап шығып, «Шиелі кентіндегі «Мақаш магазинін» қабылда, сен меңгеруші, келіншегің сатушы болады» – деді. Үйге келіп жағдайды әкеме айттым. Ол кісі бірден қарсы болды. «Ешқандай тәжірибең жоқ, қалай істейсің. Жоқ, болмайды, босқа сотталып кетесің, біз қызмет етіп, нан тапқан адам емеспіз, біздің қолымыз колхозшы, механизатор болу. Ауылда трактор айдайсың» деп жібермей қойды.
Көктемнің кезі еді. Колхоздың ескі тракторын жөндеп, көктемгі егіске дайындап жүргенмін. Жұмыстан шыққасын үйге оны-мұны азық-түлік ала кетпекші болып дүкенге соқтым. «Үлгілі» сельпосының төрағасы Әлсейітов Әбдікәрім ағай кездесе кетті. Техникумда оқып жүргенімде сол кісінің қарамағында тәжірибеден өткенмін. Бірден таныды.
– Оу, інім, мұнда қайдан жүрсің, оқу бітті ме?» – деді.
– Бітті. Ыңғайлы жұмыс болмағасын трактор айдайын деп жатырмын» – дедім.
– Тракторды қоя тұр да ертең маған кел, сөйлесеміз, – деді. Әлсейітов ағаның әлгі сөзінен кейін көңілім жадырап шыға келді. Таңды әзер атырып кеңсесіне жетіп бардым. Шиеліде, Абай көшесінің бойындағы ескі үйге орналасқан екен. Қасында қоймасы бар.
– Келгенің дұрыс болды, інім. Бірден үлкен қызмет бере алмаймын. Алдымен шығын есебін түгендейтін бухгалтердің көмекшісі боласың.Жұмысың дұрыс болса, ары қарай тағы көре жатармыз. Айлығы аз деме. Жалпы сауданың айлығы аз, бірақ наны тәтті, сол есіңде болсын, – деді.
Келістім. Көмекші есепші болып үш ай еңбек еттім. Үш айдан кейін бухгалтерім оқуға кетіп, орнында мен қалдым. Әне-міне дегенше бір жарым жыл өте шықты.
Аудандық тұтынушылар одағы басқармасының төрағасы Мадияр Әбсұлтанов шақыртты. Тез сөйлейтін, ісі де шапшаң кісі екен. Мәселені тез шешті,
– «Үлгілі» сельпосында товаровед (Тауартанушы. Тауарлармен байланысты барлық жұмыс түрлерімен айналысатын маман) болып қызмет атқарасың, – деді. Құп көріп, іске кірісіп кеттім. Көп ұзамай осы сельпо басқармасы төрағасының орынбасарлығына жоғарыладым...
– Осылайша сауданың қызығына түсіп, машықтанып кете бердім дейсіз ғой?
– Сауданың өз сиқыры бар. Оның «тілін» біліп, көзін тапса, жұмыс ілгері жылжиды. Аудандық сауда саласының басына Сәду Нағашыбаев деген маман келді. Ол кісі жұмысты дүкен үйлерін (ғимараттарын) заман талабына сай қайта жөндеуден, ретке келтіруден бастады. Жұмыстың жаңа тәсілін ала келді. «Өзіне-өзі қызмет жасау» (самообслуживания), рационализация (оңтайландыру, өндіріс процесін жақсарту, жетілдіру, арзандату) сияқты терминдерді сол кезде ести бастадық. Аудан дүкендерін көрсететін қызмет түрлеріне қарай екіге бөлді. Өндірістік қызмет көрсететіндері бір бөлек, азық-түлік сататындары бір бөлек болды. Дүкендер мамандандырылды: аяқ киім, кітап, азық-түлік, мәдениет заттары, спорт, жиһаз, т.б. сауда түрлері пайда болды.
Жаңадан жас басшылар тағайындалды. Қарағанды кооперативтік институтын бітіріп келген Ізбасқан Мұратбеков азық-түлік жүйесіне төраға, мен өндіріс заттары бірлестігіне директор болдым. Жұмыс барынша қызды. Күндіз-түні тынбай еңбек еттік. Дүкендердің ішін жаңа жабдықтармен түні бойына жабдықтап, таңертең тұтынушыларға қызмет көрсеттік.
– Аупартком мен ауатком тарапынан нақты басшылық, шынайы қамқорлық болды ма?
– Әлбетте. Жаңадан дүкендер салынды. Оларға қызмет түрлеріне қарай атау қойдық. Аупарткомның бірінші хатшысы Сейілбек Шау­хаманов сауда саласына ерекше мән берді. Бір дүкеннің ашылу салтанатында: «Төрехан, сен дүкен ашудан және салудан жалық па, мен соларға ат қойып, айдар тағудан жалықпайын» – дегені бар. Десе дегендей, «Жиһаз», «Береке», тағы да басқа біраз дүкеннің атауын бірінші хатшы қойды. Ардагерлерге арналған дүкен аштық. Атауын Шаухаманов мырза «Ілтипат» деп қоюды ұсынды. «Гүлдер» дүкені пайдалануға берілді. Бұл екі дүкен де облыс­та бірінші болып Шиеліде ашылып, халыққа қызмет көрсетті. Бұрын осындай арнайы дүкен аймақта болмаған еді. Кейін басқа аудандарда ашыла бастады. Тіпті, облыста гүлдер мерекесін өткізу дәстүрге айналды. Соның бас­тауы біздің Шиеліден басталған-ды.
Балмұздақ дүкені ашылды. Оның да атауын «Ләззат» деп Шаухаманов қойды. Бұрын балмұздақты жергілікті гректер шығаратын. Олары тәтті болмайтын. Жаңа технологияны пайдалана отырып шығарған біздің балмұздағымыз нағыз балдай еді. Дәмін татқан адам ләззат алатын. Балаларға үлкен базарлық болды.
– Қандай жетістікке қол жеткіздіңіздер? Жаңа ұжымның жаңалығы көп болды ма?
– Жемісті еңбектің нәтижесінде біздің бірлестік жыл сайын социалистік жарыстың жеңімпазы атанып жүрді. Кенттік, аудандық және облыстық кеңестердің депутаттары шықты арамыздан. Өзім де депутаттыққа сайландым. «Кеңестік сауда саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталдым. Ауданда ондай атақ 4-5 адамда ғана бар болатын. Мерекелерде лотерей ойынын алғаш біздің мекеме ұйымдастырды. Мен ойынның тұрақты төрағасы болдым. Лотерей ойыны барынша тартысты, қызықты және әділ болып өтетін. Жылда күз айында өткізіліп тұратын «Алтын күз» мерекесінің аудандық тұтынушылар одағының қатысуынсыз өтпейтіні белгілі ғой. Аудандық партия комитеті мен атқару комитеті бұл шараға жетекшілік етуді маған тапсыратын. Ауданда өткізіп болғансоң, облыстың «Алтын күз» мерекесіне қатысып, үлгілі сауда қызметін көрсетіп, жүлделі оралатынбыз.
– Менің есімде бір уақыттарда «Коопторг» мекемесін басқардыңыз ғой деймін?
– Ол рас. Ауданда жұртшылықты көкөніспен қамтамасыз ететін «Коопторг» деген (кооперативтік сауда ұйымы) мекеме болды. Оның басшылығына адам тұрақтамайтын. Бір-екі жылдан кейін не өзі босайтын, не болмаса істі болып жұмысынан кететін. Аупартком мені сол мекемеге директор етіп жіберді. Жұмысты ә дегеннен жаңаша бас­тадым. Жинаған тәжірибемді пайдалана отырып, дүкендерді мамандандыруды, заттарды буып, орап (упакопкалап) беруді, көкөністерді табиғи ерекшелігіне – түріне қарап сатуды ұйымдастырдым. Көкөністерді маринаттайтын, қауыннан қақ жасайтын, ағаш өңдейтін цехтар аштық. Ол уақытта тек Алматыда ғана «Кооператор» деген дүкен болатын. Соған сәйкестендіріп облыста бірінші болып «Кооператор» дүкенін аштық. Аудан жұртшылығын көкөніспен, етпен, сүтпен, қымызбен, қымыранмен, жеміс-жидекпен қамтамасыз еттік. Халықтың біздің дүкенге көптеп келуіне, сауда қарқынының артуына қалтқысыз қызметіміздің ықпалы таз болған жоқ.
Сол уақыттың талабына сай, азық-түлік бағдарламасы негізінде жыл сайын Мәскеуге барып астаналықтарға азық-түлік қызметін көрсетіп тұрдық. Қызыл алаң маңынан (Ленин ауданы) дүкенімізге орын берілді. Осындай қызметті Алматы қаласы тұрғындарына да көрсеттік. Қызылорда қаласының 2-ші ықшам ауданында азық-түлік сататын «Шиелі» атты дүкен аштық. Қала тұрғындарына балғын көкөніс, жас ет пен майлы сүтті дер кезінде жеткізіп тұрдық. Облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Еркін Әуелбеков пен облаткомның төрағасы Е.Золотарев үнемі бақылауда ұстап отырды. Облыс қонақтары біздің дүкенге бас сұқпай кетпейтін. Респуб­ликадан келген ресми қонақтарды алып келіп, дүкеннің қызметімен таныстырып тұрды. Қажетімізді сұрайтын.
– Не көмек керек? – деп сұрады бірде облыстың бірінші басшысы.
–Ет пен сүтті сақтау қиын болып тұр.., – дедім ақырын ғана.
– Ол үшін не істеу қажет?
– Екі тонналық мұздатқышы бар автомашина болса, дұрыс болар еді. Шиелі мен Қызылорданың арасы 130 шақырым. Жолдың нашар тұстары көп. Жүк көлігі 2,5 – 3.00 сағат жүреді, күн болса ыстық. Өнімдер бұзылып кетіп жатыр, – дедім.
Арада бір ай өткенде айтқан көлігіміз келді. Чехославакиядан тапсырыспен алдырыпты. «Авиа» деген жүк машинасы. Үстінде 1,5 тонналық мұздатқышы бар. Облыста бірінші болып оның қызметін біз пайдаландық. Бірде жексенбі күні түс әлпетінде Еркін Нұржанұлы Қазақстан КП орталық комитетінің бірінші хатшысы Колбинды дүкенге ертіп келді. Жұмысымызбен танысып, тірлігімізге риза болып, «так держись» деп менің қолымды алды...
Біздің «Коопторг» мекемесінің атауы облыстың «Құрмет тақтасы» бетінен түскен емес. Сөйтіп «қауіпті» атанған осы мекемеде 9 жыл директор болдым.
– Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында кеңес өкіметі құлап, компартия таратылды ғой. Еліміздің тарихында өте ауыр кезең болды. Қай салада болмасын, жетіспеушілік, жоқшылық орын алды. Осы қиын кезеңде сауда қызметін қалай жүргіздіңіздер?
– Кеңес үкіметі құлағасын ауданды аудандық кеңес пен атқару комитеті басқарды. Бұл жүйе де ұзаған жоқ. Аудан билігі бірыңғай әкімге берілді. Аудан әкімі Жолдасбек Ердешбаев шақырып алып, «Заготконтораға» («дайындау кеңсесі») директор болып барасың» деп қолыма көк конверт ұстатты. Конверттің ішіндегісі маған белгілі. Мұндай конвертті бұрын да алғанмын. Ол аудан басшысының ұсынысы. Оны апарып облыстағы тікелей бастығыңа тапсырасың, ол бұйрыққа қолын қояды...Солай жасадым да. Мал өнімдерін дайындау мекемесінде де үш жыл абыройлы жұмыс атқардым...
Иә, ол бір өте ауыр уақыт еді. Бір жақсысы еліміз егемендік алды. Сол кезде ауданға түркі әлеміне танымал діндар, мұсылманның қасиетті кітабы Құран-кәрімді аударушылардың бірі Халифа Алтай келді. Күтіп алу, қызмет көрсету, елмен сұхбатын ұйымдастыру біздің еншімізге тиді. Бәрін өз дәрежесінде, Халифа ағамыздың көңіліндегідей етіп өткіздік. Шынтуайтына келгенде, аса білгір діндардың сол кезде ауданға келуінің маңызы зор болды. «Қазақ малға жақын халық қой. Бірақ, қазір саудаға бейімделген абзал. Мал жылына бір туады, ал сауда күнде туады» деген өсиетті сөзі әлі күнге есімде қалыпты. Аудан жұртына діни кеңесін, өмірден алған тәжірибесін айтып, батасын берді. Осындай өтпелі кезеңде бірлікте болуға, ынтымақтаса тірлік жасауға шақырды.
– Аудан басшылары сауданың әлсіреген жеріне сізді жұмсап үйренген әрі әбден сенген екен. Абырой болғанда барлық сыннан сүрінбепсіз. Сізді сау­­да саласының серкесі десек, асыра айтқандық емес сияқты. Бұған не дейсіз?
– Ол жағын өзіңізге қалдырып, соңғы сау­да орнына қалай барғанымды айтайын. Ердешбаев тағы да шақырып, Шиелі темір жол жұмысшыларын жабдықтау мекемесіне (ОРС) директор болуға ұсыныс жасады. Мен ол мекемеде жолдас жігітім істейтінін айтып, «барғаным ыңғайсыз болмай ма?» деп едім. «Онда сенің жұмысың болмасын» деп мені тиып тастады. Үйреншікті көк конвертті алып, Қызылорда қаласындағы ОРС-тың бөлім бастығына бардым. Неге келгенімді білгесін көк конвертті ашпай біраз ұстап отырды да: «Бұрыннан істеп жатқан адам істей бермей ме екен... Бұл мәселені мен шеше алмаймын, Ақтөбеге, жол басқармасының бастығына барасың» деді. ОРС-НОД-тың жұмысшыларды жабдықтау басқармасының бастығы Қалниязов Қожаназар деген азамат мені жылы шыраймен қарсы алды. Өзі де тұтынушылар кооперациясынан келген екен. Мені жақсы түсінді. Бірден қызметке қабылдады.
Теміржолдың саласында тәртіп күшті. Жылына екі рет тексеріс-байқау болады екен. Сол байқау менің қызметке жаңадан келуіме тұспа-тұс келді. ОРС-НОД-тың бастығы Хамзин өзі келіп аралады. Асханаларды, дүкендерді, директордың отыратын жерін бәрін өз көзімен көрді. Түстен кейін қорытынды жиналыс өткізді. Қызылорда жол бөлімшесіне қарайтын барлық қызметтің басшылары түгел жиналыста отыр. Хамзин президиумға отырды да: «ОРС-тың бастығы кім, бар ма?» деді. Шынымды айтсам, зәре-құтым қалған жоқ. Лезде бойымды түзеп орнымнан жауынгердей атып тұрып: «Бармын! Осындамын!» деп, аты-жөнімді айтып, өзімді таныстырдым.
– Жігітім, жарайсың! Мен ризамын. Бүкіл жұмыстарды реттеп қойғансың. Саған алғыс айтамын және бір айлығыңның көлемінде сыйақы беремін. Осы қалпыңнан танба! – деді де қасындағы көмекшісіне бұрылып сөзін қайта жалғады. «Шиелі темір жол жұмысшыларын жабдықтау сауда мекемесінің осы жақсы жұмысын ОРС-НОД-қа қарасты барлық жол бөлімшелеріне тарат. Келіп сауда қызметін жұмысшыларға қалай көрсету керегін осы жерден үйренсін» – деді.
Мұнда да көп тірлік істелінді. Құрылыс, балмұздақ, жез, трикотаж, кілем цехтарын аштық. «Ардагер» дүкені жұмыс істеді. Қаншама адамды жұмыспен қамтыдық.
– Сауданың бір қатар саласында қызмет етіпсіз. Екінші мамандығыңыз –экономист екен. Шаруашылықтарда бағыңызды сынап көрмедіңіз бе?
– Ондай бақ сынау деген ой болған жоқ. Дегенмен шаруашылықтар таратылып, дүние-мүлік жекешеленіп жатқан уақытта өзімнің туған ауылым «Төңкеріс» кеңшарына барып, әрі-сәрі күй кешкен ағайынның басын қосып, шаруа қожалығын құрғаным бар. Екі жылдай қожалық төрағасы болдым. Қаржылай және техникадан қарасып, аяғынан тұрып кеткенше көмектестім. Кейінірек жекешелендіру маусымы басталғанда жұмысшыларды жабдықтау мекемесін жекешелендіріп алдым.
– Соңғы сұрақ болсын, кеудеңіз тола орден мен медаль, осының сырын білуге болар ма екен?
– Әбден болады. Мұның ешқандай құпиясы жоқ. Әскери наградалар ғой.
Қазақстан ардагерлерінің «Ерекше тәуекелшіл жауынгерлер бөлімшелері ардагерлері» қауымдастығының мүшесімін. «Парыз бен құрмет» орденінің иесімін. «Әскери бауырластық», «Бауыржан Момышұлы» медалдары, т.б. наградаларым бар. Оқу барысымен Алматыда сессияда жүрген кезімде «Желтоқсан оқиғасына» да қатысқан кезім болды.
Әңгіменің басын кәсіпкерліктен бастап едік. Сонымен бітірейін. 1998 жылдан «Рахат» өндірістік кооперативінің төрағасымын. Заман талабына сай, елге қызмет етіп келемін. Зайыбым Күлжахан Раушанбекқызы екеумізден 2 ұл, 3 қыз, олардан 16 -17 немере сүйдік... 3-4 жыл болды зайыбым ақырет сапарына аттанып кетті. Жаны жәннатта болсын. Ұрпағымның қызығын мен көріп жатырмын.
Өндірістік кооперативімнің тіршілігі жаман емес. 2020 жылдың қорытындысы бойынша, ауданның үздік кәсіпкері атандым... Ия, өмір, тіршілік жалғасуда...

Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Қазақстанның құрметті журналисі» мен «Шиелі ауданының «Құрметті азаматы»
төсбелгілерінің иесі
26 ақпан 2021 ж. 584 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930