Неге намазыңды жасырын оқисың?
Бірде аты күллі әлемге әйгілі Гарвард университетінде өткен конференцияда профессор-физик «Көлікке тежегіш не үшін қажет?» деген сұрақты көпшіліктің ортасына тастапты. Сонда жиынға қатысқан көпшілік пайымдарын жеткізгенде барлығының болжамы бір жерден шығады. Яғни бірі «көлікті тоқтату үшін» десе, екіншісі «жылдамдықты бәсеңдетуге» қажет дейді. Бірақ ұстазының жауабы бәрін таңырқатты. Профессор «Тежегіш көлікке жылдамдықты арттыру үшін қажет» дейді. Иә, кейде көп жайттың байыбына бармай жатып шешім қабылдап жатамыз. Көліктің тежегіші болмаса жылдамдықты асыра алар ма едік? Әрине жоқ, тоқтай алматыныңды білгендіктен қатты жүре алмайтынымыз анық. Осы оқиғаны әлеуметтік желіден оқып отырып, мына оқиға есіме түсіп, сіздермен бөлісуді жөн санадым.
Өмірдің ағымына қарай көп жандармен тағдырың тоғысып, бірімен табақтас, бірімен сапарлас, ал бірімен жақын араласатын жолдас болып жатасың. Осындай күндердің бірінде Асылхан есімді азаматпен таныстық. Қалай, қандай жағдаймен танысқанымыз еміс-еміс есімде. Түркістанның азаматы. Жұмыс орнымызды көлденеңнен жатқан жол ғана бөліп жатыр. Көзіне түссең болды, күліп қарсы алып, жылы қабақ танытады. Мамандығы да, күн көрісі де компьютермен байланысты. Жөндейді, түрлі бағдарламалар (программалар) орнатады. Аудан орталығының ортасында орналасқан, кәрі ағаштай мүжілген ескі ғимараттан құрқылтайдың ұясындай бөлмені жалға алған. Мұны отбасылық кәсіпке айналдырған. Аудан орталығында компьютер жөндейтін жүздеген орындар болғанымен, осы кішкене бөлмеге береке ұялағандай көрінетін. Қиналғандарға қол созуға үнемі әзір. Қызметінің бағасын да асырмайды, қарызға да көнеді. Жасы үлкенге де, кішіге де «Сіз» деп құрмет көрсететін. Ал біз болсақ мұны «Туркестанский метод» деп қана қоя салатынбыз.

Дегенмен жеке өміріне келгенде жасыратыны бар. Жұма күні мешітке барып, намазға қатысқаны болмаса, өзінің бес уақыт намазын көпшіліктің көзінен таса жерде оқитын. Ол уақыт бүгінгідей емес. Жат ағымның жетегіне жегіліп жатқандардың қарасы көп болды. «Намаз оқиды» дегенді естісе жұрт сескеніп қарайтын дәрежеге дейін жеткен болатын. Оған себеп те бар. Шетел асып, дін жолында соғысамыз, жиһад жасаймыз дегендер туралы естігенде жан түршігеді. Қазақтың қара топырағында аунап өскен қара домалақ балалары мен қаракөз қыздары жат ағымның қармағына ілініп, тура жолдан тайып, шейх (сымақтардың) құрбандары болып жатты.
Иә, ол үрей біздің санамызға да сіңген. Кенедей жабысқан қышқыл ойды қанша тұсаулағанымызбен, асау қызығушылықты жеңе алмадық. «Асылхан намаз оқиды, сақалы жоқ, балағы да ұзын. Сен намаз оқымайсың деп біреумен сөзге келгенін де көреген емеспіз. Бірақ неге намазын жасырын оқиды. Намазы дұрыс па екен? Бір бәлеге ілікпесе болар еді» деген пікірлер достардың арасында белең алды. Жат ағымның арандатушылары сананы жағымпаздықпен арбайды дегенді естіп алған біз кейде онымен сәлемдесуден бас тарттық.
Бір күні бүкіл компьютерлерге ортақ ауру бізге де жетті. Антивирусының күні жетіп, жасаған жұмыстарымыз көзден бұлбұлша ұша бастады. Еткен еңбек заяға кетіп жатқандықтан, жолдың арғы бетіндегі Асылханға күніміз қарады. Осылай біз де оның бір тұтынушысына айналдық.
Жұмысқа келді. Өзгермейтін баяғы кейіпі. Әлі күлімдеп жүр. «Осының мұңы жоқ немесе ауру» деп әзілдеп айтатынбыз. Көп кідірген жоқ. Қара сөмкесіндегі жабдықтарын сайлап, жұмысына кірісті де кетті. Ал біз оны әңгімеге тартумен әлекпіз. Асыл діннің құндылықтарынан бастау алған әңгіме барысында Асылхан жаймендеп намаз оқуға қарай ыңғайланды. Әр іс-әрекетіне мән беріп отырған біз сұрақты төтесінен қоюға дәтіміз жетпеді. Сыпайылап айтқанға түсінбеді. Тәуекел, дым білмеген болып, «Неге намазыңды жасырын оқисың?» деген сұрағымызды жеткіздік. Өзі де түсінді. Бізге күлімдеген жүзбен қарап «Уайымдамаңдар, мен вахабист емеспін» деп көзін төмен түсірді.
«Өздерің білетіндей мен программистпін. Компьютер жөндеймін, бағдарламалар орнатамын. Бірақ бұл қанша дегенмен техника ғой. Біреуі дұрыс болса, бірі дұрыс шықпайды. Бағдарламаны орнатқан соң тексергенде жұмыс жасайды, ал үйіне барғанда жұмыс жасамай қалатын кездер де болады. Кейде өздері нұсқаулықты дұрыс пайдаланбағандықтан компьютер жұмыс жасамай қалады. Сонда олардың мен туралы не дейтінін ойлаңызшы. «Өзі намаз оқиды. Тірлігі болса мынау. Адамды осылай алдауға бола ма?» Содан соң олардың намаз оқитын адамдарға деген көзқарасы қандай болады? Менің намазды жасырын оқудағы ниетім – намаз оқитын жандардың атына кір келтірмеу. Ең дұрысы менің намаз оқитынымды тұтынушыларым білмегені дұрыс» деп сөзін тәмамдады.
Осылай талайдан бері санамызды улап жүрген күдігіміздегі әңгімеге нүкте қойылды. Көңілдегі күдік сейілді. Мұндай да адамдар бар екен-ау деп таңырқадық. Қара басының қамын емес, барша намаз оқитындардың арын сақтауға бағытталған әрекетін біз басқаша қабылдаппыз. Айтқаны ешқандай да уағыз емес. Намаз оқуға да шақырған жоқ. Тек өзінің әрекетін түсіндіріп берді. Біз «Міне, мұсылманның бейнесі» деп сүйсіндік және одан тәлім алдық.
Осы оқиғадан кейін жолдың арғы бетіне жиі өтетін болдық. Кейде бірге түстенеміз. Таныстық арта түскен сайын, танымдық көкжиегіміз кеңейе түсті. Жігіттер темекі шеккенін қойып, бірте-бірте сөздеріміз де сүзгіден өтіп, дағдыға айналған дөрекі сөздерді ұмыта бастадық.
PS: Ол жігіттің бүгінгі күні немен айналысып, қайда жүргенін білмеймін. Бірақ, осы бір оқиғадан кейін «дабырлағанның бәрі ділмар, сақалдының бәрі діндар емес» екенін түсіндік. Риясыз көңіл, жасандылықтан ада өмір қашанда тартымды...
Ерұлан ДАТКЕНОВ