Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Сайтанның қытығы

Сайтанның қытығы


Сайтанның қытығы сұмдық болатын шығар.., саусағыңды жыбырлатсаң, күле беретін күлегеш қыздар сияқтанып, ішек-сілесі қата ма деймін. Өздері қарап жүрмей, билеп, жыртыңдап, жырқылдап, улап-шулап жүреді дейтін еді, сайтаныңды шашынан сүйреп сабаған ілгерідегі сабаздар. Қытығы қай жерінде екен сол албастының? Астапыралла, не деп кеттім? Айтпақшы, сіз сайтанды көріп пе едіңіз? Көре қоймаған шығарсыз. Көрмесеңіз, сықылықтағанын естімесеңіз, қытығының қай жерінде екендігін әрине біле қоймассыз. Ал бізде... бізде ондай жағдай кезікті.
Биссимилла рахмани-рахим! Бірде түн ішінде сықылықтап күлген қыздың дауысынан шошып ояндым. Әлде, оянбадым ба? Әйтеуір көл-көсір күлкінің астында қалғандай сезіндім. Сізге өтірік, маған шын, дәл төбемде ішек-сілесі қата бір қыз күлгендей болғаны. Іле-шала көзімді сығырайта қарасам таң алдындағы бозамық сәуледен тек масахана ғана бозарып көрінеді. Бұ не пәле?! Ойым айран-асыр. «Тфу, тауықтың түсіне тары кіреді» демекші, жалғыз жатқан жігітке бойжеткеннің күлкісі естілмегенде есектің ақырғаны естіледі деп пе едіңіз?»
Қайта маужырап бара жатыр екенмін, әлгі сайқалдың сылқ-сылқ күлкісі дәл төбемнен шықылықтап қоя бермесі бар ма? Зәре құтым қалмады. Сілең қатқыр тіптен қояр емес. «Стансыздың түсіне, екі метр кез кірер, сүрбойдақтың түсіне, сылаңдаған қыз кірер». Күзде еккен тарымды аман-есен жинап алсам, үйленбесем болмас. Қыз-қырқын ұйықтап жатсам да жағаласып, бәле болды ғой», – деп бір аунап түсіп қор ете қалмақшы едім:
– Дедей, Дедей,– деп ентіккен үн тас төбемнен естілсе бола ма? Сыңғырлаған дауысымен қоса, баяғы сықылығы да жалғаса кетсін. Мә... Мынау менің атымды атап шақырып тұр ғой... Көрпемді сырып, көзіммен сәкінің жоғарғы жағын шарласам дәл үстіме төніп біреу тұр, ойбай! Дене пішімі қыз секілді, қобыраған шашын да байқап қалғандай болдым, сап-сары ма немене?! Өзі сылқ-сылқ күледі. Сайтан деген сапалағың осы болды, ал, ендеше. Аяғымның башпайынан бастап жыбырлаған жаным дуылдап барып, жоғары жақтан шығып кеті-ау деймін. Әйтеуір, денем мұздап, өліп бара жатқанымды сезгендеймін. Өліп бара жатып көрпемді жамылып үлгеріппін. Менің о дүниеге аттанып бара жатқаныммен шаруасы жоқ әлгі сапалақ әлі жыртақтап мәз.
– Дедей, Дедей, итіңді ұста! – деп онан әрі сықылықтайды. Аспан мен жердің ортасында қалбалақтап «командировкада» жүрген шыбын жаным осы мезет қайта оралыпты. Тіріліп алдым да бір себі тиер-ау деп жанымды ала өкпе етіп Алланы, әруақты жағалатып жүгірттім де қойдым. «Бисмилла, бисмилла, я Алла кешіре гөр! «Жаманмен жүрсең жын ұрып бақсы боларсың» дегендей кеше көшедегілерге қосылып, ащшы судан сілтеңкіреп, жіберген екенмін, бекер болған екен дә. Жаратушым, өзің сақтай гөр!» Жалбарынып жатырмын. Адам қорыққанда қайдағы жоқ еске түсе ме, бірер сүрені жөпелдемеде қайырып жібердім-ау, деймін. Менің бұл әрекетімнен де түк шықпады.
– Тұр-ей, Дедей, итіңді ұста! – деп төбемде тұрған сайтан менімен уәждесуге көшті. Күлкісі үдемесе, тиылатын емес. «Үш күннен соң көрге де үйренесің» демекші, мына сайтанның дауысын бір жерден естіген секілдімін. Ана пәле сонша жалбарынғанымда кете қоймаған соң, кәлләма осындай ой келе қалды.
– Бол енді, итіңді ұста, асығыспын! – деп дігірлегені тіптен намысыма тиді.
– Қап, мына сайқалдың қорлығын-ай! Аузымды қисайтпақ түгілі, опырып жіберсең де сені көрейін, – деп жатқан орнымнан қарғып тұрдым. Қарғып тұрдым да, жартылай жалаңаш күйі масахананы түре сыртқа ұмтылайын. Тыржалаңаш сайтан жалаңаш еркектен қорықпайтын шығар деп те арам ойлап қоямын. Иә, қайдан қорықсын, содан апырақтап сәкінің бас жағына айналсам, құйрығы бұлаңдап тұр екен. Бұлаң- бұлаң. Иттің құйрығы ғой! Бұ антұрған қай кезде жұлып алып үлгерген. Айласы мол сары сапалақтың нысапсызын қарашы!
– Көкірегің жүн-жүн болмай, мені тезірек итіңнен құтқар, – демегенде осылай мәңгіріп тұра берер ме едім, тез есімді жиғандай болдым. «Сұмдық-ай! Мынау сайтан емес, басқа емес, көшенің қатарында екі-үш үй әрірек тұратын Гүлия емес пе? Алдында біздің Құтжол еркелеп, тілі салақтаған күйі құйрығын бұлғаңдатады. Ол иттің басын сипап-сипап жіберіп:
– Төте жолмен ертемен қалаға жүретін автобусқа өтіп бара жатыр едім, итің қуып берсін. Қашамын деп мына екі араға кептеліп қалайын. Сасқанымнан «күшігім-күшігім» деп басын сипаласам, мына ақылсыз итің еркелеп, тіземді жалайды. Онысы қытығымды келтірді. Күле беремін деп ішегім түйіле жаздады. Сипағанды қойсам, ырылдайды. Ұста, итіңді, – деп ол көйлегін тартқыштап әлек болып жатыр. «Ойпырай, мұндай да қызық болады екен-ау» деген Гүлия бозала таңда гүрілдеп, оталып жатқан автобусқа қарай тайраңдай жүгіре жөнелді.
Жартылай жалаңаш күйі итімді құшақтап қала бердім. Құйрығы бұлаңдаған неме менің де тіземді жалап, мұрнын тыржитты. Қыз денесіндей қайдан жұпарлы болсын дегені шығар.
Жазғы таң қандай салқан еді...Ищшай! Расында, сайтанның қытығы қай жерінде екен ә?!

Нұрмахан ЕЛТАЙ
1989 жыл

05 қазан 2019 ж. 1 172 0