Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Мен кінәлі емеспін, адамдар!

Мен кінәлі емеспін, адамдар!

…Мүгедектіктің құрығына түсіп, шылауында кеткелі, мына қоларбаның менің айтқаныма көніп, айдауыма жүргеніне биыл, міне, жиырма алтыншы жаз. Жарымжандықтың тақсіретін тартып, тауқыметі мойыныма ілінгеніне бірнеше жылдардың жүзі болғанымен, әлі соған бой үйрете алмай келемін. Қос аяғым матаулы демесеңіз, қазақтың ойы сергек, он екі мүшесі сау қараторы қыздарының біріндей сезінем өзімді.
…Күн бұлыңғыр болатын дейді Анам. Суық боз тұман басып, танауды қусыратын шыңылтыр ызғырық еседі, гуілдеген желді уақыт. Бұл мың тоғыз жүз тоқсаныншы жылдың қыркүйек айы болатын. Әділетсіз өмір балапандай балбырап, мамыражай жатқан жаңа туылған сәбиге, яғни маған тырнағын аямай батырды. Мүсәпір, мүшкіл хәлге солай ие бола кеттім. Туылмай жатып қақмаңдайыма қадап берген қарабасқыр диагноз «жұлын жарығы» (спинномозговая грыжа) мендей қызылшақаны тұңғыш рет «ота» деген ғаламатпен таныс қылды. Атырауда. Ота жасалыпты, мен енді ол кезде әлі есімді де дұрыс білмеймін ғой. Анамның айтқанымен әйтеуір жеткізген боп жатырмын. Содан не керек, сол ота сәтсіз тәмамдалды. Аузы-басын ақ дәкемен ораған ақжүрек ақхалаттылардың жауапсыздығынан, кешірілмес қателігінен, айтып жеткізгісіз ағаттығынан екі аяғым сал болып қалды. Операциялық бөлмеден келген мені алдын ала жылытылып, әзірленген төсекке шалқамнан жатқызыпты. Мейірбике алғашқы тәуліктерде аса бір ыждаһаттылықпен күтім жасаса да, бойымды ауыр салмақ езгендей, қос аяғым сол сәулелі сәттен бұлыңғыр бүгініме дейін жүрусіз қалды.
Ол ол ма, үш жасқа келер-келместен ми шемені (гидроцефания) деген бәле-дерт тағы жабыса қалған. Тарқата айтсам, жұлын ми сұйықтығының көбеюімен байланысты бас сүйектің зақымдануы, шамадан тыс ұлғаюы. Дегридатациялық дәрілер: диакарб, вералпирон, магний сульфаты ауруға аз-маз шипа болады дегенмен, дәрігерлер мұндайда көбіне отаны құп көретінге ұқсайды. Ащы ішектей шұбалған көп қағазына түсініксіз әлденелерді бұрқыратып жазып жатқан шегір көзді, еңгезердей дәрігер «Басына ота жасаймыз, дайын болыңыздар!»-деп дүңк етті. Бесіктен белім шықпай жатып екінші отамен бетпе-бет ұшырастым. Алматы қаласындағы «Қалқаман» клиникасында. Онсызда көңілі жүдеу, жүзі сынық анамның салы суға кетті. Жүрегі ауызына тығылып, жонарқасына суық тер құйылады. Тас түскен жеріне ауыр. Ішкені ірің, жегені желім болып, менің әсерімнен болатын ең ауыр азапты күні бүгінгіге дейін ата-анам тартып келді ғой, оны сездірмесе де, ішім сезіп қояды. Жатырын жарып шыққан жарымжанын далаға тастасын ба, қайтсін байғұс ана, шарасыз әке не істей алсын осындайда? Оларды аяп кетемін. Кейде бойымды басқан зілбатпанды сілкіп тастап, өре түрегелгім кеп-ақ кетеді. Қос аяғым ұйып қалғандай жерге тартып, икемге келмей талай мәрте жерге дүрс құладым. Намыстанып кетемін баяғы…
…Жағдайым жамбасыма аяздай батып, жүнім жығылып, ішқұса болған сәттер бертін келе жиі қайталанды. Әуелгіде қу жаным қуырдақ боп, өзімнен-өзім көңілденіп, айна алдына көп барғыштап, өзгеріп кеттім. Әншейінде кежегем кейін тартып тұратын, асүйді айналшықтап түрлі дәмділер даярлаймын. Одан қалса арбамды шыр айналдырып жүріп, үй жинастырамын. Әйтеу бірнеше күн қатарынан үй ісіне етене кірісіп, үйдегілерді қарық қылдым. Сөйтсе е ем, міне қызық, мен ғашық боп қалған екенмін.
Бәсеу, бір түрлі ішкі дүниемде өзгеше құбылыс барын байқайтынмын. Ол әнші. Ол ән айтатын топтың фанатына айналып та кеттім. Ауызымнан сілекейім құрып, жанары ойнақшыған, қыр мұрынды, ашаң жүзді сол сымбатты жігітке неменеге сүйкене қалғанымды түсінбеймін. Көңілге медет тұтқаным оның What’s App-тан ғана жазатын жылы сөздері еді. Көңілімді қимай ма, меселімді қайтармайтын. Оның интернет желілеріндегі парақшаларын, в контакте дей ме, инстаграмы болсын күніне жүз ақтарып шығушы ем. Есім кете сүйдім.
Кейін бетім қайтып қалды. Ол мені қарындасындай ғана қабылдайтын, басқа ешкім де емес. Сүйгені бар екен, мен босқа дәмеленіппін. Неғып емешегі үзіле қалды десем, мені аяған ғой жәй. Кемтар деп менсінбеді ме, обалы не керек, ауылын аулаққа салды. Жақында үйленіпті. Менің махаббат-хикаям солай аяқсыз, баянсыз аяқталып қалды. Сүйкімдінің сүйкімдісі, тәттінің тәттісі — махаббатпен жолыққаныма бақытты едім.
…Жүрегінде шүкіршілігі бар адам қартаймайды дейді ғой. Қағажу көріп, қалжырасам да мен ешуақытта да Алла Тағалаға шүкір етуді тоқтатқан емеспін. Бұл өмір менен де қалар. Шолақ тайдың құйрығындай шолтаң етіп бізден де өте шығар-ау. Адамдарға жақсылық жасағым келеді. Қазір мына интернет деген жақсы болды ғой, екі қалада отырып алып әңгімеңді соға бересің. Емен-жарқын араласатын дос та жидым, арқа-жарқа боп ежелгі таныстай емін-еркін шүйіркелесетін аға мен іні, әпке мен сіңлі де таптым. Қарап отырмайын деп, бірдеңелермен айналысқан боламын. Өзгелер елп етіп ермек еткен қызықтарға қызыға қоймаймын. Иманымды күшейту жолында әрекеттенудемін. Бұрын қаңқу сөздерді құлағыма да іле бермейтін ем. Көңілшек боп барамын, жылап қаламын, жасып қаламын. Анау-мынауды алданыш еткен боламын. Қара саным ине шаншылғанын да сезбейді, серейген күйі міз бақпайды. Уайымым сол. Жанарымның оты тайып, бетімнің қызылы тарап кеткелі қаааааааш-шааан. Айна бетіндегі алау өрттің ішінен ұйпа-тұйпасы шыққан ұсқынсыздау түрімді көріп кейде өзім шошып кетемін. Бірақ, мен — сұлумын! Өйткені, жүрегім таза.
Жақында бір қыздың инстаграмдағы суретіме жазған кәмментариәсін оқып, жүрегімді ұстап ұзақ отырып қалдым. «Ужас» дейді әлгі қыз құбыжық көргендей, тағы бірдеңкелер жазып қойыпты, ұмытып қалдым. Иә, менің кезіндегі басыма жасалған отаның кесірінен бе, екі көзім екі жаққа қарап қалған, басым сәл үлкендеу. Бірақ, мен өз ұсқыным, рең-басымның келбетті болмағаны үшін ешқашан Аллаға арыз айтпаппын. Кешіріңіздер, бірақ мен сіздер секілді қасыма қиылтып татуаж жасатып, ернімді пластикалық негізбен үйректің к..індей дүрдитіп ісіріп, бес батпан бояумен көзімді үлкейтіп жатқаным жоқ. Шашымды түрлендіріп, түрлі-түске бояп әжуаландырып та жатқаным жоқ қой. Мейлі, мен мисс емес шығармын. Бірақ менде бәрі — «табиғи». Көзім де, сөзім де, өзім де — шынайы. Мен Алланың аманаттап берген тәні мен жанына қиянат жасамаймын. Иманым әлсіремесе болды тек. Аяғым жансыз болғанымен, кеудемде жаным бар, көкірегім сайрап тұр. Көкірегімдегі көлдария жылулығым үшін де, оның босқа рәсуа болмайтыны үшін де мен сұлумын.
Жүрегімді жегі құрттай үңгіп жеген мұңымды жеңе алатын қайсар мінез берген Құдай маған.
Құдыққа көп қараған кісі өлгісі келеді емес пе?! Ал, мен биікке қол созамын. Мен әлі аяққа жүріп кетем, көресіздер.
Мені кеудемнен итермеңіздер. Мұқатып-мүсіркемеңіздер. Менің де мейманам тасыр, менің де әлеміме көктем келер. Түтін сасыған сасық пікірлермен менің сағымды сындыра алмайсыздар. Мен бәрін жеңемін. Осындай боп жаратылғаным үшін МЕН КІНӘЛІ ЕМЕСПІН, АДАМДАР!
© Сәлеммен, Қасиет

Авторы: Ботакөз Бексары
31 шілде 2019 ж. 914 0