Мемлекеттік қызметке кіру үшін талап етілетін жұмыс тәжірибелері жеңілдетілді
Биылғы жылдан бастап мемлекеттік қызметтің бірқатар лауазым санаттарына талап етілетін жұмыс өтілдері жеңілдетілді. Нақтырақ айтқанда, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының 2018 жылғы 27 желтоқсандағы №289 бұйрығымен«Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына үлгілік біліктілік талаптарын бекіту туралы» 2016 жылғы 13 желтоқсандағы №85 бұйрыққа өзгерістер енгізілді.
Өзгерістерге сәйкес, «С-О-5», «D-O-4» санаттарындағы бас мамандар лауазымдарына ешқандай жұмыс тәжірибесі талап етілмейтін болды. Осы кезеңге дейінгі қолданыста болған талап бойынша «С-О-5», «D-O-4» санаттарына орналасу үшін аталған санаттардан төменгі санаттарда бір жарым жылдан кем емес мемлекеттік қызмет өтілі талап етіліп келген болатын.
Ал, «D-O-5» санатына жоғары білімі болған жағдайда жұмыс тәжірибесі талап етілмейтін болды. Бұрын аталған санаттан төменгі санаттарда бір жылдан кем емес мемлекеттік қызмет өтілі керек етілетін.
Сонымен қатар, «С-О-4»,«C-R-3»,«D-4»,«D-O-3»,«Е-3» және«Е-R-3» санаттарына да талап етілетін жұмыс тәжірибелері де жеңілдетілді. Жаңа талап бойынша мемлекеттік қызмет өтілі «С-О-4» пен «D-О-3»санаттарына екі жылдан кем емес, ал, «C-R-3», «D-4»,«Е-3» және «E-R-3» санаттарына бір жылдан кем емес болуы қажет. Биылға дейін осы санаттарға орналасу үшін төменгі санаттарда бір жарым жылнемесе екі жылдан кем емес мемлекеттік қызмет өтілі қажет еді.
Тағы бір енгізілген өзгеріс, бұрынғы талап бойынша «нақты лауазымның функционалдық бағытына сәйкес салаларда жұмыс өтілі»мен«ғылыми дәрежесінің болуы»деген талаптар жалпы конкурсқа қатысушылар үшін ғана көрсетілген болса, енді барлық ішкі конкурстар барысында да ескерілетін болды.
Бақытжан Нұралы
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері
жәнесыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің
Қызылорда облысы бойынша департаментінің бас маманы.