Байқоңыр қалалық сотына жаңа төраға тағайындалды
Байқоңыр қалалық сотының мәжіліс залында Елбасы Жарлығымен тағайындалған Байқоңыр қалалық сотының төрағасын таныстыру рәсімі өтті, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz Байқоңыр қалалық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жаңадан тағайындалған төрағаны таныстыру рәсіміне Байқоңыр қаласында және Төретам кенті мен Ақай ауылдық округтерінде орналасқан Қазақстан Республикасы және Ресей Федерациясының құқық қорғау органдарының, мекемелерінің басшылары мен судьялар, БАҚ өкілдері қатысты.
Аталған Жарлықпен Байқоңыр қалалық сотының төрағасы болып Жүсіпов Телжан Қуанышбекұлы тағайындалды.
Телжан Жүсіпов 20 мамыр 1988 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Білімі жоғары, 2008 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заңтану мамандығын, 2014 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын бітірген.
2008 жылдың қыркүйек айында Алматы қаласының Жетісу аудандық сотының бас маман – сот мәжілісінің хатшысы қызметін атқарып, 2014 жылы Қызылорда қалалық сотының судьясы қызметіне тағайындалған.
Тағайындау кезінде Қызылорда облыстық сотының судьясы Нұрлыбек Қосанов және құқық қорғау органдары мен мекеме басшылары жаңадан тағайындалған төрағаны құттықтап, сот төрағасы лауазымына лайық болып, адал қызмет атқаруына тілектестіктерін білдірді.
https://kyzylorda-news.kz