Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Дастарқанға нан қалай келді?

Дастарқанға нан қалай келді?


Нан тарихының тамыры сонау ежелгі заманға кетіп жатыр. Ғалымдардың пікіріне қарағанда ол он бес мың жылдан асса керек. Әйтсе де алғашқы нанның өсімдігі бидай да, қара бидай да, тіпті сұлы мен арпа да емес, кәдімгі... емен болған. Сонау есте жоқ ерте заманда адамдар емен жаңғағының мол өнімін жинап, үгіп, одан ұн жасап, нанның орнына пайдаланған.
Кировоград облысының территориясындағы Триполь елді мекеніне қазу жұмысын жүргізген кезде археологтар бұдан бес мың жылдан да әрі адамдар жинап, кептіріп, үгіп нан пісірген емен жаңғақтарын тапқан болатын.
Сондай-ақ, адамның алғашқы наны – емен жаңғағымен қатар қазір өзіміз білетін кәдімгі жаңғақ болған екен деген археологтар дәлелдеген болжам да бар. Бұл жемістердің орасан зор тағамдық қасиетін жете білмесе де адамдар жаңғақты өздерінің ризығы – нан деп санаған.
Жабайы дәнді дақылдардың әлі піспеген дәнін адам баласы нан ретінде пайдаланған кезең ғасырлар тереңінің тұңғиығында жатыр. Дәнді дақылдарды қолдан егуді, оның дәнінен ұн жасауды адамзат ерте заманнан бастап бірте-бірте меңгерген. Суға шыланған ұн – сұйық ботқа – біздің қазіргі нанымыздың бастапқы түрі болған. Ал Африка мен Азияның бірқатар елдерінде әлі күнге дейін нан орнына осындай быламық қолданылады.
Нан пісіру үрдісі, алғашқыда ботқа қамырдан қыздырылған тас үстіне қақтап пісірген күлше түрінде әзірленген. Өзі тығыз, әрі күйіп кеткен қожалақ күлше, әрине, қазіргі нанға мүлдем ұқсамайды. Әйтсе де быламық-ботқаға қарағанда соның өзі де пайдалануға ыңғайлы еді, өйткені күні бұрын оны әзірлеп қоюға, суық күйінде талшық етуге болады.
Адам ашытқыны пайдаланып, қамыр ашытуды қашан үйренді? Бұл сұраққа жауап беру оңай емес, ол жөнінде тек болжау ғана айтуға болады. Дегенмен ежелгі мысырлықтар ашытқан қамыр әзірлеу өнерін ертеден меңгерген. Өйткені олар ашытқы салып, сыра жасаудың құпиясын жақсы білген ғой. Соған қарағанда, шамасы бірде сыраның ашытқысы жабуға әзірлеп қойған нанның қамырына абайсызда түсіп кеткен болуы керек. Содан әдеттегі тығыз қамыр, адамдар күтпеген жерден өз-өзінен көпіршіп, көтеріліп, көлемі ұлғая бастайды. Әдеттегіден өзгеше осы қамырдан нан пісіріп көруге тәуекел еткен адам күтпеген жерден бірнеше күн сапасын жоймайтын, бұзылмайтын, әрі жұмсақ, әрі дәмді тоқашқа ие болған.
Нан бағзы заманнан халықтың әл-ауқатын, оның тіршілік-тынысын танытқан. Ас атасын пісірген адамдар әрқашан сыйлы да құрметті болған. Айталық, Грецияда наубайшылар ең мәртебелі мемлекеттік қызметке отыруға құқылы болған екен. Бұдан 2000 жыл бұрын Римде өмір сүрген Марк Вергилий Эврикас деген наубайдың қабіріне қойылған ескерткіш осы күнге дейін сақталған.
Шын мәнінде нан өткенді бүгінге, бүгінді болашаққа сабақтастырады. Ол өзінің күнделікті қажеттілігімен де ұлы және оны ештеңемен алмастыра да алмайсың. “Басқа тамақтың бәрінен шықсаң да, наннан әсте шықпайсың” дейді халық даналығы. Мұның әділдігін мыңдаған жылдар да жоққа шығара алған жоқ. Нан – ырызық, ол – барлық қазынаның өлшемі, бүкіл елдің байлығы мен күш-қуатының басты көрсеткіштерінің бірі.

Айнагүл БАЙДАУЛЕТОВА.
16 желтоқсан 2018 ж. 3 320 0