Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Шымкенттегі жаңа Арбатқа граниттен Қазақстанның картасы қойылды 

Шымкенттегі жаңа Арбатқа граниттен Қазақстанның картасы қойылды 

ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай Шымкентте жаңа Арбат ашылды. Салтанатты рәсімге Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков пен қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов, Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев пен қалалық мәслихаттың депутаттары, қала тұрғындары қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Жаңадан ашылған демалыс орны қала орталығындағы «Қиял әлемі» саябағы жанынан орын тепкен. Бейбітшілік көшесінің Республика даңғылынан Әл-Фараби алаңына дейінгі бөлігі тұтас демалыс орнына айналып, су бұрқақтары орнатылды. Көпшілік сейіл құратын аймақтағы жаяу жүргіншілер жолы 12 сәулеттік мүсінмен ерекшеленеді. 200-ге жуық сәндік ағаш егіліп, бір бөлігі көгалдандырылды. Салтанатты рәсімде қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов тұрғындарды мерекемен құттықтады.  «Елбасының биылғы 19 маусымдағы Жарлығымен Шымкент республикалық қала дәрежесін алып, жаңа тарихи кезеңі басталды. Миллион тұрғыны бар мегаполис күн сайын көркейіп келеді. Міне, мерейлі мереке - Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнінде де қаламызда жаңа Арбат ел игілігіне беріліп отыр. Бұл көрікті аймақ Шымкент тұрғындары мен қонақтарының сүйікті демалыс орнына айналатынына сенімдімін», - деді Ғабидолла Әбдірахымов.   Шымкенттіктерді мерекемен Зауытбек Қауысбекұлы мен Жансейіт Қансейітұлы да құттықтап, миллионды қалада атқарылып жатқан тындырымды істерді атап өтті. Айта кетейік, Арбаттың ортасында граниттен Қазақстанның атлас-картасы жасалды. Жалпы ұзындығы 430 метр аймақта көлік қатынасына шектеу қойылып, екі қапталдан велосипедпен серуендеу үшін арнайы веложолақ салынған. Ал Арбаттың екі жағындағы үйлердің қасбеттері көріктендірілді.    

inform.kz
02 желтоқсан 2018 ж. 1 674 0