Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Латын әліпбиі – мемлекеттік тіліміздің тірегі

Латын әліпбиі – мемлекеттік тіліміздің тірегі


Шындығында солай. Мемлекет басшысы Н.Назарбаев 26 қазан 2017 жылы «Қазақ тілі әліпбиінің кирилицадан латын графикасына көшірілуін қамтамасыз ету» мақсатында жарлыққа қол қойды.
Елбасы қаулысында :
1.Қоса беріліп отырған латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиі бекітілсін.
2.Қазақстан Республикасының Үкіметі: Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия құрылысын; қазақ тілі әліпбиінің 2025 жылға дейін латын графикасына кезең-кезеңімен көшуін қамтамасыз етсін делінген. Бұл жайында Н.Назарбаев осыған дейін жарияланған өзінің «Болашаққа бағдар, рухани жаңғыру» атты мақаласында көкейтесті мәселе ретінде осы латын әліпбиіне көшуді көтерген болатын. Елбасы біріншіден, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек деген еді. Өркениетті елдер латын таңбаларын ертеден пайдаланып келеді. Мысалы, туысқан Түркия елі 1929 жылы, Әзірбайжан 1992 жылы, ал Өзбекстан мен Түркменстан 1993 жылы осы латын жазуына көшіп алған еді. «Жақсылықтың жоқ, сәулем, ерте-кеші» демекші, бұл ниетке біз де қадам басқандаймыз. Өздеріңіз білесіздер, Кеңес Одағының идеологиялық ұстанымына байланыс­ты, қазақ елі күштеп кирилл әліпбиіне ауыстырылған болатын. Орта ғасырдан бастап 1929 жылға дейін араб графикасын пайдаландық, 1940 жылдан қазіргі күнге дейін кирилл әліпбиінде жазып -сызып келеміз. Орыс тілінде оқып, сол бағытта тәрбиеленген азаматтар латын әліпбиіне көшуге қарсылық та көрсетіп жатыр. Сондықтан, біз оларға латын әліпбиіне көшу барысында не ұтамыз, латын әліпбиі не береді? Осыны жақсылап ұғындыруымыз, мемлекет басшысының жарлығын бұлжытпай орындауымыз қажет екендігін естеріне салып отыруымыз жөн-ақ. Сонымен, латын әліпбиіне көшу қазақ еліне не жаңалық әкелді екен? Біріншіден, ең алдымен тіл тазалығы мәселесін шешеміз.Бүгінгі әліпбиіміз бен жазуымыздағы халықтың өз еркімен қалап алынған, кешегі бодандық жүйенің өктем саясатының әсерімен күштеп таңылған кейбір кірме әріптерден арылып, таза қазақ әліпбиін қалыптастыру бағытындағы игілікті қадам деп түсінеміз. Осы жерде тіліміздегі жат дыбыстарды таңбалайтын әріптерді қысқартып, сол арқылы қазақ тілінің таза қалпын сақтауға мүмкіндік аламыз. Екіншіден, латын әліпбиіне көшу-қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына даңғыл жол ашады. Қазақ тіліне компьютерлік жаңа технология­­лар арқылы халықаралық ақпарат кеңістігіне кіруге тиімді сәттер молынан болады. Шындығына келсек, қазір ұялы телефондарымыздың өзінде латын қаріпінде жазу оңай, ал кириллицада қазақша тере алмай, әуре-сарсаң болып жатамыз. Себебі латын әліпбиінің базасы әлемде қалыптасқан, әрі ауқымы да кең. Үшіншіден, бүгінгі таңда кириллица жазуын әлемнің 12 мемлекеті ғана пайдаланады екен. Қалған мемлекеттердің бәрі түгелдей латын әліпбиіне көшкен. Түбі бір түркі дүниесі негізінен латынды қолдайды. Біз ол елдермен рухани, мәдени, ғылыми, экономикалық қарым-қатынас жасауымыз керек, сонымен қатар, тығыз байланыс жасауға тиіспіз. Оның үстіне біздің 5 миллион­­­дай қандастарымыз жер шарының түкпір-түкпірінде жүргенін ескерсек, солардың 80 пайызы латын әліпбиін қолданатын көрінеді. Болашақта біз латын әліпбиіне көшетін болсақ, олармен байланысымыз да туысқандығымыз да арта түсетіні анық. «Латыншаға көшудің терең логикасы бар дейміз. Себебі, қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ ХХІ ғасырдағы ғылым және білім беру үрдісінің ерекшеліктеріне байланысты»- деп Елбасы айтқандай, латын әліпбиіне көшу – заман талабы, өмір шындығы. Осы жолда еліміздің ғалымдары, тіл мамандары латын қаріпін қолдану арқылы өркениетті елдермен тереземізді теңестіре аламыз деген пікір білдіріп, оның тиімді тұстарын дәлелдеп берді. Қазір сол ғалымдарымыздың еңбектері сараланып, түрлі әдістемелік жұмыстар жүргізіліп жатқанын ақпарат құралдарынан оқып-біліп, танысып­ жатырмыз. Ел болашағы үшін жасалып жатқан маңызды шешімге қолдау білдіру, осындай жақсылыққа, жаңалыққа ұмтылу-бәріміздің, бүкіл қазақстандықтардың абыройлы міндеті, парызы деп түсініуіміз керек. Күрделі мәселе болғандықтан, әрбір отбасында, мекемелер мен ұйымдарда, ұжымдарда арнайы іс шаралар ұйымдастырылып, талқылаулар әлі де жалғасуда. Соның айғағы ретінде бүгін біз де сіздермен осындай іс шара өткізіп отырмыз.Бірақ, түбінде, көп кешікпей егемен еліміздің латын қаріпіне айқындалады. Олай болса, межелі мақсатқа жету үшін бұл мәселеге құлшыныспен кіріскеніміз дұрыс болады. Оқушылар онсызда ағылшын тілін оқып, латын әріптерін үйреніп жатыр. Сондықтан, ол жастарға кедергі болмайды. Қайта латын қаріптерін тез меңгереді. Біреу қолдар, біреу қолдамас, тегінде латын әліпбиі – ана тіліміздің қолдану аясын кеңейтеді. Біз қазақ тілін жаңа заман талаптарына сай жаңғырту мүмкіндігіне ие боламыз. Қазақ елі кириллицаға құрсауланып, шыға алмай қалды. Өзге түркі мемлекеттері әлде қашан латын қарпін меңгеріп, тілін де, ұлтын да тазалап алды. Енді әліппемізді «Сауат ашу» деп өзгерткеннен не ұттық, енді әліппеміз латын әліпбиімен толығып, қазақ халқына қайтарылуы тиіс. Сонда ғана Қазақстан әлемдік өркениеттен қалып қоймай, озық 30 мемлекеттің қатарынан орын алатындығына сеніміміз мол. Еліміздің латын әліпбиіне көшуі – ұлтымыз үшін жасалған маңызды қадамдардың бірі.Қазіргі таңда латын әліпбиі үлкен беделге ие болып, қолданыс аясы да, мүмкіндігі де зор екендігін танытып отыр. Бұл деген сөз осы қаріпке өту арқылы қазақ тілінің де жолы ашылып, кеңейе түседі деп ойлаймыз.Жазу арқасында халықтың рухани, мәдени өсуін, даму деңгейін аңғарамыз.Сондықтан жазу, алфавит адамзат тарихындағы құнды дүниелердің бірі ретінде ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып қалатын байлығымыз. Ендеше, ұлан-ғайыр байлықтан қашуға болмас, ондай рухани байлық-латын әліпбиінде жатыр. Сондықтан да, латын әліпбиіне өту-рухани тәуелсіздікке жасалған қарышты қадам, сәтті десек жаңылмаймыз.

Өркен Исмаил,
халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» Шиелі аудандық филиалының төрағасы.
14 қараша 2018 ж. 3 314 0