Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Үнемдеуді қалай үйренеміз?

Үнемдеуді қалай үйренеміз?


"Жеткілікті мөлшерде жалақы аламын" дейтін адамды жолықтыру өте қиын. Көп жағдайда тапқан ақшаңыз қандай да бір себептерге байланысты екі аптаға ғана жетеді. Нәтижесінде келесі жалақы алғанша қарыз алуға мәжбүр боласыз. Ал, сол тапқан ақшаны қалай үнемдеуге және жинауға болады?
Егер айлық кірісіңіз көп болмаса, қайғыруға асықпаңыз. Көбі бір жалақыдан келесісіне дейін өмір сүреді, ал қарыз – қарапайым құбылыс. Барлық ақшаны құрту әдеті – жалпы адамзатқа тән қасиет. Ендеше оны басқа әдетпен ауыстыру керек. Аз кірістің өзінен ақшаның бір бөлігін сақтап қоюға болады.
1. Не үшін қаражат жинағыңыз келеді? Мақсат қойыңыз. Армандарыңызды еске түсіріңіз, оның ішінде қайсысы үшін шыдап жүре аласыз? Әйтпесе, себеп жоғалып, жиналған қаражат бекерге жұмсалып кетеді.
2. Кез келген кірістен еш сылтаусыз ақша бөліп отырыңыз. 5-10% жеткілікті. Сөзсіз, адам өмірі әрдайым форс-мажордан тұрады, бірақ бәрі дұрыс болса, ережені мүлтіксіз орындаңыз.
3. Ең дұрысы, банктен жоғары проценті бар депозит ашыңыз. Ашқан шотыңыз қолжетімсіз болғаны маңызды, яғни салған ақшаңызды оңай ала алмауыңыз керек.
4. Егер кредит алған болсаңыз, оны төлеп бітірген соң, сол кредитке салған қаражатты депозитке салып жүре беріңіз.
5. Егер әдемі, үлкен және қымбат бірдеңе алғыңыз келіп тұрса, оны сатып алуды бірнеше аптаға шегіндіріңіз. Ол уақытқа дейін бұл тілегіңізден айнып қалуыңыз мүмкін.
6. Міндетті түрде күнделік жазып жүріңіз. Мысалы, 1 апта бойына не сатып алғаныңызды жазып отырыңыз. Аптаның соңында барлық шығындарға анализ жасап, қандай шығындардан бас тарту керектігін анықтаңыз.
Тамаққа шығатын ақшаны қалай үнемдейміз?
Отбасылық бюджеттің көп бөлігі азық-түлік дүкендері мен базарға кетеді. Әрине, толыққанды тамақтанудан бас тартуға болмайды. Десе де, тамаққа бөлінген ақшаны үнемдеудің де жолы бар.
1. Дүкенге аш қарынмен бармаңыз. Ақшаңыз тұрған карточканы өзіңізбен бірге алып кетпеңіз. Тек қандай да бір нақты соманы шешіп алыңыз. Сол кезде тек қажетті азық-түлікті аласыз.
2. Жартылай дайын өнім сатып алмаңыз. Оларды өзіңіз жасауды үйреніңіз. Сол кезде дүкеннің пісірмесіне, шұжығына және жыртылай дайын өнімдеріне деген қызығушылығыңыз жоғалады. Жартылай дайын өнімдерді үйден дайындау үшін барлық отбасы мүшелерін жинаңыз. Котлет, тұшпара, варениктер секілді тағамдар ұзақ дайындалғанымен, тоңазытқышта бүлінбей, сақтала береді және тез піседі. Нәтижесінде, біріншіден, отбасының басы қосылып, қызықты уақыт өткізесіздер. Екіншіден, үйден жасаған тамақ әлдеқайда пайдалы болып келеді. Үшіншіден, дүкеннен сатып алғаннан гөрі үйден дайындап қойсаңыз, біраз ақша үнемдейсіз.
1. 1 аптаға арналған мәзір дайындаңыз. Сол арқылы таңғы асқа немесе кешкі асқа не пісіретініңізді біліп отырасыз. Ол азық-түлікті орынды қолдануға әкеледі. Күнде дүкенге кіруге әуес болсаңыз, тізімге қарап бүгінгі тағамыңызға қажетті затты ғана аласыз.
2. Дүкенге міндетті түрде тізіммен барыңыз. Егер тәтті бірдеңе жегіңіз келсе, оны келесі аптаға жазып қойыңыз.
3. Супермаркеттердің беткі сөрелерінде қымбат әрі жарамдылық мерзімі аяқталайын деп қалған өнімдер тұрады. Сондықтан сөрелердің арғы жақтарына және төменгі қатарына көз салыңыз.
4. Ұзақ сақталатын өнімді базардан алыңыз. Негізі ұн немесе қантты қапшықпен алу арқылы ақшаны біраз үнемдеуге болады. Базарға кешке барсаңыз, өнімді өз бағасынан түсіріп алуға болады. Бірақ, артық зат алып қоймас үшін базарға да тізіммен барыңыз.
5. Өнімдерді қатырып, қысқа дайындаңыз. Егер жақсы кең тоңазытқышыңыз болса, өнімдерді қысқа қатыруды үйренген артық емес. Мысалы, қызанақ, болгар бұрышы, саңырауқұлақтар сияқты өнімдер қыста қымбат болады. Оларды арзан кезінде сақтап қойсаңыз, қыста ақша үнемдеуге болады.
6. Жұмысқа тамақты үйден дайындап апарыңыз.
Осы әдістерді бірнеше ай қолдансаңыз, нәтижесін міндетті түрде байқайсыз. Еуропалық елдер бюждетті жақсы басқарады. Олар киімге ақша жұмсай бермейді, сапалы бір киіммен жылдар бойы жүре бере алады. Сонымен қатар, жолға ақша кетірмей, көп жағдайда велосипед немесе электр скутермен жүруді жөн көреді. Олар тек білімге және саяхаттауға ақша аямайды.
massaget.kz
11 қараша 2018 ж. 1 253 0