Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖАНЫ ЖАЙСАҢ, ЖЕҢЕШЕМ

ЖАНЫ ЖАЙСАҢ, ЖЕҢЕШЕМ


«Су сұрасам сүт берген, айран берген...» – деп ақиық ақын Мұқағали жырлағандай, әркімнің жүрегінде (ата-анасынан басқа) жанына жақын бір адамы болады. Ол ағасы ма, жеңгесі ме, әлде досы ма, әйтеуір бөтен емес. Сөзімнің өзегі әулетіміздің киесі әрі абыройы болған сүйікті жеңешем туралы. Ол аса ғажап адам. Ағайынның бірлігін, татулығын, сыйластығын ойлаған жаны жұмсақ, жүрегі жылы адам.
...Ұмытпасам 1956 жыл күзгі салым кезі бол­­­­­у­­­­­ы­­­­­ керек. Ауылда үлкен үйлену тойы болатынын естіп, бір топ бала өзімізше «дайындық» жасадық. Үйленетін жігіт ауылдағы мектеп директорының өзі. Тойдан қалмау, беташарын көру бізге арман. Көп ұзамай күткен келін де келіп түсті. Келінді көлікпен әкелді. Біздің ауы­л­­­да жалғыз автокөлік болатын: «45-20 ШМ» деген. Ол кезде біздің Шиелі ауданы Оңтүстік өлкеге қарайтын. Орталығы Шымкент. «ШМ» сөзі қала атының қысқарған түрі болса керек. Бірақ, келінді әкелген көлік ол емес, ауданнан келді.
Сонымен дүркіреп той басталды. Біз бірінші-екінші кластың оқушысымыз. Бала-шағаға орын жоқ, есіктен, терезеден сығалап жүреміз. Кіріп отырмасақ та, жүрісімізге ризамыз. Түннің бір уақытына дейін жалғасқан тойға көз ілмей шыдап бақтық. Ең бастысы, түскен келін (менің жеңгем) өте көрікті екен. Бұл менің өз қатарымның арасында мерейімді үстем етті. Қайта-қайта «менің жеңешем әдемі», «менің жеңешем сұлу» деп айтудан әсте жалықпадым.
Менікі деп, өзіме меншіктеп айтуымның да себебі жоқ емес. Үйленген жігіт – менің немере ағам. Ауылдағы жеті жылдық мектептің директоры Дүйсенбек Ермаханұлы. Ал, жеңгем болса, ауданның «Еңбек Қызыл Ту» орденді, бір өзінен 12 Еңбек Ері шыққан «Гигант» колхозының маңдай алды аруы екен...
Жеңешем мен ағамның маған жасаған жақсылығы аз емес. 1970 жылдың желтоқсан айының 30 күні Мәскеуден, әскер қатарынан оралдым. Жаңылмасам түнгі сағат, он-онбірдің шамасында Шиелі теміржол вокзалынан түстім. Дүйсенбек ағам мен Қатира жеңешем екеуі қарсы алды. Қасымда Түркістанның жігіті бар. Есімі Иолдаш (Жолдас), ұлты өзбек. Ол да үйіне жеткенше тағат табар емес. Менімен қоштасуға әрі қарыз ақшасын алуға пойыздан түсіп тұр. Иолдаштан жолда 30 сом қарыз ақша алғанмын. Ол кезде бұл біраз ақша. Мәскеуден Шиеліге дейін жолаушылар пойызы билетінің құны 14 сом. Жол-жөнекей тамақ іштік, оны-мұны алдық, әйтеуір ақша жараттық. Менің ақшам Орал қаласына жеткенде-ақ таусылып қалды. Жолда Оралдан түсіп қалып, екі жыл бірге борышын өтеген Темір Бағысқалиев деген жігіттің үйіне соқтық. Чапаев ауданының (қазір Ақжайық деп аталатын көрінеді) орталығында тұрады екен. Баласына еріп әрі аман-есен алып барғасын бізді жібере ме, ауылдастары мен ағайындарын шақырып оты­р­­ыс жасады. Қарызға ақша алғанымды, мына жігітке беру керектігін жеңешемнің құлағына сыбырлап айттым. Сөзге келместен қалтасынан суырып берді. Ағам білмей де қалды.
Сол күні түнде ағам мен жеңешем мені Шиеліден 13 шақырым жердегі «Еңбекшіге», үйіме жеткізіп салып, әке-шешемнің алғысын алды. Жалғыз ұлын әке-шешем асыға күтіп отыр екен, қуанысып, арқа-жарқа болып қалдық...
Алматыдан қалыңдығымды алып келгенде ағам мен жеңешем «Мәскеу-Алматы» пойызынан күтіп алды. Бір қойын сойып, көрші-қолаңын, төңірегіндегі ағайындарды шақырып үйлену тойын бастап берді...
1991 жылы Алматының «Жалын» баспасынан тұңғыш жеке жыр жинағым – «Жан жұпары» жарық көрді. Алып ұшып елге – Шиеліге жеттім. Ол кезде Алматыда тұрамын. Ағам қайтыс болған. Кітабымды жеңешеме көрсеттім. Шиелінің сыртындағы бақшасында жүр екен. Ол кісінің әдеті жыл сайын жұмыстан қол үзбей жүріп қауын-қарбыз, көкөніс, қияр, сәбіз, не керек бәрін өсіреді. Балаша мәз болып қуанды. «Айналайын, арманыңа жеткен екенсің, құтты болсын! Кешке достарыңды үйге ертіп келіп, қонақ болыңдар», – деді.
Кешке айтылған уақытта он жігіт зайыбымен жеңешемнің үйіне жиналдық. Жыр оқылды, ән шырқалды, тәтті тамақ желінді, есте қаларлық отырыс болды. Достарым аға орнына аға бола білген жеңешеме риза болды...
Ағам мен жеңешемнің үлкен ұлы Болат үйленгенде мен Шиеліде жоқ едім. Демалысқа шығып, қайынжұртта (Көкшетауда) жүргенмін. Желтоқсанның 31 күні болатын. Сол кезгі қалыптасқан әдетке сай, жаңа жылды әркім өз шаңырағында, жанұясымен қарсы алуға тырыс­а­­­­­­­­тын. Мен де үйге жетуге асығып жолда келе жатқанмын. Ағам үйге соғып, әке-шешеме: «Бүгін беташарын өткіземіз. Келісімен тездетіп үйге жетсін» деп айтып кетіпті. Араласып жүрген дос­тарым жаңа жылды қарсы алатын үйдің мекен-жайын айтып, олар да: «қай кезде келсе де сонда жетсін» депті.
Жолсапардан түнде келдім. Жанымда бажам мен қайынбикем бар. Солармен ақылдаса келіп, жаңа жылды достармен қарсы алуды, тойға ертең баруды ұйғардық.
Ертесіне барсақ, жеңешемнің көңіл-күйі жоқ. Сәлемімді селқос қабылдады. «Әй, бала, қайнаға болғаның құтты болсын!» деді ақырын ғана. Бұрынғы әдетімен бір көзін жұмып алыпты. Шиеліде күн ыстық, жазда 40-45 градусқа дейін жетеді. Сондай кездері бір көзін жұмып жүру ол кісінің дағдысы болатын. Сол әдетіне салып тұр. Ренжігенін білдіргені бұл.
Жеңешемнің «Әй, бала, қайнаға» деген ұйқасымды сөздері шыңылдап шекемде тұрып қалды. Жаңа жылды қарсы алып, түнімен билеп, ән салып, ұйқыдан қалып шаршаған басқа ештеңе кірер емес. Тойды басқарып жүрген көпті көрген, әр нәрседен хабары бар Берікқара ағам «жағдайды» түсінді, білем, «алдымен той асынан дәм татыңдар, қалған тірлікті сосын көре бересіңдер» деп, бір бөлмеге кіргізді де той тағамдарын алдымызға қойғызды. Әл жинап алғасын, отыра қалып өлең жазуға кірістім. Қалайда сүйікті жеңешемнің ашуын басып, қабағын ашуым керек қой. Көп әуреге салмай жыр жолдары қағазға құйыла бастады...
«1.Қош келiпсiң, келiнжан, ауылыма,
Сән-салтанат әкелдiң қауымыма.
Бақыт тiлеп баянды дос-жарандар,
Отыр, мiне, жиналып сауығыңа.
Жатырқап та, қысылып жасымағын,
Жақындатпа, жолатпа басыңа мiн.
Болашаққа тұп-тура апаратын,
Ақ арманға жасадың асыл адым.
Алынбаған алдыңда шыңың бар да
Соған жетпей жүрекке тыным бар ма?..
Бөтен үйге пенде боп ену емес,
Келiн болу –
Ел болу ұғынғанға!
Жаны жайсаң,
көңiлi пәк, асқақ ары
Ана болу бақыты асқаралы,
Жұбай болу,
жар сүю – бәрi, бәрi
Келiн болған кезiңнен басталады.
Келiн болған кездерiн есiне алса,
Кемпiрлердiң көзiнен жас тамады...
2. Беу, келiнжан!
Дәнге толы дарқандығы жерiмнiң,
Әнге толы жайсаңдығы елiмнiң,
Батырлығы, қайсарлығы ерiмнiң –
Соның бәрi шапағаты келiннiң.
Гүлденуi, түрленуi өмiрдiң,
Қырандайын қалықтауы көңiлдiң,
Шабыттанып шарықтауы сенiмнiң –
Соның бәрi махаббаты келiннiң.
Келiндердi – ақ көгершiн дер ем мен,
Сезiмдердi теретұғын тереңнен.
Қазақ деген мәртебелi халықпыз,
Келiнменен көсегесi көгерген.
Бұрын менiң жеңгелерiм паңдана,
Менi көрсе, дейтiн бәрi «Әй бала!»
Ендi, мiне, мен де үлкен атандым,
Атандым мен тiптi дүрдей қайнаға.
Келiнмiн деп жаси көрме, қарағым,
Алғысын ал ата, ана, ағаның...
«Әй» баладан «қайнағаға» жеткiзген,
Айналайын, құтты болсын қадамың!».
Сол жерде жүргендерді жинап алып өлеңімді оқып бердім. Бар даусыммен шабыттанып оқыдым. Жұрт жым-жырт. Өлең аяқталғанда барып бәрі ду қол шапалақтады. Қарасам жеңешемнің екі көзі бірдей ашылып, қос жанары жайнап тұр екен, ағам да мәз. Бағанағы реніштен ештеңе қалмапты...
Осы келін туралы өлеңім талай тойларда алдымнан шықты. Шиеліні айтпағанның өзінде Алматыда 4-5 үйлену тойында ұшырасты. Шиелі аудандық мәдениет бөлімін ұзақ уақыт басқарған, белгілі өнер иесі, Қазақстанның мәдениет қайраткері Әшімхан Оспановтың «Мен асаба бол­ып жүргенде үйлену тойын «Келін» өлеңімен бас­тайтынмын» дегенін талай естідім.
Осындай ел ұнатқан өлеңнің жазылуына себепкер болған асыл жеңешем сексеннің сеңгіріне шығып отыр. 3 ұл, екі қызды өмірге әкеліп, тәрбиелеп өсірді. Олардан оншақты немере мен шөбересі бар. Үлкен ұлы Болат пен ортаншысы Сәбит кәсіпкерлікті қалады. Болатты жарты Қазақстан білді десем де болады. Шымкент пен Шиелінің ортасын жалғастырып тірлік жасады. Шиеліден базар ашты, медициналық орталық салды. Аудандағы алғашқы бизнестің негізін қалады. Ал, Шымкент қаласында атқарған жұмыстары өз алдына бір әңгіме.
Сәбит болса, Жамбыл облысының Жаңатас қаласын жандандыруға атсалысты. Өкінішке орай, екеуінің де ғұмыры қысқа болды. «Орнында бар оңалар» демекші, соңында қалған ұл-қыздары әке жолын жалғастырып келеді.
Ұлдан кенжесі Сабыр аудандық комсомол комитетінде, денсаулық сақтау бөлімінде жауапты қызметтер атқарды. Кейіннен ағаларының жолын қуып, кәсіпкерлікке біржола ден қойды. Қазір Шиелінің орталығында жекеменшік құрылыс базары, шұбат өндіретін цехы бар. Аудан халқын денсаулығына өте пайдалы түйе, жылқы өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр.
Қыздары Әлия мен Сәуле екеуі де бизнестің адамы.
Жеңешем өзімен бірге туған 2 қыз, 2 ұлды қамқорлығына алып, үйлі-баранды қылды. Жұбайы Дүйсекеңнің бауырлары 4 ұл, 3 қыз да жеңешемнің тәрбиесін көрді, тәлімін алды. Маған жасаған қамқорлығын жоғарыда айттым.
Осылардың бәрі қазір бір қауым ел болды. Ақбұрым жастан өтіп, ақ үрпек ана атанған менің асыл жеңешем соларға ақылшы болып, қызығы мен қиын сәттерінде кеңесін айтып, тіл жәрдемін тигізіп, қол ұшын беріп, бағыт сілтеп келеді.

Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
«Қазақ журналистикасының қайраткері» медалінің иегері, Қазақстанның «Құрметті журналисі».
30 қазан 2018 ж. 1 173 0