«Жүз елу мың» жалған ақпарат
Соңғы күндері «WhatsApp» желісінде инфляцияға байланысты қаражатты өтеу туралы ақпарат таралған болатын. Осы ақпаратқа байланысты зейнетақы төлеу орталығына атбасын бұрған зейнеткерлердің саны артқан. Тіпті, кейбір егде кісілер редакцияға да хабарласып, жай-жапсарын сұраған болатын. Міне, осы сұрақты негізге алған біздер «БЖЗҚ» АҚ Қызылорда облыстық филиалының операциялық бөлімінің Шиелі кентіндегі қызмет көрсету орталығының бастығыДосжанова Мөлдір Ботабайқызына хабарласқан болатынбыз.
– Зейнетақы қоры инфляцияға байланысты 150 000 теңгені өтейтіні туралы «WhatsApp» арқылы салымшыларға (алушыларға) таралған ақпарат шындыққа жанаспайды. Зейнетақымен қамсыздандыру туралы Заңының 5 бабында төлемақы өтеу жөнінде айтылғаны рас. Ал, бірақ бұл өтемақы әрбір азамат өзіне зейнетке шығу құқы келген кезде сол құжаттарын рәсімдеу кезінде ол өтемақыны алады. Енді осы жақында бірінен бірі алып тағы да ватсаптарда таралып жатыр «Менің енем барды», «Менің әжем барып алды» деген сияқты. Оның бәрі жалған ақпарат. Оған халықты алданбауға, халыққа қызмет көрсету орталықтарына келудің қажеті жоқ екендігін ескерткіміз келеді, – дейді Мөлдір Досжанова.
Осы тұста айта кету керек, айырма сомасы (мемлекеттік кепілдік) – мемлекеттік бюджет есебінен берілетін біржолғы өтемақы болып табылады. Салымшылар мемлекеттік кепілдік бойынша төлем алу құқығына зейнеткерлік жасқа толған кезде ие бола алады екен. Бұдан басқа, мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленген жағдайда І және ІІ топтардағы мүгедектігі бар жандар, Қазақстаннан тыс жерлерге тұрақты тұруға кеткен шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен айырма сомасын алуға құқылы. Сонымен қатар, мемлекет кепілдігі бойынша төлем алуға құқылы азамат қайтыс болған жағдайда, оның мұрагерлері де айырма сомасын ала алатын көрінеді.
Мемлекет кепілдігі бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының жергілікті «Әлеуметтік төлемдердің ведомствоаралық есептеу орталығына» жүгіну керектігін алға тартқан Мөлдір Ботабайқызы мұнда арнайы әдістеме бойынша салымшының зейнетақы жинақтарының сомасы оның жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысқан бүкіл кезеңіндегі инфляцияны ескере отырып есептеледі және енгізілген жарналардың сомасымен салыстырылатындығын тілге тиек етті. Егер жинақтарының табыстылығы инфляциядан төмен болса, айырма сомасы біржолғы өтемақы ретінде алушының банк шотына аударылатын көрінеді.
Сондықтан да, қор барлық салымшылар мен алушыларды әлеуметтік желілер арқылы таратылатын әр түрлі хабарламаларға сын көзбен қарап, тек ресми ақпарат көзінен алынған ақпараттарға ғана сену керектігін ескертеді.
Дина ӘБІЛАСАН.