Ұялы телефонды қалай тіркету қажет?
Тіркеу не үшін қажет?
Бұл бастама лаңкестікпен және діни экстремизммен күресті күшейту, сонымен қатар телефон ұрлығының алдын алу үшін қолға алынған еді. Қазір смартфонның IMEI-коды болғанымен оның кімге тиесілі екенін анықтау қиын. Мамандардың айтуынша, егер базаға тіркелсе, иесін табуға және телефон ұрлаған адамды да тез ұстауға болады. Ал тіркелмеген телефондар бұғатталмайды, оларға тек абоненттік қызмет көрсетілмейді, яғни сіз ешкіммен хабарласып, хат алмаса алмайсыз.Телефонды тіркеу қалай жүзеге асады?
Телефонды өзіңіздің атыңызға тіркеу қиын шаруа емес. Ол үшін ұялы байланыс операторларының кеңсесінде сағаттап кезекте тұрып, дүрлігудің қажеті жоқ. Өйткені телефонды тіркеу науқаны барынша қарапайым болады. Ұялы байланыс абонент құралын тіркеу үшін оның иесі өзіне қызмет көрсететін байланыс операторына жеке сәйкестендіру нөмірін(ЖСН), ал заңды тұлғалар бизнесті сәйкестендіру нөмірін (БСН), сонымен қатар ұялы телефонның сәйкестендіру нөмірін (IMEI-код) де қоса жіберуі керек. IMEI-код төрт жерде көрсетіледі: құрылғының өзінде (пернетақтадан *#06# теру арқылы көресіз), батареяның астында, қаптамада және кепілдік картасында. Абоненттің ұялы байланыс телефонын тіркеу тегін жүргізіледі. Кәмелет жасына толмаған балалардың ұялы телефондарын тіркеу ата-аналары немесе заңды өкілінің келісімімен ғана іске асады. Бала кәмелет жасына толғанша құрылғы ата-анасының атына тіркеліп тұрады.Компаниялар тіркеуді қалай жүргізіп жатыр?
Kcell және Activ абоненттерінен мобильдік құрылғыларын мүмкіндігінше тезірек тіркеуден өткізуді сұраймыз. Бірақ ол үшін клиенттерімізге кеңсемізге келіп, кезекке тұрудың қажеті жоқ. Абоненттерімізге тіркеу процесін екі қарапайым әрі түсінікті тәсіл арқылы жеңілдетуге тырыстық. – дейді “Кселл” АҚкоммуникациялар бөлімінің бастығы Наталья Еськова.Егер сіздің байланыс брендіңіз Kcell немесе Activ болса, “6006” қысқа нөміріне хабарласып, тіркеу туралы ақпараты бар SMS аласыз. Оған жауап ретінде жоғарыда аталған деректерді жіберуіңіз керек. Содан кейін сізге тіркеуге қабылданғаны туралы хат келеді. Екінші тәсіл – телефонда *660# USSD командасын теріп, қоңырау шалу түймесін басу. Сізге мәліметті енгізу үшін арнайы жолақ ашылады, сонда тиісті деректерді енгізіп, “Жөнелту” түймесін бассаңыз жеткілікті.
Beeline қолданушылары “6914” нөміріне ЖСН-ін (12 сан) жіберу керек. Компания өкілдері IMEI-кодты тіркеудің тағы бес тәсілін айтты. “6914” қысқа нөміріне қоңырау шалу және “Мой Beeline” қосымшасын телефоныңызға жүктеп, осы қосымшаны пайдалану арқылы да тіркеуге қоюға болады. Сонымен қатар Beeline.kz сайтында және Beeline-ның кеңселерінде тіркеле аласыз. Өзіңізге жақын кеңселердің тізімін ресми сайттан табуыңызға немесе “0611” нөміріне хабарласып, call-орталықтан білуіңізге болады.
Ал Tele2 абоненттерін тіркеу әлі басталмаған. Компания қызметкерлеріне хабарласқанымызда байланыс операторын телефонға тіркеу бойынша әлі нақты ақпарат жоқ екенін айтты. Тіркеу туралы толық ақпарат шықса, компания өзінің абонентеріне SMS немесе ресми сайт арқылы хабарлайды. Әзірше компания абоненттік нөмірдің өз атыңызға тіркелген-тіркелмегенін тексеруіңізді сұрайды. Егер тіркелмесе, Теле2-нің кез келген кеңсесіне жеке куәлігіңізбен барып, тіркеуден өтіңіз. Абоненттік нөміріңіз өз атыңызға тіркелсе, уайымдамауға болады, әрі қарай тіркеу жұмыстарымен компания қызметкерлері айналысады.
Еске салайық, 22 қазан күні ҚР ІІМ ресми өкілі Алмас Садубаев 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап абоненттік құрылғыларды IMEI-код+SIM-карта+ЖСН схемасы бойынша міндетті тіркеу ережесі күшіне енетінін еске салды. Тіркелмеген абоненттерге байланыс қызметі көрсетілмейді.
https://baribar.kz/