Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Табысқа жету үшін, сылтау мен себеп болмау керек

Табысқа жету үшін, сылтау мен себеп болмау керек

Өткен айда ауданымызға арнайы Астана қаласынан «Qazbilm» республикалық орталығынан оқытушы ұстаздар келген болатын. Меймандардың мақсаты – осындағы жас түлектерге сапалы білім беріп, алдағы келе жатқан ұлттық бірыңғай тестке дайындау. English Word орталығының мұғалімі Мөлдір Дүйсенованың мұрындық болуымен өткен тренинг №270 Ғ.Мұхамеджанов атындағы мектепте өтті. Шараға 300-ден астам оқушы қатысып, математика, физика, математикалық сауаттылық, химия, биология, тарих, дүниетарих пәндерінен дәріс оқылды.
Осы ретте оқушылармен ерекше жұмыс жасап, шәкірттерге өзінің шеберлігімен танылған Химия пәнінің ұстазы, журналист, осы таңға дейін бірнеше кітабы жарық көрген Ахметжан айтжанмен сұқбат құрған едік.

– Жас түлектердің ҰБТ-да керемет нәтиже көрсетуіне не ықпал етеді деп ойлайсыз?
– Жас түлектің 11 жылдық білімінің жақсы көрсеткіш көрсетуіне өз дайындығы, ұстаздардың жанашырлығы, һәм ата-ана тарапынан көрсетілетін қолдаудың пайдасы мол. Осы үш түйін бір жерде тоғысқанда ғана жас түлек өзін сенімді ұстап, ҰБТ-ға жүйелі дайындалып, табысты нәтиже көрсетеді деп сенемін.
– Биылғы түлектер сізге қандай әсер қалдырды?
– Шиелі жастарының өмірге құштарлығы, білімге, жаңалыққа деген құмарлығы мені ерекше қуантты. Өзімді бұл сапарымда жанып тұрған болашақ елдің азаматтарымен жолыққандай сезіндім. Көздерінен жанған отты көрдім, жалын көрдім, тек сәттілік тілеймін.
– Өмірлік ұстанымыңыз қандай?
– Ақын болу өз ісің, адам болу борышың, демей ме атам қазақ. Менің де өз ұстанымым дәл осы адам болу. Елімнің ертеңіне бір оймақтай болса да үлес қоса алатын, өз ісімнің шебері болу.
– Химия пәні мұғалімінің қиындықтары жайлы не айтар едіңіз?
– Мен үшін химия пәні мұғалімі ретінде, мектептердің зертханалық базасы ең үлкен қиындық болып табылады. Химия пәнінің негізгі жұмысы зертханамен байланысты болғандықтан оның заман талабына сай болғаны дұрыс. Өкінішке орай, біздегі зертханалардың 90 пайызы бүгінгі стандартты қабылдай алмайды.
– Шиелі жастары енді қашан дәрісіңізді тыңдай алады. Алдағы уақытта ауданымызға қайта келіп, дәріс оқу ойыңызда бар ма?
– Қазақ «Шақырған жерден қалма, шақырмаған жерге барма» демей ме? Шиелі жұрты құшақ жайып қарсы алса, өңірдің жастары үшін әлі талай рет сапар шегеміз. Мен ұстазбын, парызым – білім беру, онда парызымды өтеу жолында неге кері шегінемін?
– Түлектерге тілегіңіз, және оларға айтар ақылыңыз?
– Жас түлектердің қалаған оқу орнына грантқа түсіп, ұлтына тұлға болар ұл-қыздар болып ержетуін тілеймін. Табысқа жету жолында ешқашан сылтау мен себеп керек еместігін айтқым келеді. Барша түлекке сәттілік!


Ажар Қанат,
Құндыз Абуталипова,
11-сынып оқушылары.
20 қазан 2018 ж. 776 0