Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Бала неліктен ойыншықтарымен бөліскісі келмейді?

Бала неліктен ойыншықтарымен бөліскісі келмейді?


Балалар алаңында ата-ана мынадай жағдайға жиі тап болады: балаңыз біреудің ойыншықтарын тартып алады, ал ол өз ойыншықтарын алғысы келгенде бермейді. Оған қоса, барлығын бірге жинап алып, жылап, шу көтереді. Кей балалар біреудің ойыншығын алмайды және өз ойыншықтарын ешкімге бермейді. Оған одан да кіші бала келіп, оның ойыншығымен ойнағысы келгенде ол жылап, бөліспей қояды. Сол кезде ата-ана баласының қылығына ұялып, ыңғайсызданып, оны бірге ойнауға көндіріп жатады. Бала болса, анасы не істесе де, бермей қояды. Көптеген ата-аналар баласын "қызғаншақ" деп ойлайды. Алайда, оның басқа себебі бар.
Бала неліктен бөліскісі келмейді?
Бала 1,5-2 жасқа толғанда оның біреуге өз ойыншығын бергісі келмейтіндігі байқалады. Бала бұл уақытта ойыншықтарды жаны жоқ зат ретінде емес өзінің бір бөлшегі ретінде, мысалы, қолының, аяғының, құлағының жалғасы, денесінің бір бөлігі деп қабылдайды. Сондықтан сіз оны тартып алу кезінде ол оның қолын не аяғын тартқандай ауыртпалық сезінеді. Баланы ойыншығын беруге көндірмеңіз. Оған жай айтып түсіндіріп қойыңыз: "Бергің келсе, бер. Бергің келмесе, берме. Сенің ойыншықтарын, сенің қалауың". Бала ойыншықтарын өз еркімен беремін деп шешсе, сол сәтте ол ешқандай ауыртпалық немесе қорқыныш сезінбейді. Себебі ол өзі сондай шешім қабылдады. Ал егер өз еркімен бергісі келмесе, өзіңізді қаншалықты ыңғайсыз сезінсеңіз де, бергенін қаншалықты қаласаңыз да, түрлі әдіс ойлап тауып, баланы қинап, көндірмеңіз.


Бала біреудің ойыншықтарын тартып алса, не істеу керек?
Егер бала біреудің ойыншығын алғысы келсе, оны қарапайым ережеге үйретіңіз: "Алуға бола ма, соны сұра! Кез келген жауапқа дайын бол". Осылай үйрету өте маңызды, сіз оған өзін ұстау мәдениетін көрсетесіз. Әлемнің қай жері болмасын біреудің затын рұқсатсыз алуға болмайды. Оны бала кезден бастап түсіндіре беру керек. Барлығы баланың қалағанындай болмайтындығын және "өтінемін" деген сиқырлы сөздің өзі кейде көмектеспеуі мүмкін екенін түсіне бастайды. Егер ол сұрағанда басқа бала ойыншығын бергісі келмесе, балаңыз жылап, шу шығарса, оны басқа жерге алып кетсеңіз де, жұбатыңыз. Бірақ балаңыз жылауын қою үшін басқадан ойыншықтарын беруін сұрамаңыз және көндірмеңіз. Себебі ол бала да өз заттарын беру немесе бермеуін өз шешуге құқылы.
Неліктен бала қонақтарға ойыншықтарын бермейді?
Ата-ана мынадай жағдайға да жиі тап болады: үйге балаларын ілестіріп қонақ келгенде, балаңыз оларға ойыншықтарын ойнауға бермейді. Қонаққа келген балалар жаңа үйге келгенде, ол жақта көп таныс емес ойыншықтардың бар екендігін көреді, бәрін ұстап көргісі келеді және оларға бәрі қызық. Ал ақкөңіл балаңыз,  ешбір ойыншығын бергісі келмейтін "қызғаншақ", "жылауық" балаға айналады. Ата-ана өздерін ыңғайсыз сезініп, күйгелектеніп, баласын қалай да көндіру керек деп ойлайды. Сөйтіп, достар отырысы балалардың шаруасын шешуге арналған жиналысқа айналып кетеді. Бала неге өзін олай ұстайды? Себебі ол оның заттары, ол ойыншықтарын басқалар алып кетеді немесе сындырып тастайды деп уайымдайды.


Баланы қонақтардың келуіне қалай дайындаймыз?
Баланы қонақтардың келуіне алдын ала дайындаған жөн. Мысалы: "Балам, бүгін үйге қонақ келеді. Сен оларға уақытша ойнауға қандай ойыншықтарыңды бере аласың? Уақытша беретін ойыншықтарыңды мына жерге қой, ал бергің келмейтін ойыншықтарыңды мына жерге қой. Бере алмайтын ойыншықтарыңды шкафқа салып қоямыз. Сол кезде олар сенде мұндай ойыншықтар бар екенін білмейді, сондықтан сеннен сұрамайды". Содан соң бала асықпай бәрін бөле бастайды. Бұл әрекетіңізбен балаға не үйретесіз? Балаға жауапкершілік пен сенімділік артасыз. Ол өздігінен шешім қабылдайды. Өзінің жеке заттарымен не істейтінін өзі шешеді.
Лайфхак: Егер үйге ересектермен бірге 2 бала келетінін білсеңіз, алдын-ала дүкеннен 3 бірдей қарындаш, 3 бірдей альбом немесе 3 бірдей бояу кітапшасын алып қойыңыз. Біріншіден, олар арзан тұрады. Екіншіден, олар таласпайды. Үшіншіден, кетерде әркім өз қарындашы мен суретін алып кете алады, ал сіздің балаңызда өзінің қарындашы мен суреті қалады.


Неліктен үлкен бала кішісімен өз ойыншықтарымен бөліспейді?
Бала өз ойыншықтарымен бөліскісі келмейтін тағы бір жағдай – ол дүниеге інісі немесе сіңілісі (қарындасы) келген кез. Кішкентай балаңыз еңбектеп, жүре  бастағанда ол үлкеніңіздің ойыншықтарына ұмтыла бастайды. Мұндай жағдайда жиі кішісі ұтып, үлкені ұтылады. Сол кезде ата-ана көбінесе үлкенге қысым көрсетеді: "Сен үлкенсің ғой!", "Қызғаншақ болмайтын шығарсың", "Ол әлі кішкентай". Көп жағдайда ол көнуге тура келеді. Оны қинағаны үшін бауырына жыны келе бастайды.
Отбасы ішіндегі ойыншық мәселесін қалай реттеуге болады?
Құрметті ата-аналар, егер балаларыңыздың арасында бәсекелестік, қызғаныш, жасқаншақтық және жек көрушілік болмағанын қаласаңыз, ортақ зат болмайтындығын түсініңіз. Көп ата-аналар үлкен баласының қызғаншақтығын айтып жатады. Кімнің ойыншығы? Бұл сұрққа көпшілік ортақ ойыншық деп айтуы мүмкін. Жоқ, ортақ ойыншық болмайды. Ойыншық бірінші кімге сатып алынды, соның заты болып саналады. Ойыншықты үлкен балаңызға сатып алып беріп, дүниеге екінші бала келгенде ол автоматты түрде ортақ болып саналмайды. Олар – бұрынғыша үлкен балаңыздың заттары. Ешқандай дау болмас үшін кішкентайды әркез үлкен бауырынан рұқсат сұрап алуға үйретіңіз. "Мынаны алсам бола ма?" деп сұратыңыз және үлкен баланы беруге қинамаңыз. Кіші бала сұрап үйренгенде, ал үлкен бала шешімді өзі қабылдағанда, мәселе азаяды. Содан соң ол кіші баланың өтінішіне жиі "иә" деген сөзді айта бастайды. Сонымен қатар, үлкен балаға кіші бауырына берген ойыншық сынып қалуы әбден мүмкін екендігін айтып ескертіп қойған жөн. Сол кезде ол көп жағдайда бәрібір бауырына рұқсат беріп, сынып қалса, "ештеңе етпейді, ол кішкентай ғой" немесе "жөндеп аламыз"деп айта бастайды.
massaget.kz
04 қазан 2018 ж. 1 277 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930