Атырауда Көші-қон қызметтерін көрсету орталығы ашылды
Бұл – ел ішіндегі Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан кейін ашылып отырған төртінші орталық. Онда тәулігіне кемінде 250-300 адамға қызмет көрсетіледі. Келушілерге әзірге төрт түрлі қызмет ұсынылып отыр. Олар медициналық тексеру, саусақ іздерін түсіру және сақтандыру полисі мен жеке сәйкестендіру номерін беру қызметі. Бұл – уақытша жұмысқа келетін азаматтардан талап етілетін басты құжаттар. Бұрын шетелдіктер уақытша тіркелу немесе ел аумағында болу мерзімін ұзарту үшін ең кемі 5 жұмыс күнін жоғалтатын, енді бұл рәсімдер бірер сағатта-ақ атқарылатын болды. Атырау облысында жыл басынан бергі 8 айдың өзінде 75500 шетелдік азамат уақытша тіркелген. Соның 55 мыңға жуығы еңбек мигранттары. Берік Амангелді, облыстық ІІД басшысының орынбасары: - Шетелдіктерді уақытша тіркеу, шетелдіктерді ҚР тұрақты тұруға қалдыруға және тағы да басқа қызметтер көрсетіледі. Орталықтың ашылуы мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттырады. Қызметтерді кедергісіз, келушінің уақытын үнемдеп көрсетілуіне жағдай жасап, қызметтер бірыңғай электрондық қызмет және бір терезе қағидасы бойынша ұсынылады.
www.24.kz