Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ШЫНДЫҚТЫҢ ШАМШЫРАҒЫ

ШЫНДЫҚТЫҢ ШАМШЫРАҒЫ


Өткен жиырмасыншы ғасырдың кешегі алпысыншы жылдары әдебиет аспанында жасындай жарқ еткен бір шоғыр жас буын жарық жұлдыздардың ортасынан ойып тұрып орын алған Оразбек Сәрсенбай, «өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» деп ұлы Абай айтқандай, қазіргідей қара сөздің емес, сара сөздің саңлағы болып танылғанын исі қазақтың көзі қарақты оқырман қауымы жақсы біледі. Білгенде де ақын Оразбектің сол 1962 жылы республикалық жастар газеті «Лениншіл жастың» (қазіргі «Жас алаш») бетінде жарық көрген публицистикалық поэмасы әдебиеттің айналасында жүрген жайсаңдардың өздерінің төбелерінен жай түсіргендей айды аспанға бір-ақ шығарғанынан да, соңы үлкен шу мен дау-дамайға айналғанынан да хабардар
болатын.
Мен ол кезде сегізінші сыныпты бітіріп, тоғызыншыға көшкен кезім. Ауыл мектебінде директор қызметін атқаратын әкем бір күні әдеттегідей сырттағы пошта жәшігінен бір бума газетті әкеліп: «Мә, оқып, көзіңді аша бер...» – деп алдыма тас­тай салған. Сол жылы ғана комсомолға өткен жауқазын жастың бәрінен бұрын «Лениншіл жасты» қолға алатыны белгілі ғой. Сол әдетіммен оның беттерін ашып қалғанымда үшінші бетін тұтас алып жатқан «1961 жыл» атты поэмаға, оның үстіндегі «Оразбек Сәрсенбаев» деген жазуға көзім бірден түсіп, қуанғанымнан газетті қолыма ұстаған күйі ас үйде бауырсақ пісіріп жатқан анама қарай тұра жүгіргенім әлі есімде. Өйткені, сонау аштық жылдары ата-анадан жастай жетім қалып, балалар үйінде өскен, қырқыншы жылдан бері ширек ғасыр бойы ағылшын тілінен дәріс беретін аудандағы жалғыз қазақ әйелі саналған анам Қанымжанның екінші мамандығы бойынша қазақ тілі мен әдебиетінен де оқытатындықтан ба, әйтеуір, газет-журналды қалдырмай қарап отыратынын білемін. Бәлкім, менің оған қуанышымды білдіруге асыққанымның мәнісі де сонда болса керек.
Әрине, бұл жаңалыққа тек менің ата-анам ғана емес, бүкіл ел елең етіп, әсіресе шиеліліктердің төбесі көкке жеткен. Оның не екенінің атын атап, түсін түстеп те жатпай: «Қауыншы Сәрсекеңнің баласының газеттегісін көрдіңдер ме?!» деген бір-ақ ауыз сөздің өзі бірден бірге жетіп, жұрт дүр етіп, бір желпінісіп қалған. Кейін Қазақстан Компартиясы съезінің мәртебелі мінберінен поэманың қоғамға «жат» тұстары сынға алынып, Орекеңнің өз замандастары ішінен бір қауым талантты жастар ғана қазақ поэзиясына тың жаңалық әкеліп, құбылыс ретінде қабылданған шығарманың поэтикалық рухы мен қуатын айтып, шырылдап ара түскені болмаса, кейбір атағынан ат үркетін, елге танымал атышулы ағаларымыздың өзі әділін айтуға келгенде солқылдақтық танытып, газет беттерінде жандайшаптар жерден жеті қоян тапқандай шуласып жатқанда бұғып қалғандарын несін жасырайық.
Бірақ, мұның бірі де қарапайым халықтың ақын Сәрсенбаевқа деген сүйіспеншілігіне сызат түсіре алмағанымен, арада бір жылдан соң Орекең дипломын құшақтап, алып-ұшып туған жеріне жолдамамен қызметке келгенде мұндағы оқу бөлімінің тізгінін ұстаған шалағай шенеуніктердің оның кешегі «кінәратын» ұмыта қоймағаны алдымнан шығар деп тіпті ойламаған да еді. Әйткенмен, өкінішке қарай, ұмытпағаны былай тұрсын, лүпілдеген жүректерін су сепкендей басып, талшыбықтай бұралған алғашқы жеңгеміз Зейнегүл Қалғанбаеваны көрші ауыл – «Қызылтудағы» сегіз жылдық мектепке, ал, өзін біршама әуре-сарсаңға салып барып, ақыры сол қарсаңдағы Қазақстан комсомолдарының көшбасшысы Өзбекәлі Жәнібеков пен күллі шиелілік жас мамандардың қамқоршысына айналған зиялы азамат – аупарткомның идеология жөніндегі хатшысы Дүйсенбі Смаиловтың араласуымен аудан орталығынан шалғай шеттегі М.Ломоносов атындағы №47 қазақ орта мектебіне жіберіп, ұстаздық жолды таңдаған жас шаңырақ иелерін екі жаққа бөліп тынған.
Алайда, мұндайға ұнжырғасы түсіп, қыңа қоятын Орекең бе, мұздай киініп, жіберген мектебінің табалдырығынан алшаң басып аттаған сәтінде ұжымға жоғарыдан бір жас дөкейдің өзі кіріп келгендей, алғаш ештеңенің мәнісіне түсінбей көздері бақырайып, аңырып қалған ұстаздар бірауық үнсіздіктен кейін ғана мәселенің байыбына барған соң мәз-мәйрам болысып, оны құшақтарын жая, қуана қарсы алған. Анау-мынау емес, республиканы дүр сілкінткен жас бөрі, атақты ақын Оразбек Сәрсенбайдың Алматыны жайына қалдырып, ауылдан бір-ақ шығуы мұндағы әріптес ұстаздары үшін ғана емес, күллі Шиелі халқы үшін таңқаларлық тосын оқиға болғаны анық.
Ұзамай Орекең өзінің «Жаңатұрмысынан» аудан орталығы Шиеліге, темір жолдың арғы бетіндегі мектебіне жақындау көшелердің бірінен жалдаған үйлеріне көшіп келген. Бұл Орекеңе қолайлылау болғанымен, жеңгеміздің онсыз да алыс жолы онан сайын қашықтай түсіп, біраз қиындық туғызғаны рас-ты. Дегенмен, Зейнегүл Орекеңнің бір бүйрегін ота жасатып алдырып, сол сырқаты салдарынан университетті де курстастарынан бір жыл қалыс қалып бітіргенін, денсаулығы әлі толық қалпына келе қоймағандығын ойлап, бір жыл бойы бес-алты шақырым жерге жаяу қатынап барып, жұмыс істеп жүрді. Сірә, Орекең екеуінің көңілдері жараспай, жұптастық өмірлерінің ұзаққа созылмауының бір себебі де сол жас отбасылардың көпшілігіне тән алғашқы кездері ұшырасатын осы тәрізді қиындықтардың кісіні қажытып жіберетінінде де жатыр ма екен деп ойлаймын.
Десек те, Орекеңнің мұнан кейінгі бойдақтық өмірі де бір жылдан көпке ұзай қойған жоқ. Несін жасырайық, сол қарсаңдағы аудандағы менмін деген ай мүсін арулардың қай-қайсысы да одан дәмесіз емес еді. Ол кезде жыл сайын аудан мұғалімдерінің көктемгі өнер фестивалі өтіп, жүзден жүйрік шыққан әнші-бишілері облыстық сайысқа жолдама алатын. Міне, өзім куәсі болған сол фестивальдің біріндегі №47 мектеп мұғалімдері өнерпаздарының концертінде сахнаға жас ұстаз Оразбек Сәрсенбаев та шығып:
«Салмасам Айнамкөзге ах-а-а-ау ән болмайды,
Кимесем екі-ай бешпент-ай, айнамк-ө-ө-өз сән болмайды.
Ойнасаң өзің теңдес ах-а-а-ау жаспе-е-енн ойна,
Ол дағы алғаныңнан-ей, Айнамк-ө-ө-өз кем болмайды...» – деп қолдарын екі жаққа жайып жіберіп, Мұхиттың «Айнамкөзіне» басып, шырқай жөнелгенде, бүкіл зал сілтідей тына қалған. Оның кең тынысты диапазонынан әуелеген әуеннен залдың бүкіл қабырғалары теңселіп, Шиелі аспанын жаңғырықтырып, көкжиегінің етегін желпілдетіп жатқандай болды. Сөйтіп, мұғалім Сәрсенбаевтың салған әні тыңдаушысын таңдай қақтырып қана қоймай, алақандай Шиелі халқына сол күні-ақ тарап үлгіріп, бірден облысқа жолдама алғанымен, Орекең онда барудан үзілді-кесілді бас тартып, мектеп директоры Нұрбай да, оқу бөліміндегі басқа азаматтар да оған өз сөздерін өткізе алмай, пұшайман күйде шарасыз қалған. Сонда барып олар Орекеңнің дегеніңе көніп, айтқаныңмен жүре қоятын можантопай мұғалімдердің қатарынан емес, Шиелі шеңберінен тыс деңгейдегі дүлдүлдердің санатынан екенін алғаш рет еріксіз мойындағандай болған.
Онымен де тынбай, кейінірек қазақ әдебиеті алыптарының бірі, әйгілі жазушы Сәбит Мұқанов мұнда құрметті қонақ ретінде келген бір сапарында аудандық мәдениет үйінде өткен кездесуге Орекең де қатысып, бір кезде оны көзі шалып қалған Сәбеңнің: «Оу, Оразбек, мұнда сен неғып жүрсің?!» – деп елпілдей аман-саулық сұрасып жатқанын көрген Шиелінің қарапайым халқы ғана емес, «сен тұр мен атайын» шенеуніктерінің өзі шалқаларынан құлап қала жаздаған. Шиеліліктер: «Ойбай-ау, несін айтасың, Оразбекті Сәбит Мұқановтың өзі де біледі екен ғой!» – деп таңдай қағысып жүрген күндердің бірінде оның тұңғыш кітабы – «Даңқ» повесі жарқ етіп, жарыққа шыққанда жерлестерінің: «Е-е, бұл Оразбек енді біздің маңдайымызға сыя қоймас», «Бәсе, көр де тұрыңдар, бұл әлі бастамасы ғана...» деген сәуегейлік сөздерінің айнымай келеріне ол кезде ешкім де күмән келтірмеген.
Ал, сол алғашқы жылдарының өзінде-ақ ауданның ең танымал, үлгілі ұстаздарының біріне айналып үлгірген Орекеңнен үміттеніп, сезімдерін сыпайылап сездірудің орайлы сәтін күтіп сарғайған небір хас сұлуларды сан соқтырып, Ақмешіттің айдай аруы, өзінен тоғыз жас кіші, он сегіздегі өрім қыз Шара жеңгемізді Шиеліге келін ғып түсірген. Сол жылы күзге салым Орекең Шер-ағаның шақыртуымен «Лениншіл жас» газетінің мәдениет бөлімі меңгерушілігіне қызметке келді. Ол кезде мен де 2-курсқа көшкен жазғы каникулымнан оралып, ауылдың үш жігіті Алматының «Татарка» атанып кеткен бөлігіндегі Гражданская көшесі, №32-үйге жапсарластыра салынған ұйғырдың екі бөлмелі пәтерін жалдап тұрып жатқанбыз. Орекеңнің хабарын естісімен редакцияға барып жолығып, оның Шара жеңгеммен бірге азынаулақ жүгімен ғана жеңіл-желпі көшіп келгенін білдім. Тоқтаған үйі де орыстың жұпыны тар бөлмесі екен. Оған қарағанда, әрине, біздің тұрып жатқан үйіміз хан сарайындай еді. Қожайынымыз да құдайына қараған момын жандар болатын.
Содан Орекеңе басқа пәтер қарастырып, таныс жігіттермен хабарласа бастадым. Қазіргідей ол кезде жарнама жоқ, пәтерді көше жағалап жүріп іздейміз. Сәтін салғанда курстас досым Ақкөл Отарбаев: «Әй, Мұрат, Кастекская көшесіндегі біздің көрші жігіттеріміз көшіп жатыр, тезірек келіп, сөйлесіп көр», – дегенін естісімен құстай ұшып жеттім. Үлкендеу бөлме екен, бағасы да арзандау әрі орталық, бірақ Орекеңнің отбасы үшін онша қолайлы емес, аздап сызы бар, ал, бізге жетіп жатыр. Ертең көшіп келетін болып, ақысын да келісіп, пәтеріме тарттым. Кешке жігіттер жиналған соң жағдайды түсіндіріп, бағасы да арзан әрі орталық екенін баса айтып, ақыры өзіміз тұрып жатқан үйді Орекеңнің отбасына беруге оларды да, пәтер иесін де көндірдім.
Сөйтіп, не керек, осы үй Орекең мен Шара екеуіне де құтты болып, бір жылдан соң Ғани Мұратбаев көшесіндегі үш бөлмелі пәтерге Ахат Жақсыбаевтың отбасымен бірге уақытша тұратын болып көшіп барған. Рас, бөтен отбасы түгіл, өз туғандарыңмен бірге тұрудың өзі қиын қазіргі заманда мұның екі жас отау иелері үшін де үлкен сынақ болғаны айқын еді. Оның үстіне Орекеңдердің пәтеріне ауылдағы ағайын, Алматыдағы біз сияқты жалаңаяқ студент біткен бірі кіріп, бірі шығып жатса, Ахаң мен Клара өздерімен өздері томаға-тұйық өмір кешкенді қалайтындай көрінетін маған. Әйткенмен, екі жыл дегенде Орекеңе сол кезде жаңадан ашылған 12-шағын ауданнан төрт бөлмелі пәтер бұйырып, бұл қысталаңнан да Шара мен Клара екі отбасын ищай деспей, абыроймен аман алып шыққан.
Шара жеңгем осы елгезектік, қонақжайлық қалпынан ақтық демі біткенше танбай, дастарханы жиылмаған күйі бір-ақ сәтте бәріміздің де жүрегімізді сыздатып, көзден бұл-бұл ұшты да кетті. Бірақ көңілден кеткен жоқ. Орекеңнің дос-жаранын ұйыстырып қана қоймай, күллі ағайынның да көңілінен шығып, Сәрсенбаевтар әулетінің шаңырағын шаттыққа бөледі. Сірә, Орекеңнің бұдан жиырма үш жыл бұрын Шарайнасына:
Мазақта да күле бергін, досым-ау,
Мен өзімнің әйеліме ғашықпын.
Бір Шарайнам бар кезінде осынау,
Дүние гүл-гүл, аспан мөлдір, ашық күн, – деп тұтас өлеңдер циклін арнап жазуы да тегін болмаса керек. Өз басым алпысқа алқымдаған шағында әйеліне ғашықтығын ашық білдіріп, өлең жазған Орекеңнен өзге ақынды кездестіре қоймаған сияқтымын. Рас, махаббат жайлы жырламаған ақын жоқ. Бірақ көпшілігі өз жарына адалдығы мен төзімділігі үшін ризалығын білдіріп жатқандарымен, пәлен жылдан кейін оған ғашықтығын айтып, жар салуға келгенде мүдіріп қалатынын мойындауға тиіспіз. Бұл орайда күні кеше өмірден өткен өршіл ақын Жарасқанның Нәзгүліне, айтыскер ақындардың бас бапкері, жыр дүлдүлі Жүрсіннің өзінің Бақытжамалына арнаған тамаша өлеңдерінен басқасы есіме түсер емес. Бар болса, ұмытшақтығым үшін кешірім өтінем. Әйткенмен, мәселе онда да емес.
Мәселе жалындаған жігіт шағында жойқын жырларымен қазақ әдебиеті аспанында қақырата найзағай ойнатқан, шабытының шабысынан шашасына шаң жұқтырмаған ақын Сәрсенбайдың поэзиядан прозаға кілт бұрылып, қара сөздің қара нарларының біріне, одан бірегейіне айналып шыға келгендігінде болып отыр. Осының бәрі Орекеңнің «Лениншіл жасқа» қызметке шақырылғанға дейін «Даңқ», «Жалғыз күрке» повестері жарық көріп, елге жазушы ретінде танылып үлгерген кезінен басталған. Одан әрі шығармашылық шыңына қамшы салдырмай шеру тартқан Оразбек Сәрсенбай қаламынан туған «Таңбалы тас», «Сағым», «Ыбырай түбегі», «Гүлжаһан», «Тамыр», «Бақыт құсы», «Уәде», «Жиде гүлдегенде» повестері мен әңгімелері, «Шамшырақ», «Шеңбер» романдары, «Жарық дүние» өлеңдер мен поэмалары, «Өмірнама» мемуарлық романы, «Менің мекенім» әдеби-сын мақалалары мен естелік, эсселер жинағы, «Адамның құны қанша?» рисалалар және тағы басқа кітаптары оқырман жүрегіне жол тауып, халқының сүйіспеншілігіне бөленгені аян.
Бұл шығармаларын Орекеңнің көзі тірі кезінің өзінде Тахауи Ахтанов, Ғафу Қайырбеков, Әзілхан Нұршайықов, Жұмекен Нәжімеденов, Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауин, Қалихан Ысқақов, Рамазан Тоқтаров, Герольд Белгер, Әнес Сарай сынды қазақтың көрнекті қаламгер замандас­тары жоғары бағалап, оқырман оң бағасын бергендіктен тағы да ой таразысынан өткізіп, талдап жатуды мақсат тұтпасам да, алпысыншы жылдардағы ақын Сәрсенбайдың поэзиясына бірер пікірімді білдіре кетуді парыз санап отырмын. Себебі, Орекеңнің алғашқы повестері баспа бетінен жарық көре бастағаннан әдеби қауымның өзі де оны прозашы ретінде ғана танып, поэзиясы туралы тіптен жақ ашуды да қойған. Бәлкім, бұған өлеңдері мен поэмаларын кітап етіп бастырып шығаруға асықпаған Орекеңнің өзі де «кінәлі» шығар?!
Мен оқушы кезімде көзім көріп, одан қолдан қолға өтіп, кейін ізін таппай қалған «1961 жыл» поэмасын студенттік жылдарымда бір оқып шығуға соншама құмартып, Орекеңнің өзінен сұрағанымда: «Соның қай қағаздың арасында жүргенін қайдам» дегендей немқұрайлы жауап беріп, неге екенін білмедім, әйтеуір, көрсетуге онша құлықты болмады. Мүмкін, кей тұстарын қайта қарағысы келіп жүріп, құлықсыздық танытуының мәнісі сонда ма екен деген ой келді де мұнан әрі мазалау­ды қойып, бір күні А.С.Пушкин атындағы ұлттық орталық кітапханаға барып, «Лениншіл жастың» сол жылдардағы тігінділерін ақтарып отырып тауып алдым да, бас алмас­тан оқып шықтым. Кім білсін, оқушы кезімде оқығанымда тап сол кездегідей парқын түсінер ме едім, әлде түсінбес пе едім. Басты түйгенім, оны жайбарақат оқу мүмкін еместігі. Ақын қиялында көзі ілініп бара жатқан сәтінде «Қалғыма!» деген дауыс селк еткізіп, салмағымен жерді де солқылдатып, мың мотордың даусындай зор үнімен:
«Көкжамбас боп жата бермей тұр, ақын!
Менің атым – Уақыт...
Күтпе менен рақым.
Арқасын аяз қарыған
Дүниені бар жылыт! –
Сығып алып жүрегіңнің қуатын...» – деп өктем тіл қатқан уақытпен сырласып, ол сыйға тартқан, жұмбақ бөлме ішіндегі алды-артында қаптаған тетіктердің әрқайсысын басқан сайын бірде ғарышты шарлап, бірде жерге түсіп, енді бірде қаламының ұшымен қияндағы қара құрлықтың дұшпандарын түйресе, келесі бір кезекте мұхиттың арғы жағындағы алпауыттарға сес көрсетіп, тағы бірде сол 1961 жылы өмірден өткен ұлы жазушы Мұхтар Әуезовке оралып, оған арнаған тарауында:
«...Құшағына алады да – жер нетсін!
Көзден жасы ағады да – ел нетсін!
Көзің қиып қалай оны көмбексің?
Сәл кідірші! Жарық дүние тербетсін!
Асықпашы.
Жарық дүние тербетсін,
Ақтық рет жаңбыр көктен селдетсін.
Гүлдер оның аяғына жығылып,
Ақтық рет бетін оның жел де өпсін.
Төксін оған аспанда Күн, Ай нұрын...
Уа, әлеумет, бүгін кімнен айрылдың?
Қайда сенің Сарыарқадай байлығың?
Қайда сенің саңқылдаған шешенің?
Қайда сенің топ бастаған көсемің?
Тағдыр, сенің шатасты ма есебің?
Қайран қылды халқымызды осы өлім...
...Мұң басады даланы, ымырт жапты қаланы.
Алдымдағы экран күңгірт тартып барады...
Мұхтар жазған кітаптардың әр беті
Әлденеге күрсіне дем алады», – деп күңірене жыр толғайды.
Ал поэмадағы:
«Бір тетікті басып едім,
Әзер-әзер билеп алып еркімді –
Көз алдымда дөңгеленіп Жер тұрды:
Полюстерді орап алған көк дауыл,
Қанатымен мұхиттарды желпиді.
Күннің қанжар сәулелері
Бұлтты тесіп түйгіштейді тас басын.
Бір қиырда нажағайлар қамшылап
Көк аспанның тіліп жатыр таспасын.
Мұнар толқын арасында дөңгелеп
Айналады жұмыр Жер,
Бір беті – ыстық, бір беті
Оның сап-салқын.
Жер тарихын аңыз етіп, ән қылып,
Галактика тұрды биік, жаңғырып.
Тіршіліктің тарам-тарам қолдары
Құшақтасып қалған, сірә, мәңгілік...» – деген жолдар ақын жүрегінен қып-қызыл от болып бұрқ-сарқ қайнаған лава тәрізді ақтарылып жатқандай көрінді маған. Поэзияның қуатты күші де, тегеурінді рухы да осында жатқан жоқ па?!
Ал, енді ағымнан жарылып айтсам, сол алпысыншы жылдардың алғашқы жартысында осынау жампоз жыр-дастанның жалына жармасып, жағасынан алып жанталасқандардың нені айтып аттандап, несін жазғырып жазғандары қазір менің жадымда да жоқ. Дегенмен:
«Күздің алтын жапырағы,
Сайрандайды көшеде.
Күздің желі соғады екен еселеп...
Экранда көрінеді Москва...
Мекен болған көсеуші мен көсемге!» – деп басталатын тарауы мен:
«...Ресей бұл – ұлы орыстың Отаны,
Ресейге түскен салмақ
Бәріміздің арқамызға батады.
Шерлі ұрпақтар не көрмеді,
Тартқан талай жаланы!
Күштілердің алдында Иван бас ұрды,
Айбалтасын қойынына жасырды...» - немесе:
«...Қуанамыз ауа тапсақ бір жұтым...
Ақ дидарын көреміз бе шындықтың?
Осы үмітпен экранды тағы да
Әрі қарай жылжыттым», – деген астарлы жолдардан да ақау тауып, андағайлап шыққан-ау деп ойлаймын. Бірақ, мұның бірі де поэманың сынын селкеулеп, құнына көлеңке түсіріп тұр деп айта алмас едіңіз. Әрине, астарында жұмбақ сырлар жатыр десеңіз, оған неге шүбә келтіруіміз керек?
Иә, Орекеңнің менің студент кезімде поэмасын неге маған көрсетпегенінің мәнісін енді ұққандаймын. Ұмытпасам, «Лениншіл жастағы» нұсқасында поэма ақ өлең жолдарымен түйінделетін сияқты еді. Бұл сонау ХIХ-ғасырдың соңы мен ХХ-ғасырдың басында орыс поэзиясындағы күміс ғасыр дәуірінде орын алған символистік ағымның көрнекті өкілдері Константин Бальмонт, Валерий Брюсов, Андрей Белый сынды ұлы ақындардың жырларында ұшырасатын, қазақтың қара өлеңінің қалыптасқан жүйесімен онша қабыса бермеген тосын жаңалық болғаны анық. Орыс поэзиясындағы осы символистік, сондай-ақ футуристік (Борис Пастернак, Вадим Шершеневич) бағыттардағы ақындардың өз кезінде қатты сынға алынғаны да мәлім. Сөйте тұра олардың ұлы есімдерін тарихтан ешкім де өшіре алған жоқ. Мәселен, символизм бағыты орыс поэзиясына ғана тән жаңалық еместігін өнер сүйер қауым жақсы білер деп ойлаймын. Өйткені, оның негізін қалап, әлемдік поэзияға тыңнан түрен салғандар француздың ХIХ-ғасырда өмір сүрген Шарль Бодлер, Поль Верлен, Стефан Малларме сынды ұлы ақындары болатын.
Міне, осы сарында үйреншікті ұйқасқа құрылмай, ақ өлең түрімен еркін көсіліп жазылған жалынды жас таланттың соңғы тарауы араға жылдар салып, алымды хас таланттың көзқарасымен қайта қаралған тәрізді. Поэманың:
«Естіп тұрмын бәрін де:
Уақыттың аяғының дүрсілін.
Естіп тұрмын
Адамзаттың лүп-лүп соққан
Жүрегінің күрсінін.
Сырын ұғып болғаным жоқ
Кеше менен бүгінгінің, бұл – шыным.
Қайта-қайта жасырады:
Күн – сәулесін, түн – сырын.
Әрқилы ойлар мазалайды жанымды...
Түсінбедім тұйық дүние тылсымын... - деп түйінделуі соның айғағы. Бірақ, бұдан ұтпаса, ұтылып тұрған жоқ. Орекеңнің бір көлемді жинақтан асып жығылар өлеңдері мен толғаулары бола тұрып, кітап етіп бастырып шығаруға асықпай, соншалықты сабырлық жасағаны, әрине, қайран қалдырарлық. Кім білсін, өзіне де, өзгеге де биік талғам тұрғысынан қатаң талап қоя білетін Орекең жастық шақта жазылған жырларының кей тұстарына көңілі онша толыңқырамай, кешеуілдете берді ме екен?! Бірақ Орекеңнің 2005 жылы жарық көрген «Жарық дүние» атты жыр жинағына енген қай толғауына да мін таға алмасыңыз кәміл. Бұл толғаулардағы теңіздің жал-жал асау толқындарындай буырқанып жатқан жолдар мен алай-дүлей сапырылысқан сезімдер, өңменіңнен өтер өткір ойлар мен өзекті жара өрілген образдар, сартап болған сананың сірескен сеңін бұзған суреттер мен тегеурінді теңеулер Сәрсенбаев поэзиясының шоқтығын биіктетіп, абыройын асқақтатып тұрғаны айқын.
Айталық, «1917 жыл» толғауындағы:
«Қысқы Сарай терезелері қып-қызыл
Жылтырайды көздеріндей қасқырдың.
Ақ семсерлер – прожекторлар түп-түзу
Қиялап кеп, Самұрықты басқа ұрды!
Басталды айқас.
Әлем тапырық аспан-жер.
Қызыл тулар желбірейді
Жүрегіндей Данконың,
Есерлердің есінде екен анты оның!..
немесе «Ақырғы күздегі»:
«Бір мезгілде сылаң қағып Күн шықты,
Бұлттарды айдап қамшысымен жеті өрім.
Жапырақтар көзден жасын ыршытты,
Нөсер-перде қаққан тұста етегін...» - деген жолдарды жайбарақат оқу мүмкін емес. Ол аз десеңіз Оразбек ақын «Менің мекенімде»:
«Сөйлесе аспан найзағайдың тілімен,
Жалықпас жер жарқ-жұрқ етіп күлуден.
Жапырақтар қоңырауын қағады,
Бұлбұлдардың сайрамайтын түні кем.
Қара жолға құшақтатып қыл белін,
Қырынынан түсіп жатқан қыр керім!
Алған демі жусан исі, төл исі,
Іңірдегі исі қандай шілденің!
Пыр-пыр етіп бозторғайлар ұшады,
Жазы түгіл, қыста тынбас құс әні.
Алыстарды ала қашқан құба жол
Жүргіншіні бауырына қысады...- деп бір толғана төгіліп сала бергенде өзің өскен ауылдың бар ғажайып табиғаты мен сұлу суреттері көз алдыңа көлбеңдеп шыға келіп, көкірегіңді еріксіз сағыныш кернейді, балалық, жастық шақтарыңа ораласың ба-ау, әйтеуір, бір тәтті тылсым күй кешерің анық. Осыдан-ақ, поэзия атты тәңірдің құдіретін сезіне беріңіз.
Ақын Сәрсенбайдың «Жарық дүние» жыр кітабын оқи оты­рып, маған осы Орекең жеке тақырыптағы өлеңнен гөрі поэма, толғау жазуға келгенде бауыры мен құлашын жаза түсетіндей, рухтанып, шабыты шарықтай түсетіндей көрінеді де тұрады. Дегенмен, поэзия әлеміне шу дегеннен шамырқанған шабытының шаңын бұрқыратып, ақындық арынымен атойлатып енген Орекең прозаға біржола бет бұрып, қазақ әдебиетінің қабырғалы қаламгеріне айналғанынан бастап, өлеңмен мүлдем ат құйрығын кесіскендей сыңай танытып, әңгіме, повесть, романдары қабатында әдеби сын мақалаларын тоғытуға көшкен.. Десек те, «Жарық дүниесін» ашып қарасаңыз, көңілдің күйі келген сәттерде өлеңнің ауылынан да қара үзіп кетпей, қара сөздің қарбаласында жүріп те ара-тұра ат ізін салып тұрғанының куәсі боласыз.
Ал егер де ағымыздан жарылып айтар болсақ, бұл өлеңдерінде негізінен бұрынғы поэтикалық буырқаныстан гөрі прозаның табиғатына тән салқынқандылық басым түсіп жататыны байқалады. Кітаптың бұл беташар тарауына оқырман алдын орап, «Өзім үшін жазылған өлеңдер» деп айдар тағуы да Орекеңнің өзіне-өзі сын көзімен қарап, мұндағы жырларына альбомдық дүниелер тұрғысынан баға бергенін аңғартса керек. Есесіне оның романдарынан поэзияның буы бұрқырап, шығарманың шырайын аша түсіп тұратынын да айтқанымыз дұрыс болар. Мысалы, «Шамшырақ» романының ең соңын шамшырақ туралы аңызбен түйіндеуі соның айғағы дер едік.
Сөйте тұра Орекеңнің жеке өлеңдерінің өзінде де жүрек тербер лирикалық толғаныстар мен өрнекті образдар аз емес. Айталық, «Түн» атты өлеңіне зер салып көріңізші:
«Бұл неткен ғажайып түн еді...
Түнеріп бір ауық күледі.
Дүниені құшақтап жататын
Құс жолы – сұлудың білегі.
Жұлдыздар түссе ағып сорғалап,
Ғашықтың көз жасы, білемін,
Туған жер самалы жып-жылы –
Мойныңа ораған жібегі.
Ай астын жайлаған қызыл бұлт –
Лүпілдеп соғатын жүрегі.
Бұл неткен ғажайып түн еді.
Көңілдің көлеңке пердесін
Желпиді, ақырын түреді...»
Тұнып тұрған әдемі лирика емес пе?! Табиғаттың таңғажайып суреті мен таптырмас тамаша теңеулер жаныңды рахатқа бөлеп, рухани ләззат аласың. Сол сияқты «Боран» өлеңіндегі:
«Кеше ғана жауып еді қар аппақ,
Бүгін міне, бүріседі тоңып қыр.
Бүгін, міне, екі етегі далақтап,
Боран ұйтқып, боран ұйтқып соғып тұр.
...Мезгілді де білу қиын болжамдап,
Аспан асты толып кеткен үскірік.
Жол-жөнекей шөп-шаламды олжалап,
Барады, әне, қолтығына қыстырып»...- деген жолдарды оқыған сәттен-ақ тұлабойыңыз қалтырап қоя беретіндей күй кешіп, дүлей дауылдың айналаңның астаң-кестеңін шығарып, ұйтқи соққан суреті көз алдыңызға елестеп, ақ түтек боранда адасып жүргендей сезінесіз өзіңізді.
Немесе «Кімге айтам?» атты өлеңіне назар салсаңыз:
«Аңсап бір жақсы күнімді,
Сағынсам сені, жан қалқам:
Кеудеде ыстық мұңымды
Арайлап атқан таңға айтам.
Күрсініп, тынып демалған
Самал да салқын желге айтам,
Жатсынбасаң, кең арна,
Шымырлап аққан көлге айттам.
Аузын ашып таңданып,
Қарай берген гүлге айтам.
Аспаны жатқан шаңданып
Тілсіз, тылсым түнге айтам.
Соның бірі ұқпаса,
Өзіңе айтпай, кімге айтам?» - деп махаббат тақырыбына келгенде де көсіліп салып, көңіл түкпіріндегі жүрек сырын терең тебіреніс, шынайы сезіммен кестелейді.
Әрине, Орекеңнің прозасы мен басқа да жанрларда жазған шығармалары туралы өзінің көзі тірісінде де, өмірден өткеннен кейін де аға буын жазушылар, замандас әріптестері мен кейінгі толқын інілері құнды-құнды пікірлерін айтып, үкімет тарапынан да жоғары бағаланып, мемлекеттік марапаттарға ие болғандығын да оқырман қауым жақсы біледі. Айталық, Орекең туралы қазанама жариялаған басылымда өзінің қаламдас достары Әбіш Кекілбаев: «...Соғыс тұсындағы Сыр бойының шындығын өз басым алғаш Оразбектен таныдым. Құдайға шүкір, қаулап өсіп жатқан әдебиет орманында өз бағыт, өз бағдарын түзеп, қазақ руханиятында бүгін бар, ертең жоғалып кетпейтіндей баянды жол сала алған азғантай әдебиет сүлейлерінің бірі Оразбек екені даусыз» – десе, Әнес Сарай: «Ол өмір бойы әдебиетке адалдығынан, әдебиеттің қамынан ауытқымай, ұлт руханиятын дүниежүзілік деңгейге шығаруға барынша атсалысқан адам. Қазақ әдебиетіне әкелген оның дүниелерінің көбі өлмейтініне мен кепілдік бере аламын. Оразбек Сәрсенбай шын мәнінде халқымыздың қажетіне жарайтын туындылар жасады», - деп ағынан жарылған. Осы орайда ақын інісі Жүрсін Ерманның Орекеңнің: «Рисалаларының әрқайсысы бір-бір философиялық трактат тәрізді, ойдың терең тұңғиығына батыратын», – деген пікірін де көрегендікпен айтылған әділ баға деп білемін.
Сондықтан оның прозалық туындылары туралы талдап айтып, оқырман қауымға онсыз да кеңінен таныс әдеби сын, көркем публицистика, тарих, мәдениет, философия саласындағы жарияланымдары, қазақ тіліне аудару ісіне өзі тікелей атсалысқан «Құран Кәрім», «Мұхаммед пайғамбарымыздың хадистері», «Шайтаннан сақтану жолдары», «Сыйқырдан сақтану және емделу жолдары», «Адал мен арам», «Мұсылмандық әдеп сабағы» кітаптары немесе украин, орыс, эстон, якут, мары, тува, венгер, қытай, корей, ағылшын, өзбек, қырғыз, татар тілдеріне аударылған шығармалары туралы да сыр толғап, сәуегейлік жасап жатуды артық санадым.
Мәселен, әлем мойындаған Расул Гамзатовтың «Менің Дағыстаным» еңбегімен деңгейлес «Адамның құны қанша?» рисалалар кітабы немесе бүгінгі өмірдің шындығын шырқыратып жазған «Шеңбер» романы туралы да қалай келістіріп жазсаңыз да жарасары хақ. Дегенмен, әзірге мұны, халық жадынан өшпейтін екінші өмірі басталып, әдебиетіміздің алтын қорынан лайықты орнын алған Оразбек Сәрсенбайдың шығармалары туралы әділ төрелігін айтып, талдап-таразылауды болашақ зерттеушілері мен кәсіби мамандардың еншісіне қалдырғанымыз дұрыс болар деп түйдім. Ал менің: оның шынайы өмірдің жаршысына айналған шығармалары әрқашан шындықтың шамшырағындай жарқырап, әлі талай ұрпақты әділдік пен адалдыққа, ізгілік пен имандылыққа тәрбиелеп, жарқын болашаққа бағыт-бағдар беретініне сенімім кәміл.

Мұрат КҮЛІМБЕТ.

04 қыркүйек 2018 ж. 1 086 0

Қоғам

ШАРАПАТЫ МОЛ ШАРА
04 мамыр 2024 ж. 65

PDF нұсқалар мұрағаты

№34 (9198)

30 сәуір 2024 ж.

№33 (9197)

27 сәуір 2024 ж.

№32 (9196)

23 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031